Римдегі турнир аяқталғаннан кейін теннисшілердің ерлер арасындағы әлемдік рейтингінде біраз өзгеріс болды.
Бұған дейін АТР тізімінде алдына жан салмай келген сербиялық Новак Джокович екі сатыға төмендеп, қазіргі кезде үшінші орынды қанағат тұтып отыр. Көш басына 20 жастағы испаниялық дарын Карлос Алькарас қайта шықты. Екінші сатыға Ресейдің үздігі Даниил Медведев көтерілді. Сондай-ақ ТОП-10 ойыншының қатарына норвегиялық Каспер Рууд, грекиялық Стефанос Циципас, даниялық Хольгер Руне, ресейлік Андрей Рублев, италиялық Яник Синнер, америкалық Тэйлор Фритц және канадалық Феликс Оже-Альяссим еніп отыр. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 48-орынды иеленсе, Тимофей Скатов – 147 және Михаил Кукушкин 291-сатыларға табан тіреп тұр.
Әйелдер арасындағы әлемнің ең үздік бес теннисшісі мыналар: Ига Свентек (Польша), Арина Соболенко (Беларусь), Джессика Пегула (АҚШ), Елена Рыбакина (Қазақстан), Каролин Гарсия (Франция). Бірден 10 сатыға төмендеген Юлия Путинцева 61-орынға тұрақтады.