• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Мамыр, 2023

Қазақстан – Қытай: Стратегиялық әріптестік бағдары

423 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды, екіжақты уағдаластықтар жасалды. Көршілес мемлекетпен Қазақстанның тауар айналымы жылдан-жылға артып келе жатқаны белгілі. Ал былтыр Қытай – еліміздің басты сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Осы орайда, Қытайға сапардың мән-мағынасын сарапшылардан сұрап көрген едік.

Президент Қ.Тоқаев сапар барысында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ бірінші рет ұйымдастырылған «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Бұдан бөлек, қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде екіжақты байланыс туралы әңгімелеп берді.

Жалпы, Қытайдың Қазақстан экономикасында орны ерекше. Өзара ынтымақтастық мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Сауда-экономикалық қатынас қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 мил­лиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвес­тордың қатарына кіреді. Құйылған инвес­тицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты.

«Қытай зерттеушілер қауым­дас­ты­ғының» құрылтайшысы, Ұлттық Құ­рылтай мүшесі Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Си Цзиньпинмен мемлекеттік іссапар аясындағы кездесуінің ауқымы және оның айналасындағы іс-шаралар Орта­лық Азия өңірінің Қытай үшін маңызын көрсетеді.

«Қазақстанмен ынтымақтастық Қы­тай үшін зор қаржылық пайда әкеле­тіні сөзсіз, өйткені еліміз – Еуропа на­ры­ғына тікелей көпір. Қазақстан мен Қытайдың сауда амбицияларын іске асыру Ұлы Жібек жолының қайта жандануымен пара-пар келетін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында көрініс тапты. Бұл бастаманы жүзеге асыруда Қытай Қазақ­станның ішкі тұрақтылығының сақ­талуына мүдделі. Шын мәнінде, атал­ған елімен тиімді екіжақты ынты­мақ­­тастықты іске асыру еліміздің эконо­микасы үшін де айтарлықтай пайда әкеледі», дейді Қ.Майгелдинов.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру үлкен көліктік-логистикалық перс­пек­тиваға жол ашады. Қазірдің өзін­де жүзеге асырылған бастамалардың арқасында еліміздің аумағы бойынша Еуропа мен Азияны байланыстыратын халықаралық маңызы бар 6 автомобиль, 9 теміржол және 4 әуе дәлізі өткен.

«Жоба есебінен еліміздің оңтүсті­гін­де жол төсемін ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілді. Алайда бүгінгі таңда отандық транзит көлемі бізде бар әлеуетпен салыстырғанда салыстырмалы түрде төмен. Бұл көлік-логистикасын дамыту жөніндегі бастамаларды одан әрі белсенді іске асыру қажеттігін көрсетеді. Екіншіден, Қытай­мен ынтымақтастық отандық бизнес үшін оның әлемдік нарыққа шығуы тұрғысынан кең мүмкіндік береді. Бұл Еуропа нарығына шығудан бөлек, Қытай аумағында өз өнімдеріміз мен қыз­меттерді шығаруға жол ашады. Осы­лайша, сауданың жеңілдетілген ере­желері мен қаржылық интеграция отан­дық өнеркәсіп ауқымын арттырады», дейді Қ.Майгелдинов.

Сарапшы сөзінің жаны бар. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Журналист Асхат Қасенғалидың айтуынша, Қытай – әлемдегі ең үлкен нарықтың бірі. Елде халық саны көп болғандықтан, сырттан келетін соны тауарларға мұқтаж.

«Екі ел арасындағы тауар айналымы, сауда-саттық артып келеді. Былтыр 31 млрд долларға жетті. Бұл – рекорд. Бұрын біз үшін Ресей экономикада басты серіктес болса, енді оны шығыс көршіміз басады. Жалпы жиынтығы Қытай компанияларымен құны шамамен 22 млрд долларды құрайтын келісімдер жасалды. Басым бағыт сол ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, көлік дәліздерін дамыту салаларын қамтиды. Тағы бір шешім – шекарадағы санитарлық және басқа тексеруді жүйелі ету, сауда айналымын жандандыруға тиімді негізде жүйелеу. Бұл да маңызды. Себебі ел кәсіпкерлерінің шекараға барып, тауарын өткізе алмай, ұзақ тексерістен қаңтарылып тұрған сәттері артқан. Ол әсіресе ковидтен кейін тіпті күшейді. Кәсіпкер үшін уақыт – ақша, сондықтан мына келісімдер бұл тексерістерді азайтып, бизнес сала үшін уақыт үнемдеуге әсерін тигізеді», дейді А.Қасенғали.

Кейінгі жылдары Орталық Азия ел­дерінің экономикалық қарым-қаты­насы жаңа деңгейге көтерілді. Был­тыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни 8 миллиард долларға жетті. Келешекте бұл көрсеткішті 15 мил­лиардқа дейін жеткізу жоспарланған. Ай­мақ­тың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларды құ­рады. Оның 45 пайызы (31 млрд доллар) Қазақстанға тиесілі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осы ретте, тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады.

Экономист Сәбит Рысбаев Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестігіне айналғанын алға тартады. Осы орайда, сарапшы еліміздің Қытайға экспорты импорттан көп екеніне назар аударады.

«Біз Қытайға керісінше көп тауар сатамыз. Сауда балансы біздің жағы­мызда. Біздегі ең аз инвестиция келе­тін ауылшарушылық саласының өзі былтыр Қытаймен 780 миллион доллардан аса сауда жасасты. Кездесулер нәтижесінде Қытайға 1 миллион тоннадан аса бидай жеткізуге келісті. Соңғы 5 жылда онсыз да Қытайға жөнелтілетін майлы дақылдар 3,5 есе артқан. Өсімдік майы 2 есе артқан. Жалпы, Қытай бізге емес, біз Қытайға мұқтажбыз. Өйткені бұлар тым үлкен нарық, жіберген тауарың өтетіні анық», дейді С.Рысбаев.

Сарапшы Айбар Олжаев та осы пікірді қостайды. Ол Қытай тара­пының Қазақстанды мәңгілік страте­гиялық әріптес деп ерекше атап көрсет­кеніне назар аударады. Оның айтуын­ша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тікелей алғанда Орталық Азия елдері Қытай сыртқы саудасының 1,1 пайызын ғана құрайды. Бұл – аз көрсеткіш. Бірақ өңірдің географиялық орналасуы Қытайға үлкен нарыққа тез жетуіне мүмкіндік береді. Мәселен, Қы­тайдың сыртқы саудасында Еуро­па­лық одақ маңызды рөл ойнайды, жалпы сауда­ның 57 пайызы қарт құрлыққа тиесілі. Ендеше, Орталық Азия, әсіресе Қазақстан Еуропаға тез жетудің оңтайлы жолы.

«Қытай сыртқы саудада 2022 жылы 2-орын алса, биыл бірінші тоқсанда Ресейді басып озып, бірінші орынға шықты. Ауқымы тым үлкен. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының негізгі идеясы – Еуропаға тікелей құрлық жолы. Себебі теңіз арқылы ең аз дегенде 45 күн кетеді. Әр күн – 178 миллион доллар. Бұл ретте, территориясы даладай Қазақстанның рөлі ерекше. Егер Қытай өз логистикасын оңтайландыруды көз­десе, оны Қазақстансыз іске асыру мүмкін емес. Қытайға түсінікті, өз уәде­сіне берік, контрактарды аяғына дейін орындайтын ел, тұрақты Қазақстан керек. Мұны Си мырза «Қазақстанның суверенитетініне кепіл боламыз» деген бірауыз пікірімен анық айтты», дейді А.Олжаев.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қы­тайға сапары барысында Сиань қаласын­дағы құрғақ портта Қазақс­танның ло­гис­тика орталығының іргетасын қа­лау рәсіміне онлайн режімде қатыс­ты. Сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия» саммиті кезінде Қазақстанның геогра­фия­лық жағдайын ескере отырып, елі­міз аймақтың және тұтас құрлықтың ма­ңызды көлік-логистика дәлізі бола ала­тынына назар аударды.

«Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және ло­гис­­тикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай, Қазақстан достас Қы­тай­мен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Елдеріміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағ­да­ластық», деді Қ.Тоқаев.

Журналист А.Қасенғали Ляньюньган портының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет деп есептейді. Өздеріңізге мәлім, аталған порттың бір бөлігін Қы­тай пайдалану үшін Қазақстанға берген еді. «Қытай Қазақстан – Каспий – Әзербайжан – Грузия бағытында та­уарын Еуропаға тасымалдауды арттыруды көздейді. Осы мүмкіндікті жібе­ріп алмауға тиіспіз. Әйтпесе, бас­қа бағыт арқылы біздің елді айналып өтуі мүмкін. Қытай логистикалық мүм­­кіндіктерді арт­тыруға инвестиция құю­ға әзір. Қазақ­стан аумағы арқы­лы Қытайдан Еуропаға, Еуропадан Қы­тайға тауар өтіп жатса, бюджетке са­лық, біраз халыққа жұмыс орны ашылар еді», дейді А.Қасенғали.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан да қытайлық инвестициялар есебінен елдегі жүк тасымалдайтын баламалы дәліздерді дамытуымыз керек деп есептейді. Оның айтуынша, басты мүдде – транзит пен көлік-логистикасын дамыту. «Біз теңізге шыға алмаймыз. Біздің жалғыз теңіз – Каспий. Бұрын біздің елдегі дәліздер Ресейге бағытталатын. Енді біз баламалы маршруттарды дамытуымыз керек. Оған көп инвестиция қажет. Мәселен, Құрық пен Ақтау порттарын дамытып, сол арқылы Әзербайжан әрі қарай Қара теңіз, Түркияға жіберуге мүмкіндік беретін дәлізді дамытуға инвестиция керек. Ал Қытай оған мүдделі болса, онда ол біз үшін өте пайдалы болар еді», дейді депутат.

Экономист С.Рысбаев екіжақты та­уар айналымының дамуы Қазақстанға көп мүмкіндік беріп отырғанын алға тартады. Мәселен, бұрын жаңа көлік сатып алу қиын еді. Қазіргі таңда Қытайдан шыққан кей көліктер нарыққа келіп жатыр.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде осы мәселеге назар аударғанын атап өткен жөн. «Қытайда электромобиль жасау ісі қар­қын­ды дамып келеді. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Кейінгі жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. «Chery», «Jac», «Exeed» және «Haval» брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынып отыр. Бүгін екі елдің компания­­лары тиісті келісімдерге қол қояды», деді Президент.

Сәбит Рысбаев қытайлық компа­ния­лардың Қазақстанға келуі еліміздің экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қатар бәсекелестікті нығайтатынын алға тартады.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік бе­ретін үкіметаралық келісімге қол қо­йыл­­­ғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, турис­тер легін арттыруға ықпал етеді.

Дегенмен осы құжат әлеуметтік же­лі­де біраз шу туғызғаны белгілі. Эко­номист С.Рысбаев аттандаудың реті жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, елімізде шетелдік жұмысшыларға 22 мың ғана квота берілген. Сондықтан одан асып түсу мүмкін емес.

Ал саясаттанушы Қазбек Майгел­динов Қытай секілді алпауыт елмен визасыз режім енгізудің Қазақстанға пайдалы тұстары мен басымдықтары мол екеніне сенімді. Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытай көршілес мемлекет ретінде стратегиялық қарым-қатынас орнатқан. Бұдан бөлек, «Бір белдеу – бір жол» аясында үлкен экономикалық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының құрылысын аяқтадық. Тікелей инвестициялар тартылды. Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Ендігі таңда бұл визасыз режімнің енгізілуі Қазақстан азаматтарына, іскерлік қауымына қо­сымша пайда әкеледі. Өйткені бұған дейін былтырдан бері біржақты ғана визасыз режім енгізілген еді. Онда Қытай азаматтарына жеке туристік, іскерлік мақсатта 14 күнге дейін кіруге рұқсат етілді. Қазақстан азаматтарына виза қа­жет еді. Енді екіжақты өзара 30 күндік визасыз режім енгізілмек. Нәтижесінде, Қазақстан азаматтары бұрынғыдай виза алу үшін көптеген құжат жинамайды», дейді Қ.Майгелдинов.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан екі ел басшылары қол қойған визасыз режім орнату туралы келісімді маңызды деп есептейді. Өйткені Бейжің билігі көрінген елмен мұндай уағдаластық жасаспайды. «Визасыз режімнің мерзімі бұрын 14 күн болса, енді ол 30 күнге артты. Айта кететіні, бұрын тек қытайлық азаматтардың Қазақстанда 14 күн визасыз болуына рұқсат етілетін. Енді қазақстандықтар да бұл елге визасыз бара алады. Мұның барлығы барып-келуге, бизнес жасауға, қандастардың туыстарын көруіне, жалпы туризмді дамытуға оң ықпал етеді. Қытай көп мемлекетпен визасыз режім орнатпайды. Мәселен, Қытай Оңтүстік Корея мен Жапонияға мұндай режім жасаған жоқ», дейді А.Құспан.