• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 18 Мамыр, 2023

Адамгершілік тәрбие адастырмайды

660 рет
көрсетілді

Қазір елімізде мемлекеттік органдарды реформалау, саяси партиялар жүйесін дамыту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын нығайту сияқты қоғамның дамуы үшін аса өзекті үрдістер жүріп жатыр. Қоғамның саяси және құрылымдық реформаларының бәрі адамға, оның ішкі ниеті мен ұмтылысына, құндылығы мен мақсатына, құлшынысы мен әрекетіне негізделгенде жеміс бермек. Демек Әділетті Қазақстанды құру жас ұрпақ тәрбиесіне де тікелей байланысты.

Үйлеспейтін үш үлгі

ХХI ғасырдағы дүниежүзілік білім жүйесінің даму бағыттары, қоғамды демократияландыру, жеке тұлғаның еркіндігі сияқты заманауи қағидат­тар жастардың ой дүниесі мен санасына қалай әсер етіп жатыр? Осы сауал төңі­регінде толғансақ, алдымен еліміздегі бүгінгі білім мен тәрбие жүйесін саралап алғанымыз жөн. Қазіргі уақытта біздің өмірімізде біліммен бірге тәрбие берудің үш үлгісі жарыса қолданы­лып жатыр. Бірінші – қазақ отбасындағы бала тәрбиесінің тарихи тұрғыдан қа­лып­тасқан үлгісі. Бұл ұлттың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына негізделген. Екінші – жан-жақты үйлесімді, адамгершілігі мол жеке тұлғаны тәрбиелеудің кеңестік үлгісі. Тәуелсіздік алдық десек те, бұл кезеңнің идеологиялық, моральдық ұстанымда­рын қоғам мүшелеріне жеткізудің тәжіри­бесі әлі де жалғасып келеді. Үшінші – тұлғаның демократиялық және еркін дамуына негізделген білім мен тәрбиенің заманауи батыстық моделі.

Аталған нұсқалардан бүгінгі қоғам өмірінің шынайы талаптарына сәйкес келетін, ең жақсы әрі тиімді үлгілерін кірік­тіре отырып таңдау жасау, әрине, оңай емес. Бізге алғашқы екі үлгі әуелден етене таныс. Тек олардың ең озық өнегесін бүгінгі өмірге икемдей білуіміз қажет. Ал бүкіл әлемді шарпыған үшінші үлгі кеңірек, жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Мұның басты себебі адамзат тарихындағы бұлтартпас құбылыс – әлем елдері экономикасы мен адамзат қоғамының өзара ықпалдастығынан туындаған жаһандану үдерісі. Бүкіл әлем қазіргі уақытта мәдени және білім құндылықтарына, сонымен бірге өскелең ұрпақты тәрбиелеу дәстүрлеріне қатысты да өзара сабақтаса байланысып даму үстінде. ХХІ ғасыр экономиканың, өнер­кәсіптің, ғылым мен мәдениеттің, білім мен денсаулық сақтау салалары­ның, тұтастай алғанда қоғам дамуының бар­лық құрылымы­ның қарқынды да­муы­мен, сондай-ақ демократиялық үдерістер мен жеке тұл­ғаның бостандығының өзек­тілігімен ерекшеленеді.

Осы орайда кез келген мемлекеттің білім мен тәрбиелеу ісіндегі заманауи тәсілдері, соның ішінде, еліміздің ғы­лы­ми тұрғыдан негізделген және жалпы­адамзаттық мұраттар мен құнды­лық­тар­­ға, адамгершілікке, азамат­тық қағидат­тар­­ға еңбек­сүйгіштікке, отан­сүйгіштікке, адам құқықтары мен бос­тандықтарын құрметтеуге, ұлттық мәдениет пен дәс­түрді, әдет-ғұрыптарды дамытуға бағыт­талған мемлекеттік саясатына (білім және тәрбие саласындағы) негізделуі маңызды. Себебі халықтың дене және рухани-адам­гершілік саулығы – мемлекеттің өркениет деңгейін анықтайтын ұлттың тұрақты дамуының көрсеткіші.

Педагогика ғылымының қазіргі әдіс­намасы жеке тұлғаның дамуында қо­ғам­дық сана мен қоршаған ортадағы объек­тивті шындық тікелей әсер ететін күрделі әлеуметтік үдерістен – тәрбиеден бастау алады. Біз жаһанданудың қарқын алған уақытында ғана емес, сонымен қатар жаппай ақпараттандыру, оң және теріс ықпалы бар бәсекелестіктің жылдам дамыған ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Әлеуметтік желілерден алынатын ақпараттардың көптігі, оның шамадан тыс артық берілуі қазіргі балалар өмірінің басты өзегіне айналып отыр. Ол балаларға тек оң әсер етіп қана қоймай, белгілі бір деңгейде қауіп-қатер де төндіреді. Оның келеңсіз көріністері туралы әлемдік әдебиеттерде атап көрсетіліп жүргендей, адамгершілік ұстындарының құлдырауы өскелең ұрпақтың белгілі бір бөлігінің рухсыз, өзімшіл, агрессивті болып өсуіне ықпал ете бастады.

 

Батыстық «еркін тәрбиелеу»

Біздіңше, аталған жайттардың басты себебі Батыс елдері мен АҚШ-тағыдай көп жағдайда бостандық ұғымын жеке адамды мемлекетке қарсы қоюдан болуы да мүмкін. Яғни мемлекет жеке адамның өміріне араласпауы керек. Жеке өмірінде әркім нені қаласа, соны істеуі керек деген тұжырымдамаға басымдық беріледі. Қазіргі кең тарал­ған батыстық «еркін тәрбиелеу» тео­рия­сының кейбір қағидаларының тәрбие­лік негізі солғын және біздің ұлттық саясат­қа үйлесе бермейді. Ол белгілі дәреже­де мектептің, ұжымның, отбасы­ның тәрбиелік ықпалын әлсіретуге бағытталған. Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуметтік-саяси ұстанымдарына қайшы келетінін естен шығармауымыз керек. Мұндай тұжырымдама, әсіресе, әлі өзін­дік ұстанымы мен қағида­лары толық қалыптаспаған, өмірлік тәжі­рибесі жоқ балалар мен жастарды еліктіреді. Шынайы еркіндік дегеніміз – ойына не келсе соны істеп, бетімен кетушілік емес, ол кез келген істе қоғам сұранысына лайық, ұлт мүддесіне үйлесетін дұрыс таңдау жасай алу және оған қатысты жауапкершілікті сезіну. Осындай қарапайым да түсінікті рухани-адамгершілік тәрбиемен тығыз байланысты тұжырымдама қазіргі таңда жиі бұзылып, соның салдарынан жастар тәрбиесіне қатысты үлкен мәселелерге тап болып отырмыз.

Қазіргі әлемдегі адамның еркіндігі өз еркімен жүретін, «нені қаласам, соны істеймін» деген өз бетімен кетуші­лік­ке ұласып жатыр. Антикалық дәуір­дің өзінде Платон адам еркіндігінің өлшемі ретінде адамгершілікке бастайтын рухани ізгілікті атаған болатын. Ол еркіндіктің мәнінен борыш ұғымын шығарды. Шығыстың еркіндік философиясы қоғам мен адам бірлігін, әділеттілік, гуманизм, адамгершілік, ата-ананы құрметтеу сияқты құндылықтардың үстемдігімен сипатталады.

Әлеуметтік-психологиялық тұрғы­дан азиялық менталитет шығыстық ұжымдық ынтымақтастықпен, ұлттық құндылықтармен, отбасылық салт-дәстүрлермен тығыз байланысты. Сон­дық­тан қоғам мүшелерінің өз бетімен кетуіне жол бермеу үшін мемлекеттік тұрғыдан жеке тұлға еркін­дігінің шегін анықтау керек. Осы­ған орай Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министр­лігі қызметінің басым бағыты – Әділетті Қазақстан жағда­йын­­да әлемдік және ұлттық тәрбиеге қатысты негізгі бағыттарды қамти­­тын білім тұжырымдамасын жаңарту, ­өзек­ті мәселелерді ше­шу, нақты іс-шара­лар стратегияларын айқындау. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз елдегі аза­маттық белсенділікті оятып, мем­лекет пен қоғам арасындағы саналы да сындарлы серік­тестік үдерісін бастауымыз ке­рек. Патриоттық рухы жоғары ұлт өзі­нің барлық мақсатына жетеді. Бізге жеке және әлеуметтік құн­дылықтар жүйе­сін қайта қарау керек», деп атап көрсетті.

Білім берудің технологиясы мен әдіс­­­тері туралы айтсақ, оқу­шылардың ақпа­раттарды жан-жақты білуі ғана емес, сондай-ақ олардың сыни тұрғыдан ойлауы, мінез-құлқы мен іс-әрекетін іштей саралай отырып, дұрыс баға­лауы, құн­дылық пен идеалды дұрыс анықтай алу қабі­лет­іне көңіл бөлу қажет. Сын тұрғысынан ойлау технологиясында озық педагогикалық ғылым мен тәжі­рибе мынадай үш кезеңді атап көр­се­теді: қызығушылықты ояту – бар білім­ді пайдалану және жаңа ақпаратқа қызы­ғушылықты қалыптастыру; түсіну – жаңа білімді алу, ескі және жаңа білім­ді са­лыстыра білу; рефлексияның қоры­тынды кезеңі – ой қорыту, яғни өзіндік пікір қалыптастыру және оқыту мен тәрбиелеудің жаңа мақсаттарын дұрыс қоя білу. Дегенмен, көздеген нәтижеге жету үшін қазіргі жағдайда жас ұрпақты тәрбиелеудің ұлттық басымдықтарын анықтау қажет. Атап айтқанда, оқушы­лар мен жастарға халқымыздың тарихи тәжірибесінде әбден сыналған ұлттық сипаттағы адамгершілік тәрбие беру ісін барынша күшейту керек.

 

Тәртіпсіз адам – қоғамға қарсы адам

Шынын айту керек, қазіргі уақыт­та адамгершілік тәрбиесі назардан тыс қалды. Бұл ұғымының өзі лексиконымыздан көмескіленіп барады. Кейде бұл сөзге ескірген неме­се бүгінгі заманға лайықсыз ұғым-тү­сінік ретінде қарай бастадық. Ал шындығына келсек, адамгершілік тәр­­бие – өскелең ұрпақтың бойында қоғамның адамгершілік мұраттары мен қағидаларына сәйкес жеке тұлғаның жоғары санасын, сезімін, мінез-құлқын қалыптастыруда теңдесі жоқ тәрбие­нің қайнар бұлағы. Сондықтан қазіргі жағдайда адамгершілік тәрбиенің мақ­саттарын, қағидаларын, мазмұнын, әдістері мен технологияларын нақты анықтау аса өзекті қоғамдық мәселе. Оның жаңа теориялық негіздемесі ке­ңестік маркстік-лениндік теория­дан да, қазіргі «еркін тәрбие» теория­сынан да ерекшеленіп, Әділетті Қазақстанның мақсаттары, міндеттері мен қажетті­лік­тері негізінде ұлттық тұғырда құ­ры­луы қажет. Жастарды рухани-адам­гер­шілікке, отансүйгіштік пен бауыр­малдыққа тәрбиелеу, олардың бо­йында адамгершілік сананы, адамдық борыш пен ар-намысты қалыптастыру мәсе­лелері, қоғамда адамгершілік мінез-құлық дағ­дылары мен әдеп нормаларын дамыту мәсе­лелеріне жіті көңіл бөлу – бас­ты міндет. Көпғасырлық ұлт­тық салт-дәс­түрлер мен әдет-ғұрыптар­ға негіздел­ген адамгершілік тәрбиесі мінез-құлық әдебін тәрбиелеуге бағытта­луға тиіс.

Әйгілі батыр Бауыржан Мо­мыш­ұлы «Тәртіпке бағынған құл бол­май­ды» деген. Технократтық заманда жаңа­ша әдістер мен техноло­гиялар негі­зін­де адамгершілік тәр­бие­ні лайық­ты жүргізу, азамат бойында үлкенді сыйлау, отбасылық салт-дәстүрлерді қадірлеу секілді тәрбие үде­рісін кеңейту қажет.

Жастарды адамгершілікке тәрбие­леудің қазіргі теориясы мен тәжірибесі­нің бағыты – ақпараттық жүйелердің ­жа­һандық дамуына және оқушылар­дың ­IT білімін кеңінен пайдалануға негізделуі керек. Балалардың күні бойы компьютерде отыруы қалыпты жағ­­дайға айналды. Бір жағынан, бала үшін алаңдамай­мыз: жылы үйде көз алдымызда отыр, тама­ғы тоқ, уайымы жоқ. Алайда олар­дың компьютерге «бай­­лануы» бізді бейжай қалдырмауы керек. Әлеуметтік желі­лердегі мектеп оқу­шыларының жүгенсіз қылықтары, бей­әдеп сөздері, аяусыз ұрып-соғуы кө­бейе бастады. Ең қорқыныштысы, балалар осының бәрін желіге жариялайды. Бала мінезіндегі қатыгездіктің басты әлеу­­меттік себебі бар: үйде, достарының ара­­сында психологиялық және физика­лық зорлық-зомбылық, қорлау, жалғыз­дық, іштей бір нәрсеге қанағаттанбау, алаң­даушылық, әлеуметтік желілерде жа­рия­ланған агрессия – бәрі-бәрі жүй­кесіне салмақ түсіреді. Алматы қаласы ішкі істер бас­қармасының мәліме­ті: 2023 жылдың 3 айы­ның қорытын­дысы бо­йынша шаһарда жасөспірім­дер қыл­мысының 34,4 пайызға өскен. Жүргізілген іс-ша­ралар нәтижесінде ішкі істер бөліміне түрлі құқық бұзу­шылық жасағаны үшін 3 856 (2022 жы­лы 3 483 бала) кәмелетке толма­­ған бала жеткізілген. Талдау нәтижелері көр­­­сет­кеніндей, жас­өспірімдер ара­сын­­дағы құқық бұзу­шылықтың өсуі қоғам­ның бар­лық сала­сындағы жұмыстың осалды­ғынан. Әсі­ресе мұнда мектеп жа­уапкершілігі үлкен. «Өзін-өзі тану» пәні айтарлықтай нәтиже бере алмады. Қазір бұл пән жоқ, бірақ мәселе өзекті күйінде тұр.

Әрбір құқық бұзушылық пен бала­лар­дың агрессивті мінез-құлқы мектеп пен мұғалімнің назарынан тыс қалмауға тиіс. Жеке әңгімелесіп, кеңестер өткізу, сыныпта, мектепте өтетін ата-аналар жи­на­лысында талқылау, әңгімелесу қа­жет. Білім беру ұйымдарында ата-ана­ларға арналған көмек көрсету және отба­сын­дағы бала тәрбиесіне қатысты әдіс-тәсілдерді үйрететін «Ата-аналар мектебі» немесе «Ата-аналар академия­сы» орталықтарын ашу керек. Мәселе өзді­гінен реттеледі деу қате. Оған тұтас қоғамның белсенді қатысқаны дұрыс.

 

Не істеу керек?

Қазіргі таңда цифрлық ортада жас­тардың тұтас бір буыны өсіп, қалып­тасып келеді. Олар күн сайын желіде достарымен араласады, әлемдегі және елдегі жаңалықтармен танысады, музыка тыңдайды, кітап оқиды, үй тапсырмаларын орындайды. «Skype», «Facebook», «Instаgram» және басқа да әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланатын буын өсіп шықты. Олардың дені уақытының басым бөлігін ғаламторда өткізеді. Әлеуметтік желілердің жаңа білім алу, қажетті ақпаратты оңай іздеу, ыңғайлы уақытта онлайн оқу сияқ­ты жағымды жақтарымен қатар әртүр­лі келеңсіз құбылыстарды тарату­шы екенін естен шығармау керек. Айталық оқушылар арасындағы төбелестер, бала­ларға қатысты зорлық-зомбы­лық, жағым­сыз ақпараттардың бәріне қиналмай-ақ қол жеткізу осыған мысал бола алады. Мәселен, әлеумет­тік желілерде әртүр­лі зиянды ойындар («Көгілдір кит», «Ты­ныш үй») пайда болды. Өкініштісі, олар әлі де таралып жатыр. Балалар хат алмасу арқылы бақыланады, осылайша оларды суицидке итермелейді. Сол секілді «TikTok»-тың да теріс әсері балалар арасында жаппай таралып жатыр. Кейбір елдердің оны пайдалануға тыйым салғаны кездейсоқ емес.

Мұндай фактілер тұтас қоғамды ойландыруы қажет. Қол қусырып отыруға болмайтын жағдайға жеттік. Бірақ не істеу керек? Қандай шешім қабылдаған абзал? Осының бәрі – бүгінгі қоғамдағы аса күрделі мәселе. Біздің бұған қарсы жауабымыз қандай болмақ? Бұл жерде ата-аналардың, мұғалімдер мен мек­тептегі педагогикалық ұжымның, жалпы қоғамның реакциясын айтып отырмын.

ХХІ ғасыр – жоғары ақпараттық технологиялар ғасыры. Сондықтан бүкіл халықтың, әсіресе, оқушылардың бо­йында ақпараттық технологияларды тү­сі­­ніп қана қоймай, оны меңгеріп, күнде­лік­ті өмірде қолдана білу дағдыларын қалыптастыру маңызды. Ең алдымен оқушыларды цифрлық технологиялар саласында білім, білік, дағдымен қару­ландыруға арналған білім жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Әрине, олар маңызды әрі қажет. Бірақ балаларды интернеттегі қауіпті және зиянды ақпараттан қорғау туралы жан-жақты айтып, ойлануымыз керек. Осыған байланысты оқушылар мен жастарды зиянды интернет ресурстарынан қорғаудың бірыңғай жүйесін әзір­леп, қабылдау қажет деп есептеймін. Бұл туралы көп айтылды, іс-шаралар қабылдан­ды және жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Алайда олар аздық етеді әрі жеткілікті түрде бақыланбайды. Ғаламтордағы шектеуді оңай алып тастап немесе айна­лып өтуге болатын қолжетімді нұсқау­лықтар бар. Балалар соны жақсы мең­герген. Алдымен осы­ған тыйым салудың жолын қарастыру маңызды.

Демек бүгінгі таңда тек ақпарат­тық технологияларды қолдану және мең­геру дағдыларын дамыту жеткілік­сіз. Оқушылардың өз білімі мен іс-әрекеттерін талдау және жинақтау, оларды қажет кезінде қолдана білу, мақсат пен міндет қою, соған жету жолдарын анықтау қабі­леттерін қоса дамыту, оларды тиімді пай­далану­ға үйрету, олардың әрекеттерін қажет болса сол әлеуметтік желінің өзі ар­қылы қадағалау, жетістіктерін сыни тұр­ғыдан бағалау мен өз әрекеті үшін жауапкершілігін сезінуге үйрету бүгінгі тәрбиенің басты мақсаты бо­луға тиіс. Көріп отырғанымыздай, мін­дет күрделі және оны табысты жүзеге асыру үшін мұғалім мен ата-ана­ның арасындағы өзара түсіністік, сый­ластық, ауызбіршіліктің маңызы зор. Жалпы, бүкіл қоғамның жас­өспірімдерді тәрбиелеу мен тұлға ре­тінде қалыптастырудағы бірлескен жұ­мыстарының рөлі жоғары болуы қажет.

Мектеп пен мұғалім заман ағымы­на ілесе отырып балаларды оқытуда ғана емес, ең алдымен, оларды тәр­бие­леуде ақпараттық технологияларды пай­да­лануға психологиялық және тех­ника­лық жағынан дайын болуы керек. Ұлы ойшыл Әл-Фараби айтқандай, «Тәр­бие­сіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Айталық, Нью-Йорктегі сауда орталығының ғимаратын қира­тып, көптеген адамның өліміне себепкер бол­ған қылмыскерлер әлемнің ең жақсы университеттерін тәмамдаған. Демек оларда сапалы жоғары білім болған­мен, тәрбие мен адам­гершілік кемшін. Міне, білім мен тәрбие егіз болуы керектігі осыдан-ақ көрінеді.

Қазір мектеп ұжымының кәсіби қызметі тұрғы­сы­нан ата-аналарға балалар тәрбиесіне қатысты тығыз қарым-қатынас жасау, тиімді әдіс-тәсілдер мен технология­лармен бөлісу, мектеп пен отбасы­ның бірлескен жұмысын кү­шейту ауадай қажет. Осыған байла­ныс­ты мынаны түсіну маңызды. Бірін­­ші­ден, тәрбие жеке тұлғаны қалып­тас­тырады. Сондықтан оның ұлт­тық құн­дылықтарға негізделген маз­мұндық құрамдас бөлігіне мұқият көңіл бөлу керек. Сонда ғана болашағымыз жар­қын болады. Екіншіден, білім мен тәрбие қоғам, мемлекет қабылдаған идеал­дар мен құндылықтар идеология­сына, бұл ретте Әділетті Қазақстан ұста­ным­ына негізделуі керек. Үшіншіден, білім мен тәрбие бе­ру­ ұстанымы, мақсаты, мазмұны, әдісі, тәсілі, түрі, технология­сы жаңарған қоғамымыздың идеологиясына  мұ­рат-құндылығына сай болуға тиіс.

 

Гүлнас АХМЕТОВА,

ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор