Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 24 жастағы сарбаз қазір облыстық психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі уақытта 66/55 әскери бөлімінде болған жағдайға қатысты жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мінез-құлқы өзгеше жігіт орталықта ем қабылдауын жалғастырады.
«66/55 әскери бөлімінің сарбазы бізде ем қабылдап жатыр. Ата-анасының айтуынша, ол бұрыннан тұйық, көпшілік ортаны ұнатпайтын. Шынымен де, жігіт ортасымен араласпайды, мінез-құлқы да өзгеше. Осыған байланысты оны үйіне қайтару үшін тиісті акт толтырып береміз. Оны ғылымда «социофобия» деп атайды. Ол сарбаз, тіпті, көпшілікпен бірге тамақ та ішпеген. Өзге ақпаратты бере алмаймыз. Құпия болып есептеледі», деді облыстық психикалық орталық бас дәрігерінің орынбасары Г.Уразова.
ҚР Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Жас жігіт әскери қызметке келген күннен бастап ешкіммен араласпаған, өзгелерден жат жүрген.
Оңтүстік өңірінің тумасы ата-анасымен хабарласқан кезде де сөзге өте сараң болған. Сұраққа бір сөзбен ғана жауап берген екен.
«Әскери бөлімдегі психологтың бақылауы барысында жауынгерлік, дене дайындығы сабақтарынан бас тартып, әскери қызметке өз еркімен келмегенін айтқан. Әрі қарай да әскери борышын өтегісі келмейтінін жеткізген. Сұхбат кезінде сарбаз психологиялық ауытқуы бар екенін айтып, өзін психиатр дәрігерге қаратуын өтінген. Психокоррекциялық жұмыс пен жеке әңгіме кезінде әскери қызметшінің жағдайы жақсармады. Осыған байланысты №3 қалалық емханасының психиатрына консультацияға жіберілді. Психиатр қарап, әскери қызметшіні тексеру және емдеу үшін облыстық психикалық денсаулық орталығына жіберу туралы шешім қабылдады. Биыл ол 19 сәуірде «бейімделудің бұзылуы» деген диагнозбен ауруханаға жатқызылды. Сол сәттен бастап ауруханада ем алып жатыр. Қазіргі таңда әскери қызметке жарамдылығын тексеру үшін әскери медициналық комиссиядан өткізу жоспарланып отыр», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.