• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 18 Мамыр, 2023

Сүт мәселесін «сүттей ұйыта» аламыз ба?

338 рет
көрсетілді

Еліміздің экономикалық тұрақтылығын қалыптастыруда ішкі өндірісті ұлғайту – Үкіметтің басты назарындағы мәселенің бірі. Олай болса, біздегі азық-түлік қорының 90%-ын құрайтын тамақ өнеркәсібінің негізгі шикізат көзін ауылшаруашылық саласы қамтамасыз етіп отыр. Соңғы уақытта мал өсірген қазақ үшін негізгі тағамға айналған сүт өнімі төңірегіндегі әңгіме бүгінгі күн тәртібінен түсер емес.

Елімізде сүт және сүттен жасалған өнімдермен айналысатын 200-ге жуық өндіріс орны жыл сайын 5 млн тоннадан аса сүт өндіріп, өткен жылы 96%-ды құраған. Аталған өнім түрінің белгілі бір бөлігі сыртқы нарыққа шығарылса, ал ішкі нарықтағы сатылым бағасы ай сайын өзге­ріп отырады. Еліміздегі ин­вес­тицияның жылдан-жылға өсуі­не қарағанда, отандық тағам өнім­деріне айрықша көңіл бөлі­ніп, бәсекелестікті арттыру ке­рек секілді. Сонда шеттен ке­ле­­тін азық-түлік өнімдерімен сапа жағынан да, баға жағынан да иық тіресіп, тұтынушылар қажет­тілігін қанағаттандыратын өзімізде өндірілген өнімге сұра­ныс та көбейер еді. Бүгінгі күні көршілес Ресей, Беларусь және Қырғызстан елінің арзан бағадағы сүт өнімдері сауданың қай саласы болмасын нықтап орныққандай, оны жылжыту да оңайлыққа соқпайды-ау. Бұған бақылау қойылмаса, алдағы уа­қыт­та отандық сүт өндірісінің ақсайтын түрі бар.

Биылғы жылы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі фермерлерге субсидияны іске асыруда көлем фактісі бойынша тө­лем түрлері енгізілген норма белгіледі. Министрлік өкіл­де­рі сүт өндірушілерге сүт-та­уар фермаларын салуға инвес­ти­ция­лық салымдарды субсидиялау жөніндегі жұмысты жалғас­ты­­рып, жергілікті атқарушы ор­­ган­дарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұ­рақ­тандыру қорларын құру үшін бөлінген қаражаттың бір бөлігін айналым схемасы бойынша пай­далануға ұсынған болатын. Ар­тынша, сүт өнімін өндірушілер өз келіспеушіліктерін білдірді.

Экономист-сарапшы Ермұқан Мәдиев «біздің елімізде шаруа қожалықтарының 90 па­йы­зы – жекеменшік. Шикі сүт өн­­­ді­­ру көлемі жағынан жоғары бол­ғанымен, одан дайын өнім өндіру төмен болып тұр. Бүгінгі күні сүт өнімдерінің 55,5 па­йызы – Ресейден, 25 пайызы – Қырғызстаннан және 4,4 па­йызы Беларусь елінен тасымалданады. Ішкі нарықты импорт басып алып отырғанда отандық өнімге сұраныс қайдан артсын. Жекелеген отандық сүт өндіру­ші­лердің қолында сапалы техника аз, ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істейтін кластерлік ұйым да көңіл көншітпейді», дегені бар.

Қазақстан Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың құрамын­дағы сүт өндірісін қарқынды дамы­тып отырған елдердің қата­рында. «Сүт және сүт өнім­де­­рінің қа­уіп­сіз­дігі туралы» 033/2013 Кеден одағының техни­ка­лық рег­ла­ментіне сәй­кес жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылы Еуразиялық эконо­ми­ка­лық комиссиясының 2022 жылғы 23 мамырдағы № 84 шешімімен 98 бөлімді қамтитын мемлекетаралық стандартты әзір­­леу жөнінде бағдарлама қа­­был­данып, соның арасында біз­дің еліміз 19 мемлекетаралық стандарт әзірлеуді өз міндетіне алды. Оның ішінде алтауы негізгі өнімге арналған, екеуі Қырғыз елімен бірлесіп әзірленетін стан­дарт болса, он үш стандарт ба­қылау әдістеріне тиесілі. Атал­ған жобаның аяқталу кезеңі келер жылға жоспарланып отыр.

Сонымен таяуда Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қара­шөкеев Үкімет отырысында 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету жоспарындағы 31 іс-ша­раның 17-сі өнім өндіру көле­мін ұлғайту мен аграрлық ғылымды дамытуға және тауар­лар­ды сақтауға, 7-і азық-түлік тауарларының бағасын тұрақ­тандыруға, тағы 7-і азық-түлік та­уарларының қауіпсіздігі мен сапасына бағытталғанын, сол 31 іс-шараның 11-і өткен жылы орын­далып, қалған 20 іс-шара­ны жүзеге асыру 2023-2024 жыл­­дар­ға белгіленгендігін айтты. Жал­пы, былтырғы жылдың қо­ры­­­тындысы бойынша азық-тү­лік өнді­рісінің көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құраған.

«Бұл ретте азық-түліктің не­гіз­гі түрлеріне жататын өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, жарма, шұжық өнімдері мен қантты өндіру бойынша өсім бай­қа­ла­ды. Сонымен қатар өнді­рі­сі төмендеген бірқатар сүт өнім­­дерінің ішінде сары май, сүт, ірім­­шік, сүзбе және ашытылған сүт өнімдері екендігін, осы сүт өнімдерін өндіруге арналған шикізат базасын кеңейту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыруда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп, жоба іске асырылып отыр. Нәтижесінде, отандық сүт зауыттары сапалы ши­кізатпен қамтамасыз етіліп, сүтке деген импорттық тәуелділік айтарлықтай төмендеген. Биыл өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлу жоспарда бар. Алдағы уақытта қосымша 50 тауарлы-сүт фермасын салуға 113 млрд теңге көлемінде қаражат қажет етіледі», деген еді министр.

Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің соңғы мәліметіне қара­ған­да, сары майдың орташа ба­ға­с­ы 1 кг-ға 3 636 теңгені, пас­тер­ленген сүттің 2,5% – 1 литрі 370 теңгені, айран 2,5% – 406 теңгені, ірімшіктің 1 кг – 2012 теңгені құрады. Осы есептен сүт өнімдеріне деген бағаның өсімі былайша өрістеді. Жыл басынан бері сары май – 104,8%, пастерленген сүт – 108,9%, айран 2,5% – 110,2%, ірімшік – 103,8%-ға қымбаттаған. Сүт өнім­дерінің өзіндік құнына, яғни ба­ғаға өнімнің майлылығы мен сүт өңдеу әдісі (пастерлеу, ультрапас­терлеу немесе зарарсыз­дандыру) әсер еткен.

Еліміздегі сүт өңдейтін кәсіп­орындар 573 мың тонна өңдел­ген сүт, 230 мың тонна ашытылған сүт, 25 мың тонна сары май, 36,7 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 8 мың тонна құрғақ сүт және 41,3 мың тонна балмұздақ өндірген. Отандық өндіріс есебінен өңдел­ген сүт – 98%, ашытылған сүт – 89%, сары май – 86,4%, ірімшік пен сүзбе – 53% құрады. Ішкі тұты­нуда импорттың үлесі ірім­шік пен құрғақ сүтте жоғары бағаны көрсетіп, ірімшік – 51%, құрғақ сүт – 83,4% болды. Сүт өңдеу­ші кәсіпорындарға ауыл шаруа­шылығы өнімін терең­дете өңдеу үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау бағ­дарламасы шеңберінде мемле­кет­тік қолдау көрсетіліп отыр.

Мәселен, сары май, қатты ірімшік, құрғақ сүт өндірісі үшін сатып алынған әрбір сүттің литрі­не субсидия төленеді. Өткен жылы 118 кәсіпорын 9,8 млрд теңге сомасына субсидия алған. Атал­ған бағдарлама аясында өңір­лерге сары май өндірісі – 9,4 мың тоннасына 7 584,1 млн теңге, қатты ірімшік – 4,8 мың тоннасына 2 040,2 млн теңге және құрғақ сүт – 1,6 мың тон­на­ға 219,5 млн теңге сомада субсидия берілген. Биылғы жылы 11,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлу қарастырылуда.

Осы орайда, аталған министр­ліктің мамандары «тауар өндіру­ші­лердің қоймаларындағы өнді­ріл­ген өнім көлемі туралы деректерінің субсидия алуына ұсынылған есептілік деректеріне сәйкестігін электронды шот-фактуралар сияқты ашық және тиімді бақылау құралдарының жоқтығына байланысты тексеру қиын», дейді. Сондықтан субсидиялаудың жаңа ережелері жобасында сары май, құрғақ сүт және қатты ірімшіктің сатылған көлеміне субсидия төленетін норма енгізілді. Дайын өнімді өткізу кезінде субсидиялар төлеу мәселесі де субсидиялаудың ақпараттық жүйесінен алынған электрондық шот-фактурамен расталады. Бұған қоса, шикізат базасын дамытуда асыл тұқымды мал шаруашылығы мен сапалы өнімдерді арттыруға субсидия бөлінеді. Соңғы 7 жылда сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін субсидия көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге 22,5 млрд теңгеге дейін артқан (2016 жылы 12,1 млрд теңге).

Мемлекет тарапынан ауыл­шар­уашылық саласына жыл­дар бойы қолдау көрсетіліп келеді.Ал еліміздегі сүт өндіру­ші­лердің биылғы жылға бөлген субсидия тәртібіне көңілдері көн­ші­мей отыр.

Сонымен толыққанды шеші­мін таба алмай отырған сүт өні­мі­не байланысты жақында Пре­мьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сүт өндеуші кәсіпкерлер мен бірлестік өкілдері арасында өткі­зіл­ген кеңеске қатысып, қор­да­ланған мәселелерді бірлесе тал­қы­лады.

«Қазақстан сүт одағы» заң­ды тұлғалар бірлестігінің бас­шы­сы Владимир Кожевников «Ауыл шар­уашылығы министрлігі сүт өңдеу кәсіпорындары сүт өнді­рі­сінің маусымдылығына тәуелді екенін ескермеген. Тауар­лық сүт­тің қолда бар көлемі сүт за­уыт­­тарының жыл бойы жүк­тел­уін қамтамасыз етпейді. Өң­деу­ші­лерге маусым ішінде шикі­зат сатып алуға, елімізде сапалы да қолжетімді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге қаражаттың бол­ғаны маңызды. Шикі сүт са­тып алу және өнім шығару үшін өн­дірушілерге субсидия жаз мез­гі­лінде қажет. Орын алып отыр­ған сыртқы факторлар әсе­рі­­нен шикізат бағасы үнемі өсу үс­тінде. Мәселен, соңғы екі жылда сүттің шикізат құны 61%-ға, сары майдың шикізат құны 45,5%-ға өсті. Кәсіпкерлердің есеп­теуінше, 1 кило сары май өнді­ру үшін 22 литр шикі сүт қажет. Осыдан-ақ өнімнің тек шикізаттық өзіндік құны шамамен 4 мың теңгені құрайды. Бұл – кәсіпорындардың рентабельдігі мен басқа да шығындарын есепке алмағандағы көрсеткіш. Сүт өңдеушілер АШМ-нің қайта өңдеуді субсидиялауға енгіз­ген жаңа тәсілдері саланың жағ­да­йын айтарлықтай нашарлатып, бәсе­ке­ге қабілеттілігін төмен­де­теді, жазғы кезеңде шикізат сүтін сатып алу мүмкіндігінен айырып, өнімнің қымбаттауына алып ке­леді. Елімізде сүтті қайта өң­деуге және халықты сүт өнім­деріне деген сұранысын қанағат­тандыруға барлық қажетті қуат жетерлік, десек те зауыттарға шикізат өнімін жеткізу тапшы. Өйткені ши­кізат ресурс­та­­рымыз өңдеу мүм­кін­дігінен кенже қалып жатыр. Мұның бір­­­неше себебі бар, бірақ ең бас­тысы тауарлық сүттің жетіс­пеу­­шілігінен туындап отырған жайт. Қазіргі таңда өңдеуге жі­бе­рілетін сүттің 50 пайызы жеке қо­салқы шаруашы­лықтарда өнді­рі­ліп, олар Кеден одағының тех­ни­калық регламентінің талап­та­рына сай емес», деген еді. Ол сонымен қатар көршілес Ре­сей мен Беларусьте сүт саласына субсидия әлдеқайда көп бө­лініп, осы елдер тарапынан импорттың жоғары болуы да содан екендігін, бүгінгі күні құрғақ сүттің бағасы 33%-ға төмендеп, Беларусь майының құны 3 000 теңгені құрап отырғандығын, соңғы үш жылда сүт өнімдері өндірісінің өсу қарқыны байқа­лып, сары май өндірісі 31%-ға, ірімшік 25%-ға, ашытылған сүт өнімдері 12%-ға және сүт 3%-ға өсіп, өңдеушілердің басты уа­йымы шикізат жинауда екендігін айтқан болатын. Сүт өңдеу кәсіп­орын­дарының ұйым­дас­ты­рылған шаруашылықтардан сүтті орташа сатып алу бағасы литріне 200-260 теңгені құрап отырғандығын, компаниялардың өндірістік үде­рістері мен (шикізаттарды жет­кізу, қабылдау, тазалау және т.б) орау материалдарының шы­ғын­дарын, сату орындарымен материалдық-техникалық жағы­нан қамтамасыз етуде бөлшек сау­да орнындағы үстеме бағаны да ескеру керектігі тағы бар.

«Айс плюс» сүт ком­па­ния­сының басшысы Қуаныш Ища­нов «отандық кәсіп­орын­дар­да шикізат тапшылығы жетер­лік. Елімізде өндірілген 4 млн тоннаға жуық тауарлық сүт 2,2 млн тонна көлемінде шикі­затқа қайта өңдеушілердің қажет­ті­лі­гін толық көлемде қамта­ма­сыз етуге тиіс. Алайда бүгінгі таңда өңдеуге тек 1,7 млн тонна тауарлық сүт түседі. Сүт өнім­­дерін өндіру үшін отандық өн­ді­­­рушілерге қарағанда, Бела­русь пен Ресейден құрғақ сүт пен май сатып алу тиімдірек. Субсидиялау қағидаларының өзгеруі жазғы маусымда жер­гі­лікті тауар өндірушілерден то­лық сүтті сатып алудың азаюы­на және сары май өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Сәуір айында сатылымдағы өнімдер 50%-ға төмендеді. Қойма сүт өнімдеріне толы. Біз табиғи сүтті жоғары баға­ға сатып аламыз, ал да­йын импорттық өнімдер елімізге ар­зан бағамен келеді. Басқа өн­ді­ру­шілер де тапшылықпен қатар, шикізат құнының жоғары екенін айтуда. Биылғы жылдың ішінде шикі сүттің бағасы жыл мезгіліне қарамастан, ай сайын қымбаттады. Бүгінде сүт саласы бұрынғыдан да мемлекеттік қолдауды көбірек қажет етеді», деген ұсынысын білдірді. Атал­ған жайтқа байланысты «Мол­ком-Павлодар» ЖШС басшысы Виталий Михайлов егер қайта өңдеушілердің көтеріп отырған мәселесі еленбесе, онда компания әлеуметтік маңызы бар та­уар­­лардың ассортиментін қыс­қар­туға мәжбүр екендігін жет­кіз­ді.

«Туған алқап» ӘКК өкілі Талғат Сұлтанов «Сүт және сүт өнім­­­дерінің қауіпсіздігі туралы» Ке­ден одағының техни­ка­­лық регламенті бойынша жеке ша­руа­шылықтардан өңдеу­ге тү­сетін шикізат пен сүттің сал­мақтық үлесі сәйкес кел­мейді, оның сапасын жақ­сар­туда жұмыс тиісті түрде жүр­гі­зіл­­мейтіндігін мойындау керек. Шикізат сапасын арттыру жолдарының бірі ретінде аккре­диттелген дайындаушы ұйым­дар үшін ҚҚС субсидиялауды қалпына келтірілсе. Саладағы екі жүзге тарта кәсіпорынның жартысы пайдаланылатын шикі­зат­тың 70%-ын жеке қосалқы шаруашылықтардан сатып алады. Осылайша, өтпелі кезең­нің аяқталуымен сүт өңдеу кәсіп­орындары шикізат тапшы­лы­ғына тап болуы мүмкін», дейді.

Кәсіпкерлер қазіргі таңда елі­міз­де сүт өнімдерін ішкі тұтыну жылына 2,3 млн тонна, екі жүзге тарта өңдеуші кәсіпорын жыл сайын 1,8 млн тонна сүт өң­деп, жалпы өндірістің 46% құ­рай­ды. Кәсіпорындарға жылына шамамен 2,5 млн тонна сүт өң­деу тек 77%-ға мүмкіндік жүк­­телген. Нәтижесінде, отандық өнім есебінен сүт өнімдерімен қам­­­тамасыз ету 81,6 пайызға же­тіп, қалғаны импорт есебінен то­­лық­­тырылатын болады.

Сүт өңдеу кәсіпорындарына түрлі мемлекеттік қолдау іс-ша­ра­­ларын сақтай отырып, соңғы 4 жылда 35 млрд теңге субсидия берілген. Сүт зауыттарын салу мен жаңғыртуға жұмсалған шы­ғын­дардың бір бөлігін өтеуге инвестициялық субсидиялар, лизинг пен несие бойынша төменгі пайыздық мөлшерлемелер мен мал шаруашылығында шикізат базасын дамыту, асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыстарын жүргізу және мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру да субсидиялануда.

Осы ретте сауда саласындағы түрлі кедергілерді жоюда бұдан бы­лай Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы мен Ден­сау­­лық сақтау министрліктерінен біріктірілген штаб құрылып, елімізге әкелінетін өнімнің сапасына Кеден одағы техникалық регла­ментінің міндетті талап­та­рына сәйкес бақылау жүр­гі­зілетіндігі және белгіленген та­­лапқа сай емес импорттық өнім­дерді шектеу жөнінде жедел іс-шара қабылдау қызметтері үй­лес­тірілетін болады.

Сонымен Сауда және интеграция министрі «шикізат тап­шы­лығына келсек, биыл «Үл­кен жоба» аясында 65 тауар­лы-сүт фермасының құрылысы басталады. Бұған қазірдің өзінде бюджеттен төмен пайызбен 100 млрд теңге бөлінген. Алдағы жылы еліміздің барлық өңіріне тауарлы-сүт фермаларының құ­рылысын жалғастыруды жос­парлап отырмыз, бұл рес­пуб­ликада қажетті көлемде ши­кі­зат өндіруді толық дерлік қамтамасыз етеді. Келіп түскен ұсыныс­тар­дың барлығы қарастырылып, жіті талқыланады», деп сөзін түйіндеді.