Хоккейден Қазақстан құрамасы 2023 жылғы Әлем чемпионатында екінші рет сәтті өнер көрсетті. Біздің спортшылар Словакияны буллит бойынша 4-3 есебімен жеңді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бесінші матчта Қазақстан Словакия құрамасымен кездесті. Есепті қарсылас команда бірінші кезеңнің соңына 5 минут қалғанда ашты. Екінші ойынның басында есепті теңестіруге мүмкіндік туды, Роман Старченко словактардың қақпасына гол соқты.
Қарсылас команда хоккейшілері айып алаңына шыға бастады, осы тұсты қазақстандықтар ұтымды пайдалана білді: алдымен Валерий Орехов Словакияның бесінші нөмірлі ойыншысы айдыннан кеткеннен кейін 5 секундтан соң өз командасын алға шығарды, содан кейін Евгений Рымарев ұпайды еселей түсті. Бірақ үшінші таймда словактар біздің қақпаға екі шайба соғып, есепті теңестіре алды.
Қазақстан құрамасынан Роман Старченко (22-минут), Валерий Орехов (25-ші), Евгений Рымарев (26-шы), ерекше көзге түсе білді, буллиттер сериясында да қазақстандықтар төрт рет шайба соқты. Словактардан Патрик Кох (15-ші), Ричард Павлик (49-шы) және Павол Регенда (57-ші) нәтижелі соққыларымен ерекшеленді.
Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық хоккейшілер буллит бойынша Норвегия құрамасын 4:3 есебімен жеңіп, Чехиядан (1:5), Швейцариядан (0:5) және Канададан (1:5) жеңіліп қалған еді.
Сонымен бес матч өткізген Қазақстан құрамасында төрт ұпай бар, ал командамыз В тобының турнир кестесінде алтыншы орында тұр.
Ғалым Мамбеталиевтің шәкірттері келесі матчты 20 мамырда Латвия құрамасына қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақыты бойынша сағат 23:20-да басталады, оны «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.