• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Мамыр, 2023

«Шашты ісіктен» құтқарды

410 рет
көрсетілді

Астанадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруха­насының дәрігерлері Рапунцель синдромына шалдыққан атыраулық балаға МӘМС жүйесі аясында операция жасап, асқазанынан «шашты ісікті» алып тастады.

Рапунцель ертегісінің ұзын шаш­ты кейіпкерінің есімімен аталған «шаш жұту» синдромы – өте сирек кездесетін сыр­­қат. Бұл ісік асқазан-ішек жолын­да қоры­тылмайтын, сіңіріл­мей­тін шаш­тың үлкен кө­лем­де жиналуынан пай­да болып, ішкі ағзалардың кідіріс­сіз жұ­мысына кедергісін келтіреді. Әлеу­мет­тік медициналық сақ­тан­дыру қоры­ның Астана қала­сы бойынша филиалы берген мәліметке сүйенсек, осынау дертке душар болған 15 жас­­тағы бала Атырау облысынан шипа іздеп келіпті.

«Бұл ауру өте сирек кездеседі. Асқазанда жиналған шаштың көп мөлшері трихобезоардың немесе «шашты ісіктің» пайда болуына әкеліп соғады, сосын асқазанды бірте-бірте жауып, бітеп тастайды. Мұндай ісік «ұзын құйрықты» асқазанның пішініне келеді, аш ішекке дейін жетеді. Ғылыми мәлі­меттер бойынша, Рапунцель синдромы бар науқастардың 70 пайызы – 20 жасқа толмаған әйел адамдар», деп түсіндірді №2 көп­салалы қалалық балалар ауруха­насының жоспарлы хирургия бөлі­мі­нің меңгерушісі Азамат Оразалинов.

Дәрігердің айтуынша, ұл­дарға қарағанда қыздар Рапун­цель синдромына жиі ұшырайды. Әйел­дердің шаштары әдетте ер адам­дарға қарағанда ұзын, сондықтан асқазанның шырышты қабатында қалып қою ықтималдығы жоғары. Бала шаш­ты жұтқан кезде ісік кө­лемі ұлғаяды және бұл ішкі ағза­ларды зақымдайды.

«Пациенттерде трихофагия белгілерінің пайда болуын, яғ­ни олардың неге шаш жейтінін тү­сін­­діретін көптеген теория бар. Мы­салы, стресске қарсы құрал секілді үнемі дұрыс тамақтанбау немесе дағ­дылардың әсерінен туындай­тын балалық негативизм. Трихофагия және пикацизм, яғни тәбеттің бұ­зы­луы және жеу­ге жарамсыз заттарды жегісі келетін, бақылауға көн­бейтін бұл әдет ағзасында темір же­тіс­пейтін адамдарда кездеседі. Рапун­цель синдромының кейбір ғылыми сипатында пациент құра­мында темір бар препараттарды қабылдаған­нан немесе целиакия сырқаты­нан емделгеннен кейін шашты жұлуды және жеуді қояды. Бұл аурудың ықтимал себептерін жоққа шығарған кезде міндетті түрде психологтың кешенді кө­мегі қажет. Өкініш­ке қарай, көп жағдайда хирур­гиялық әдіс «шашты ісік» мә­селесін бірден шеше­тін және асқазан-ішек жолдарын қалпына келтіретін ең тиімді әдісі болып қала береді. Балаға біз­дің ауруханада жоспарланған хирургия бөлімінде лапаротомия, гастротомия, асқазанның трихобезоарасын алып тастау операциясы жасалды. Операцияны Астана қаласының штаттан тыс бас балалар хирургі Ринат Бәйгереев жасады. Қазіргі уақытта бала дәрігерлер бақылауында», деді А.Оразалинов.

Ауруханаға түскен баланың ата-анасы алдымен өз емханасына жүгініп, онда фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) арқылы тексеру жүргізген екен.

«Біз Атырау облысынан кел­дік. Баламыз – 15 жаста. Қазіргі уақытта оқу жылы аяқталғанша Ас­танада тұрып жатырмыз. №2 емханада тіркеудеміз. Ба­ла мез­гіл-мезгіл іші ауырып, тамақ іш­кеннен кейін құсатын. Тексеру кезінде асқазанында трихобезоар анықталды. Содан №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жолдама беріп, порталға қойды. МӘМС жүйесі арқылы қысқа мерзімде ауруханаға жатқызып, операция жасады. Бала қазір өзін жақсы сезінеді. Сол үшін кө­мек қолын созған алтын қол­ды абзал жандардың бәріне риза­шы­лы­ғымызды білдіреміз», дейді әжесі Света.