• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнім 18 Мамыр, 2023

Азық-түлік қауіпсіздігі: меже мен мүмкіндік

564 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының төр­ағалығымен өткен еліміздің әлеу­меттік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңей­тілген кеңесте азық-түлік қауіп­сіз­дігіне ерекше назар аударылды. Экономист ретінде осы мәселе төңірегінде тереңірек ой өрбіткенді жөн көрдім.

Ізденіс қиындықты жеңеді

Өкінішке қарай, еліміздің аграр­лық саласында жүйелі жұмыс жүргізіл­мегендіктен, кейінгі жылдары азық-түлік тауарлары толассыз қымбат­тап жатыр. 2022 жылы қант тапшы­лығы туындады. Биыл пияз бағасы шарық­тады. Барлық өңірде азық-түліктің қымбаттауы байқалды. 2021 жылы елімізде азық-түлік инфляциясы 8,5 пайызды құраса, былтыр 24 пайызға жетті. Өткен жылы азық-түлік бағасы орташа есеппен алғанда 25,3 пайызға өскен. Соның ішінде жемістер мен көкөністер бір жылда 21 пайызға қымбаттады. Сүт өнімдерінің бағасы бір жылда 31,3 пайызға өссе, 2021 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда ет және ет өнімдері 16,6 пайызға қымбаттаған. Макарон өнімдерінің жыл сайынғы бағасының өсуі 42 пайызды құрады.

Үкімет пен жергілікті әкімдіктер әкімшілік жолмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тежеумен айналысып жатыр. Тіпті сауда үстемесі 15 пайыздан аспайтындай тәртіп орнатып, жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауға алса да бұл тәсіл нарық жағдайында қауқар­сыз болып шықты. Ауыл шаруашылы­ғы министрлігі бағаны тұрақтандыру тетігі ретінде «форвард» ұғымын енгізуді көздейтін тетіктер үлгісін ұсынып жатыр. Бірақ түпкілікті түрде азық-түлік тауар­ларының бағасын реттеуге және оған халықтың қолжетімділігін жасай а­лар емес. Бұл проблеманы шешудің бір ға­на жолы бар. Ол – сұранысқа лайықты ұсы­ныстың болуы. Яғни тұтынушыларға са­п­алы, жеткілікті көлемде және бағасы қол­­же­тімді азық-түлік тауарларын өн­діру, өңдеу, сақтау, сауда нүктелеріне жеткізу.

Тоқсаныншы жылдардан бастап аграрлық саладағы жүргізілген реформаларда көптеген қателік жіберілді. Салдарынан ауыл шаруашылығы мен оның өңдеу саласына орасан зиян келді. Кейінгі жылдары аграрлық саланы ел экономикасының локомотиві ретінде дамыту туралы аз айтылған жоқ.

Талай бағдарлама әзірленіп, қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ өзгеріс шамалы. Ел экономикасында мұнай өндіру ішкі жалпы өнімнің 14,45 пайызын құрады. Ал аграрлық сала 1990 жылы ішкі жалпы өнімнің 34 пайызын құрағанын ескерсек, аграрлық экономиканың мүмкіндіктерінің мол екенін байқауға болады.

Елімізде бекітілген жылдық физиоло­гия­лық нормаларға сәйкес (2016 жылы) нан өнімдері нормасы – 109 кг, ет – 78,4 кг, сүт – 301 кг, жұмыртқа – 265 дана, балық – 14 кг, картоп –100 кг, көкөніс және бақша өнімдері – 149 кг, жеміс-жидек –132 кг, өсімдік майы – 12 кг, қант 33 кг болып бекітілген-ді. Ал Ұлттық статис­тика бюросының 2021 жылғы дерегіне сүйенсек, ел тұрғындары нан (+24,8 кг) мен қантты (+11 кг) нормадан көп пайдаланған. Бұл – кедейшіліктің белгісі. Ет пайдалану 3,9 кг-ға көп. Ал басқа көрсеткіштер физиологиялық нормадан төмен. Мысалы, сүт 57,8 кг-ға, картоп 53,6 кг-ға, көкөніс 68,4 кг-ға, жеміс-жидек 55,2 кг-ға, жұмыртқа 71,1 данаға кем. Статистикалық деректер шынайылықтың шамалы екенін ескерсек, ел бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің орындалмай жатқанын көруге болады.

 

Қаулыдан қауқар болмай тұр

Сансыз бағдарлама мен ұзақмерзімді тұжырымдамаларды қабылдай бергеннен нәтиже шықпай тұр. Бұл проблеманы шешуге арналған ең маңызды құжат – Үкіметтің осыдан бір жыл бұрын қабыл­данған азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етудің 2022-2024 жылдарға арнал­ған жоспарын бекіту туралы қаулысы.

«Азық-түлік тауарларының физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін дамыту» деген пунктте жоғары рентабельді (майлы, көкөніс, бақша, жемшөп) дақылдардың алқаптарын ұлғайтуды көздейтін өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізу, 2022-2024 жылдары аталған өнімдердің көлемін ұлғайту көзделген. Ал норманың жартысына да жетпейтін картоп (әр адам жылына 100 кг-ның орнына тек 46,3 кг пайдаланып отыр) жеміс-жидек (132 кг-ның орнына 76,8 кг пайдаланып отыр) Үкімет жоспарында жоқ. Бұл аталған азық түрлерінен елімізде азық-түлік қауіпсіздігі 2025 жылға дейін қорғалмайды деген сөз. Қалған 3 пункт су шаруашылығына арналған.

«Ауыл шаруашылығы жануарлары­ның мал басын көбейту және мал шаруа­шылығындағы өнімділікті арттыру» пунктінде мал басын көбейту мен оның өнімділігін үш жылда арттыру көзделген. Талдау көрсеткендей, қой мен ешкі саны 1990 жылдағы 35,6 млн бастан 1998 жылы 9,5 млн-ға дейін түскен. Бірақ 1999 жылдан бастап өскен қой мен ешкі 2021 жылдың соңында 20,8 млн-ға жетті. Ал Үкімет қаулысында 2022 жылы аталған түлікті 18,6 млн-ға жеткіземіз деп жазылған. 2024 жылғы меже – 20,1 млн бас. Яғни 2020 жылдың көрсеткіші. Экономикалық ғылыми жоспарлауда алға ұмтылыс жазылады, ал бес жылда артқа жылжуды мақсат етіп қою – миға қонбайтын дүние. Мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыру межесі ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемдік емес мардымсыз пайыздық көрсеткіштермен межеленген. Елімізде әр тұрғын 301 кг физиологиялық норманың орнына тек 243,2 кг сүт пайдаланады, яғни 57,8 кг немесе 23,7 пайызы жетпейді. Үкімет қаулысында сүт өнімін үш жылда арттыру 3,3-4 пайыз аралығында межеленген. Бұл аталған өнім түрлерінен де азық-түлік қауіпсіздігі 7-8 жыл аралығында шешілмейді деген сөз. Ірі қара басын үш жылда көбейту межесі сол баяғы 1993 жыл көрсеткішіне келіп тұр. Тағамдық жұмыртқа өндіруді 2022-2024 жылдары 1,1-1,5 пайызға өсіру жоспарланған. Физиологиялық нормаға сәйкес әр тұрғын 265 жұмыртқаның орнына 193 дана пайдаланады. Яғни әр адам жылына 71 жұмыртқадан аз жейді. Бұл Үкіметтің құс шаруашылығын дамытуға құлықты емес екенін көрсетеді.

Қаулыда «нарықты отандық азық-түлік тауарларымен 80 пайыз деңгейін­де молықтыру» көзделген. Сонымен бірге «ішкі нарықта негізгі азық-түлік тауарларының импортын алмастыру жөніндегі шараларды 2024 жылға қарай 100 пайыз іске асыру» тапсырылған. Ал оған кіретіні – алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант, құс еті. Аталған өнімдерден басқа көптеген тағам сырттан әкелінеді. Оның ішінде ет те бар. Сондықтан импорт алмастыру жұмысы үстірт қаралған деген тұжырым жасауға болады. Осы пунктте «қант бо­йынша 80 пайыз іске асыру» жазылған. Сонда орындаушылардың заңды сұрағы туады, 2022 жылы іске асыру межесі 100 пайыз ба, әлде 80 пайыз ба?

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған негізгі капиталға инвестициялар тарту үшін 2022 жылы – 80 жоба, биыл – 85 жоба, 2024 жылы 65 жоба қарастырылған. Бұлар жылдық немесе көпжылдық екендігі, жергілікті немесе рес­публиканы қамтитындығы айтылмаған. Бұл инвестициялық жобалардың қоры­тын­дысымен азық-түлік қауіпсіздігінде қандай проблема шешілетіндігі белгісіз. Бұдан бөлек картоп, көкөніс, жемістерді сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды атқару қоймалардың қуаттылығын 2022 жылы 98,3 мың тоннаға, биыл 104,5 тоннаға, 2024 жылы 19,6 мың тоннаға ұлғайту көзделген. Үш жылда қойма қуаттылығы 222 мың тоннаға ұлғаяды екен. Ол енді қанша өнімді сақтауға жарайды деген сұраққа жауап беру үшін картопты мысалға алайық. Физиологиялық норма 100 кг болғандықтан, 19 млн халыққа қажетті өнім көлемі 1,9 млн тонна болады екен. Сонда үш жыл бойы көтерген өнім сақтау қуаттылығы тек картоптың 11,6 пайызын сақтауға жетеді. Ал бұған көкөніс пен жемістерді қоссақ, өнімнің далада шіру үрдісі жалғаса бермек.

Азық-түлік өндіру ісінде ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерін кепіл­дікпен арзандатылған жанар-жағармаймен 100 пайыз қамтамасыз ету тек 2022 жылдың ақпан-қазан айларына жоспарланыпты. Ал қалған екі жылда не болары белгісіз. Жанар-жағармайдың болжамды қымбаттауына байланысты бұл көмектің түрі басқаша болатыны да айтылмаған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты көрсеткіш – азық-түлік тауарларының экономикалық қолжетім­ділігі. Яғни дүкен сөресіндегі азықтың арзан болуы. Үкімет бұл жерде өндірілген азықтың дүкен сөрелеріне барғанға дейін 1,5-2 ай бұрын болжап қоюды ойластырыпты. Сондықтан сәуір айында отырған тұтынушылар шілде айына қарсы азық-түлік тауарларының қандай бағамен сатып алатынын біледі екен. Мұның алгоритмін өткен жылдың қараша айында Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар министрліктері дайындауға тиіс болатын. Бірақ алты айдың жүзі болды, Үкіметтің екі ай бұрын бағаның қандай болатынын халыққа хабарлап жатқанын естімеппіз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатуда базарға төленетін жалдау ақысын 15 пайызға түсіру, оларды сатып алу үшін арнайы купондар немесе төлем карталарын шығару арқылы атаулы қолдауды енгізу сияқты әкімшілік шаралардың тиімділігі нашар екені белгілі.

Тағы бір мән беретін мәселе – Үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартудың жаңа нысандары, сондай-ақ жаңа суармалы жерлерді игеру арқылы кемінде 25 мың шаруашылық құру жолымен ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайту. Үш жылға жоспарланған бұл жұмыстың түсініксіз жерлері бар. Яғни шаруашылық дегеніміз не? Ірі, шағын шаруа қожалықтары ма, әлде жауапкершілігі шектеулі серіктестік пе? Үй шаруашылығы да шаруашылық деп аталатынын ескерсек, қанша адамның жұмыспен қамтылуы маңызды. Ауыл шаруашылығында өндірісті ұйымдастыру проблемасы өзекті болып тұр.

Қысқасы, азық-түлік қауіпсіздігі туралы қабылданған Үкіметтің арнайы қаулысы аталған проблеманы толық шеше алмайтынын байқауға болады.

 

Алақан жаймай, өнім өндірсе...

Ауыл шаруашылығының технологиясы, әр саланы дамыту туралы бағдарламалар, жобалар көп. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, аграрлық экономиканы реттеу мен басқару, өндірісті ұйымдастыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесі маңызды болып тұр. Алайда Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, экономикалық ғылыми-зерттеу институттары, елдегі үш ұлттық университеттің экономист ғалымдары дайындаған ұсыныстардың Үкімет деңгейінде мақұлданып жатқаны жоқтың қасы.

Ел халқының жартысына жуығын ауыл тұрғындары құрайды. Олар шы­ғара­тын тағам өнімдерін бүкіл ел пайдаланады. Сондықтан ауыл экономика­сын өркен­детуді тек Ауыл шаруашы­лы­ғы министр­лігіне артып қою қателік. Оған өзге ми­нистрліктер мен ведомстволар ара­ла­суы керек. Ең бастысы, Үкімет ауыл экономикасын мемлекеттік реттеу мәселесіне үлкен мән беруге тиіс. Аграрлық реформаға қатысы бар барлық министрлік пен ведомствоның қызметтерін үйлестіру маңызды деген пікір де ертеректе айтылды. Жаңа аграрлық саясат керек деген ұсынысты Үкіметке айтқалы 14 жыл болыпты. Ме­нің ұсыныстарымның негізі – аграрлық экономиканы реттеу мен басқару, яғни мемлекеттік менеджментті, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруға ден қою.

Жаңа аграрлық саясатта қазіргідей әр саланы кезек-кезегімен көтеру емес, барлық агроөнеркәсіптік кешенді түгел іске қосу маңызды. Бізде қалай? Бірде жайы­лым­дық мал шаруашылығын өркен­дету ұраны көтерілді, одан кейін қойма салу қолға алынып жатты. Соңында ұран көтерілген салаға көбірек көңіл бөлінеді де, басқа салалар бақылаусыз қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығының барлық саласын бірдей дамытуға ден қою қажет.

Осыдан үш жыл бұрын Қызылорда облысының Жалағаш ауданы өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысын менің ұсынысыммен бастаған болатын. Ол кейін облыс деңгейіне көтерілді. Бірақ орталықтан қолдау таппады. Бұл проб­лемаға жаппай барлық аудан кіріскен жоқ. ­Өйткені оны түсінген адам болмады. Сондықтан бұл бастама нәтижелі болмады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қарашасында «Ауылдық аумақтарды дамыту» тұжы­рым­дамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды. Жақында Үкімет Ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының 90 пайызы тұратын 3,5 мың елді мекенде кешенді жаңғырту жұмыстары басталып жатыр. Әрине, мемлекеттің елді мекендерге қолдау көрсетуі, әлеуметтік, инфрақұрылымдық жұмыс­тар мен халықтың әл-ауқатын жақ­сар­туы маңызды. Бірақ бұл жұмыспен қатар ауыл экономикасының әлеуетін, өндіріс мүмкіндіктерін бірге көтерген абзал. Ауыл еңбеккерлері «алақан жаятын емес, өнім өндіретіндер» қатарында болуы керек.

 

Ішкі экспорт іркілмеуге тиіс

Агроөндірістік кешенді жаңа тұрғыда дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керек?

Бірінші қадамды шұғыл түрде жаңа аграрлық саясат жариялаудан бастаған дұрыс. Оның қажеттілігі Конс­ти­туцияның 66-бабында «Үкімет мемле­кеттiң әлеу­меттiк-экономикалық саясаты­ның, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiз­дiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыратыны» айтылған. Яғни алдымен әр салада мем­лекеттік саясат әзірленеді. Содан кейін олардың басым бағыттары белгілене оты­рып жүзеге асырылады. Ал аграрлық са­ла­дағы саясат – кеңес дәуірінен келе жатқан экспорттық бағыт, яғни өнімді сыртқа шығару, соны дәріптеу.

Бұл жерде елдің азық-түлік қауіпсіз­дігін сақтауға басымдық берілуге тиіс. Алдымен өз халқымызды арзан және сапалы тағаммен қамтамасыз ету маңызды. Содан кейін облыс пен аудандар арасында бір-бірімен артылып қалған өніммен алмасу қажет.

Екінші қадамды аймақтар мен қалалар­дағы азық-түлікке қажеттілікті анықтау­дан бастау керек. Оның негіздемесін «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен келісе отырып қабылдаған 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №503 бұйрығынан алған ләзім. Бұл құжатта 67 тағам түрінің нормасы көрсетілген. Ол тағам түрлері тағы басқа құрамдас түрлерге бөлінеді. Көрсетілген нормадағы тағамдардың негізінде барлық аудан мен облыста «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен тұтыну балансын» жасауды шұғыл қолға алу қажет.

Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігі дең­гейін әр ауыл, аудан, облыс және Ауыл шаруашылығы министрлігі біліп оты­ру­ға тиіс. Оны есептеу қарапайым ариф­ме­тика: азық-түліктің барлық түрін бекі­тіл­ген норма бойынша ауданның халық санына көбейтесіз де, әр тағам түрі­нен өз территорияңызда өндірілетін өнім көлемімен салыстырасыз. Заңға сәйкес оның көлемі кем дегенде 80 па­йыз болуға тиіс. 80 пайыздық меже – әр мемлекеттің өздері өндіретін азық-түлікпен халықты қамтамасыз етеміз дегеннен туған мақсат. Бұл меже ТМД мемлекеттерінің парламентаралық сессиясында сонау тоқ­саныншы жылдары қабылданған. Агро­өнер­кәсіптік кешенді және ауылдық аумақ­тарды дамытуды мемлекеттік реттеу ту­ралы Қазақстанның 2005 жылғы

8 шіл­­­де­дегі №66 заңының 5-бабында «Егер рес­­­пуб­ликадағы азық-түлік тауар­­лары­ның жылдық өндірісі физиологиялық тұ­тыну нормаларына сәйкес халықтың жыл­дық қажеттілігінің 80 пайызынан төмен болса, онда Қазақстан Республикасы­ның азық-түлік тауарларының түрлері бо­йынша тәуелсіздігі қамтамасыз етілмеген деп есептеледі» деп жазылған. Сондықтан бұл – заңда шегеленген талап. Бірақ осы көрсеткішті орындау кезінде көз алдау мен әсірелеу көп екені шындық және өлшем қателігінен көп тағам түрін пайдалануда өтірік ақпар бар екені де рас.

2005 жылы азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етудің өлшемдері мен басым бағыттары негізінде әртүрлі әлеуметтік топ үшін азық-түліктің төменгі мөлшері айқындалған еді. Әр адамға ет өнімдері 33,2 кг, сүт 75 кг, нан өнімдері 108 кг деп белгіленген еді. Бірақ физиологиялық норма бекітілмеді. Әр облыста азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда есептелетін нор­мада бірізділік болмады. Сондықтан төменгі мөлшерді басшылыққа алған жергілікті атқарушы органдар азық-түлік қауіпсіздігін орындауда шынайы ақпарат бере алмады. Өнім аз өндірілген соң оның бағасы жыл сайын өсе берді. Сөйтіп, өзін өзі алдау он жылға ұласқан еді. Ал 2016 жылдан бастап талап деңгейі айқындалды.

Үшінші қадамды халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысын аудан және қала әкімдеріне жүктеуді мін­деттеуден бастауға болады. Өйткені аудан көлемінде не егуге немесе қандай мал­ды өсіруге болатынын олар жақсы біле­ді, еңбек ресурстары да белгілі. Бұл жағдайда Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен басқа орталық мекемелер олар­ға нормативтік, әдістемелік және қаржы­ландыру жұмыстарымен көмектесуге тиіс.

Ал төртінші қадамда жоғарыда көрсе­тілген екінші қадамға сәйкес әр аудан өз қажеттіліктерін айқындап алғаннан кейін қай жерге не егуге болады, қандай мал басын асырауға болады дегенді айқындап алуы керек. Бұл мәселені шешуге аграрлық сала ғалымдарын, университеттерді жұмылдыру маңызды. Егін егуге, мал өсіру­ге байланысты ұсыныс-пікірлер ғылыми тұжырымдармен негізделіп, министрлікте бекітілгені абзал.

Субсидияның мүмкіндігін әртарап­тандыру керек. Меніңше, ең тиімді форма – форвардтық келісімшарт түрінде қар­жыландыруды шешу. Ал субсидия мемлекет қажеттілігі аясына кіретін азық-түлікті өндіруге, тұқым шаруашылығы мен мал басын асылдандыруға, фитосанитария­ға, медициналық ветеринария саласына берілуге тиіс. Ауыл еңбеккерлерінің өндір­ген тауарларын сату проблемасын шешуден бастасақ, ұтылмаймыз. Қолданыс­қа өнім паспортын енгізу керек, онда шаруа қожалықтары, серіктестіктер, жеке шаруалар өндіретін өнім туралы ақпа­рат жинақталуға тиіс және дайын тауарлар интернет-сауда қағидаттарына сай тұтыну­шыларға сатылса да ұтымды.

 

Кооперациялық шаруашылық құру қажет

Жергілікті өнімнің бағасы қала тұты­ну­шыларына жеткенге дейін бірнеше рет өсе­тіні белгілі. Делдалдармен қанша күрес­­кенмен оны ешкім жеңе алған жоқ. Нарық кезінде олар да керек. Бірақ тұ­тыну­шылардың қалтасын әсіре қағуға Үкі­мет жол бермеуге тиіс. Сондықтан ин­тер­нет-сауда, тамақ таситын курьерлер тәжі­рибесін пайдаланып, ауылдан таза сүт өнімдерін, қымыз, шұбат, ет әкелуді де жолға қоюға болады. Ауыл өнімі – нағыз қауіпсіз, бағасы төмен, сапасы жақсы әрі экологиялық таза, табиғи өнім. Бұл ретте өнімді сақтауға басымдық берген жөн. Бюджет есебінен жұмыс істейтін әртүрлі тұрақтандыру қорлары – қымбат жоба, ондағы сақталған өнімнің сапасы да нашар болып келеді және оның нарық бағасына әсері шамалы. Сондықтан азық-түлік тауарын өндірушілермен белгілі мерзімге дейін өнім сақтауға келісімшарт жасау арқылы бұл проблеманы шешуге болады. Шағын логистика жүйесін қалыптастырып, оған субсидия бөліп тұрған тиімді.

Мемлекет шеңберіндегі азық-түлік мо­ни­­торингіне сәйкес халық тұтынатын тағам­дардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін экспортты шектеп, баж салығын көтеру тетіктерін ұтымды пайдалану керек.

Бірде іс бастап, бірде тоқтап жүрген май­да шаруашылықтарды ірілендіру үдерісі маңызды. Яғни оларды ұжымдас­тыруға басымдық берген жөн. Өткен жыл­дары барлық жерде өндірістік коо­перативтер құру науқаны министр А.Мыр­захметов кезінде жақсы басталған еді. Ірі шаруашылықтар кооперация және инте­грациялық жұмыстар жүргізуге тиімді болатын. Дегенмен оны әкімшілік жолмен емес, экономикалық жолмен құру керек еді. Өкінішке қарай, министр жұмысынан кетісімен, бастама тоқтап қалған болатын.

Ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімін арттыру үшін іріленген шаруа­шы­лықтардың болуы маңызды. Жеке­шелендіру үдерісінің өткеніне отыз жыл болды. Енді тұрғындардың мүлкін біріктіріп, кооператив сияқты өндіріс құрылымын жасақтау мүмкін емес, бірақ кооперациялау маңызды. Яғни кооперациялық шаруашылықтар құру қажет. Кем дегенде әр ауылдық округ шеңберінде бір-бірден кооперациялық шаруашылықтардың құрылуына қол жеткізу керек. Қазір кооперативтер мен коо­перациялық шаруашылықтың айыр­машылығын көпшілік біле бер­мейді. Сондықтан кооперациялық шаруашы­лықтарды агрофирмалар деп атап, оларды заң шеңберінде нақтылаған абзал.

Бұл жұмысты атқаруға жаңа Парла­мент­тегі депутаттар мен Үкімет мүдделілік таны­туға тиіс. Мұның тиімді жағы – қо­сымша жұмыс орындары ашылады, әлеу­меттік көмек беру жұмыстары жүр­гізі­леді. Жаңа шаруашылық түрін іске асы­руға ғалымдар тартылса, нарық жағ­дайында өндірісті қалай ұйымдастыру керек­тігі айқындалады. Қаперге ала жү­ре­тін тағы бір фактор, қазіргі уақытта қой­шы, малшы, сауыншылар қалтарыста қалды. Сондықтан олардың қызметіне жаңа сипат беріп, жаңа технология, интернет мүмкіндігін пайдаланып, еңбекті жаңаша ұйымдастыру қажет. Бұл жерде вахталық жұмыс және қажетті техникамен жабдықталған жастар бригадаларын құру маңызды. Қазір жоғары білімді жұмыссыз жүргендер көп. Сондықтан диплом аттестаттаудан өткізіліп, сапасыз біліммен диплом алғандарға кәсіптік біліктілік беру арқылы ауыл экономикасына тартқан жөн.

Ауыл экономикасын реттеу, дұрыс жос­пар­лау, мемлекет қаржысын тиімді пайдала­ну жолында жергілікті жердегі ресурстар мен шығарылған өнімнің шынайылығы ма­ңыз­­ды. Бұл жерде статистиканың рө­лі жоғары. Бірақ ауылдық жерлерде ірі ша­руа­шылықтардың аздығына бай­ланыс­ты үй шаруашылығының статистика­сы ірік­теп алынған сұрау салу, өнім­де­рін қашық­тан есептеу түрінде өткізе­ді. Көр­сет­кіш қуған әкімдердің өсім көрсет­кіш­­тері мар­дымсыз, дүкен сөрелері мен өн­­діріс жағдайлары алшақ болып жатады. Сон­­дық­тан статистикалық қызметті Үкі­­мет құ­зы­ры­нан шығарып, Президент жа­­нын­дағы мекеме ретінде қайта құру ма­ңызды.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор