Алыстаған сайын биіктейтін адамдар бар. Ел тәуелсіздігінің қалыптасуы кезеңінде көсемдік, кемеңгерлік болмысын танытқан ұлт перзентінің бірі – жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы. Қаламгерлік пен қайраткерлік, мемлекетшілдік пен отаншылдық қасиетімен биіктеген таудай тұлғаның есімі ұлт тарихына да, ел-жұрт жадына да ұмытылмастай сақталған.
Ел, ұлт тарихы жөнінде ақтарыла сөйлегендегі шешендігі мен суреткерлік шеберлігі біте қабысып, қазақ руханиятына мол мұра қалдырған қаламгердің есімі Атырау қаласындағы №41 мектеп-гимназияға берілді. Осыған орай мұнайлы шаһардың «Самал» шағын ауданында орналасқан мектепте арнайы іс-шара өтті. Оған ұстаздар мен оқушылар, қала әкімдігінің, білім мен мәдениет саласының қызметкерлері, тіл жанашырлары мен ата-аналар қатысты. Қазір білім ордасында 800-ден аса оқушы білім алады. Алдағы оқу жылында мұнда «Әбіштану оқулары» бағытымен қосымша сабақ жүргізу жоспарланып отыр.
– Әбіш Кекілбайұлы – қазақтың рухын көтерген, мақтанышы болған қаламгер. Қаламгерлікпен шектелмей, саяси істе де кең жүрегімен, дарқан мінезімен сөздің қадірін, қасиетін танытты. Саяси қайраткер ретінде ел тәуелсіздігін нығайтудың, мемлекеттілікті қалыптастырудың, халықты бірлікке ұйыту мен ұлтқа адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Білім ордасының оқушылары ұлт зиялысының адами қасиетін бойына сіңіріп, қоғамның белсенді азаматы боларына сенемін, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Атырау облысы