Төрткүл әлем түгел атап өтіп жатқан Отбасы күні мерекесі кеншілер мекенінде де атаусыз қалмады. Бұл күні Қарағандыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ресми түрде ашылып, оның аудандық және қалалық кезеңдеріне қатысуға өтініш қабылдау басталды.
Жыл сайын 15 мамырда БҰҰ Бас Ассамблеясы 1993 жылы бекіткен Халықаралық отбасы күні мерекеленеді. Осылайша, біздің мемлекет те елдің тұрақтылығы мен әл-ауқатының кепілі – отбасы институтына зор қолдау көрсетеді.Бұл орайда ел Президенті «Мықты және бақытты отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі. Мемлекет отбасы институтын қолдап, кешенді отбасылық саясат жүргізетін болады» деген еді.
Ел арасында ерекше ықыласты иеленген «Мерейлі отбасы» он жылдан бері отбасының қоғамдағы орнын айғақтап келеді. Дәстүрге айналған ұлттық байқауда аудан-қалалардағы өнегелі отбасылар өз шаңырақтарының шаттығын көпшілікке паш етпек.
Сән-салтанаты келіскен аталған шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
«Отан – отбасынан басталады». Сол себепті бұл – ерекше мереке. Себебі барлығының бастауында отбасы тұр. Адамның жақсы адам болуы – отбасынан. Барша жақсылықтың қайнар көзі – отбасы. Отбасы арқылы дүниені танимыз. Осыдан отыз жыл бұрын Халықаралық отбасы күні жарияланғаны белгілі. Біз жыл сайын осы мерекеде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ашамыз, деді Ербол Шымкентбайұлы.
«Отбасындағы басты құндылық – тәрбие. Негізгі қайнар көзі – ұлттық тәрбие. Соның арқасында бүгінгідей күнге жеттік», дейді отасқандарына 50 жыл толған Ахметовтер отбасы. Отағасы Нұрабай Ахметов – құрылысшы, отанасы Бикен Ахметова – Қазақстанның Құрметті журналисі. Игі шарада ізгі тілектерін білдірген алтын той иелері бүгінде 3 бала тәрбиелеп, 5 немере сүйіп отыр.
Халықаралық отбасы күнінде кеше ғана шаңырақ көтерген жас жұбайларға, алтын той иелеріне, 8 бала тәрбиелеп отырған (оның 6-уы патронатты тәрбиедегі балалар) отбасыларына құрмет көрсетілді. Әрқайсысына 100 мың теңге көлеміндегі сыйлықты түрлі қоғамдық ұйым табыс етті.
Үйленгендеріне небәрі бір апта ғана болған Нұршуақ Алпыс пен Әсел Өмірзақ екі жыл бұрын танысып, отау құруға сөз байласыпты. Нұршуақ – полиция инспекторы. Әсел – психолог. Жас жұбайлардың алға қойған мақсаттары айқын. Босағасы берік, шаңырағы биік ордалы отбасы атану. Ұлтқа пайдасы тиер ұрпақ өрбіту.
«Біздің үйленгенімізге бір апта ғана. Оған дейін танысып, білісіп, содан соң барып осындай жауапты шешім қабылдадық. Өйткені «Үйлену оңай, үй болу қиын» екені анық. Отбасылық ғұмыр – өмірдегі ең маңызды қадам. Сондықтан жар таңдауда адам шатаспауы тиіс», дейді Нұршуақ.
Ерлі-зайыпты Еркебұлан Катаев пен Айзат Қалымжанова – көпбалалы отбасы. Олар өздерінің екі сәбиімен қатар, патронатты тәрбиеге 6 баланы алған. Оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, 8 баланы мәпелеп келеді.
«Бізде сегіз бала бар. Үлкендері Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған спорт мектебінде оқиды. Екеуі спорт шеберлігіне кандидат. Кенжелеріміз мектепте. 2020 жылы патронаттық тәрбиеге алған балалардың анасы қайтыс болған. Әкесі жоқ. Балалардың бәрі бір отбасынан. Рас, басында жүрексіндік. Өз балаларымыз біздің шешімімізге түсіністік танытты. Шүкір, қазір бәрі тату», дейді Айзат Қалымжанова.
Қарағанды облысы