Биыл күзде гандболдан келесі жылы Парижде алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындарының іріктеу сайыстары басталады.
18-28 қазанда Қатардың астанасы – Дохада өтетін ерлер арасындағы турнирдің кеше жеребесі тартылды. Қазақстан В тобына түсті. Қарсыластарымыз – Бахрейн, Иран, Кувейт, Өзбекстан және Жапония құрамалары. Бірден айта кетейік, бұл командалардың барлығы да азулы. Мәселен, Кувейт Азия чемпионатыда төрт мәрте (1995, 2002, 2004, 2006) топ жарып, бес рет (1979, 1983, 1987, 1989, 2008) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жапония 2 алтын (1977, 1979), 5 күміс (1983, 1987, 1989, 1991, 2004) және 4 қоланы (1993, 2000, 2010, 2020) еншіледі. Бахрейннің қоржынында сары құрлықтың басты додасының 4 күмісі (2010, 2014, 2018, 2022) мен 1 қоласы (1995) бар. Иран бір рет (2014) қолаға қол созды. Міне, осы жарыстың фавориттері осылар. Өкінішке қарай, Қазақстан мен Өзбекстанның қол добы шеберлері Азия чемпионатында бірде-бір рет жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ.