• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 23 Мамыр, 2023

Көктемгі егіс қызған шақ

247 рет
көрсетілді

Көпке мәлім, биыл жетісулық шаруалар халықты қантпен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуді көздеп отыр. Олай дейтініміз, бұрынғыдай емес, егістік көлемі 2 есеге ұлғайған. Оның үстіне өңірде бос жатқан жерлерді халықтың игілігіне беріп, шағын шаруаларды да егін егуге жұмылдырып жатыр. Қазір кәсіп иесінің көпшілігі егін басында жүр.

Мәселен, ескелділік «Дүйсенбінов» шаруа қожалығының қант қызылшасын өсіріп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Былтыр фермер өнімділікті рекордтық көрсеткішке жеткізіп, қант зауытына 22 мың тоннадай тәтті түбір өткізген. Биыл Айдын Дүй­сен­бі­нов қант қызылшасының алқа­бын 320 гектарға жеткізбекші. Де­ген­мен фермер алқаптың көлемінен бұрын оның шы­ғым­дылығы мен сапасы маңызды екенін жа­сыр­майды. Сондықтан топырақ тыңай­т­­­қышына ерекше мән береді.

«Немістер өндірген тұқымның жаңа түрлерін биылғы жылы алғаш рет қол­да­на бастадық. Ауа райы қолайлы болса, 10 күнде өніп шығады. Бұл тұқымдардың шығымы жақсы. Бірақ жақсы өнімге қол жеткізу үшін техникамен ғана емес, жермен де жұмыс істеу керек. Талдау жасап, қандай тыңайтқыштар керек екенін анықтап, соған қарай әрекет етеміз. Сәуір туысымен егіс жұмыстарын бастап кет­тік, қазірге дейін 150 гектар жерді сеуіп болдық. Заманауи техниканы пайда­ла­нып отырмыз, солардың арасында пнев­матикалық сепкішіміз де бар. Онда барлық үдеріс автоматтандырылған. Тұ­қым тереңдігі – 2,5 см, аралық қашық­ты­ғы – 15 см болатын ретпен себіледі», дейді А.Дүйсенбінов.

Егістік алқабындағы жұмыс барысымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев та барды. Өңір басшысы шаруалармен тіл­де­сіп, өнімді ойдағыдай алуына сәттілік тіледі.

«Өткен жылы қызылша алқабы 4,2 мың га болса, биыл оның көлемі 8,1 мың га жетеді. Соған сәйкес өнім көлемі де екі есе өседі. Бүгін «Дүйсенбінов» шар­уа қожа­лығында болып, егістік жұмыс­та­ры­ның барысын көрдім. Бұл – облыс­та қызылша өсірумен ұзақ уақыттан бері айналысып келе жатқан тәжірибелі шаруашылықтың бірі. Қазір мұнда бар­лық агротехнологияны сақтай отырып, қант қызылшасы себіліп жатыр. Облыста Ақсу және Көксу қант зауыттары бар екенін білесіздер. Шамамен 40-45 мың тонна қант аламыз деп жос­парлап отырмыз. Бұған қоса екі зауытта да қант құ­ра­ғы өңделеді», деді Б.Исабаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ескелді ауданында қант қызылшасын өсірумен 70-тей шаруа айналысады. Өткен жылы егіс алқабы бір жарым мың гектардан асып, 100 мың тоннадай өнім алынған болатын. Ал биыл аудандағы қызылша алқабы екі мың гектарға жеткізіледі.

Биыл жетісулықтар қант қызылшасы егуден рекорд орнатуға ниетті. Осы орайда Сарқан ауданы иелігін­дегі жер телімдерін тиімді игеріп, жаңа ауыл­шар­уашылығы техникаларымен толық қам­тамасыз етілді. Мысалға төрт тү­лі­гін өргізген, шаруасын шалқы­тып келе жатқан «Бекишов» шаруа қожа­лы­ғын алып қарасақ.

Алмалы ауылдық округінде орын тепкен қожалық басшысы, ел арасында қайырымдылық істерімен таны­мал Ерлан Бекішов. Ол іскерлігі мен іл­кім­ді­лі­гі­нің арқасында  шаруа­шылық ісін ілгерілетіп, ауыл­дас­тарын жұмыспен қамтып, қажетті жағдай жасап отыр.

Тоқырау жылдарында, дәлірек айт­қан­да, 1997 жылдардың бастауында құ­рыл­ған «Бекишов» шаруа қожа­лы­ғы қазір аудандағы маңдайалды шаруа­шы­лық­тардың қатарында саналады. Ерлан Төлеубайұлы басқаратын қожа­лық шар­уаға қажетті техникалармен то­­лық қам­тамасыз етіліп, мемлекет қол­­­дауын көріп отыр. Атап айтқанда, 12 трак­торы, 1 «КамАЗ» жүк көлігі, басқа да қа­­жет­ті техникалары бар.

Ендігі кезекте қызылша жинайтын комбайн алуды ойластырып жүрген қо­жалық басшысы сол мақсатына да же­тері анық. Қызылша өсірумен 10 жылдан астам айналысып келе жат­қан шаруашылық жетекшісі иелігін­де­гі – 50 гектар жерге тәтті түбір орналас­тыр­­ғанын, келешекте техникаларын же­тіл­діріп, көлемін 100 гектарға дейін ұл­ғайтуды жоспарлап жүргенін де жет­кіз­ді.

Қарамағындағы жерге барлық ауыл­шар­­уашылық өнімдерін еккен қожалық басшысы суармалы алқаптың әрбір тана­бын тиімді пайдаланып, биыл 200 гектар жерге жүгері де отырғызыпты. Да­­қылдарды уақытында күтіп-баптап, ба­ла­дай мәпелесе, мол өнімге де қол жет­­кізуге болатынын, көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін қо­жалық еңбеккерлері уақытпен санас­пайды.

15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық басшысы еңбек қызып, жұмыс күші жетіспейтін мезгілде қо­сымша маусымдық 5 жұмысшы алатынын да мәлімдеді. Жер өңдеп, одан мол өнім алуды көздеп жүрген шаруа­шылықтың шаруасы мығым, ба­ғын­дыр­ар белесі биік, демек еңбектері де жемісті болмақ.

Жалпылама алғанда, биыл егін шаруа­шы­­лығында дақылдардың егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 519 мың гектарға же­тетін болады. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 517,2 мың га құраған. Қазіргі уа­қыт­та көктемгі дала жұмыстары қар­қын­ды жүргізілуде, шаруашылықтар тұ­қым, минералды тыңайтқыш пен дизель отынымен толық қамтылған.