• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 23 Мамыр, 2023

Киеге де ие керек

880 рет
көрсетілді

«Жәдігер жерде қалмасын!» акциясымен ақтөбеліктер облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына біраз құнды жәдігер тапсырды. Ел ішінде әлі күнге дейін ата-бабаларының «көзін» үйлерінде сақтап жүргендер көп. Соң­ғы жылдары қорға ұстаның көрігі, тары түйетін келі-келсап, алаша, әде­мі өр­нектелген сандық-кебеже сияқты тұрмыстық бұйымдар көптеп түсті.

Музей қорына түскен соңғы жәді­гер­лерді Білім беру ісі­нің құрмет­ті қызметкері, Қазақ ұлт­тық жараты­лыстану ғылым­дары ака­де­миясының кор­респондент-мү­шесі Абай Орын­баев, белгілі қолөнер шебері Ерқосай Әбілов, Ауған соғысы ардагерлерінің төр­­ағасы Аслан Балқасынов, жеке кәсіпкер Артем Василенко, Ақ­серік Төре­мұ­ратова, Ақалма Ізбасова, Сы­рым Байдрахманов тапсырды.

Жыл ішінде мұражайға 1 216 экспонат түскен. Олардың қата­рында музей ардагері Рысжан Ілиясованың жеке заттары, Әбіл­қайыр ханның жары Бо­пай ханым кратинасы, соғыс ардагерлерінің орден-ме­­дальдары, каратэ-додан Ха­лықаралық дәрежедегі спорт шебері Ринат Сағындықовтың спорттық құралдары бар. Құнды экспонаттар қатарында екі жүз жылға жуық тарихы бар құман мен бір ғасыр бұрын қолданылған түбіт тарайтын ая бар. Мұғалжар ауылының тұрғыны Серікбай Есетов Төсбұлақ деген жерде жазда шөп шауып жүріп құман тауып алған. Құманның астында 1833 деген жазу бар екен. Салмағы 2 килодан аса­тын жез құман құм ішінде жақсы сақ­талған.

Ертедегі шеберлердің қолда­рынан шыққан заттарға қарап, қазақтың ұлттық тұрмыстық бұйымдарын сол үлгіде жаңарта білу өте маңызды, дейді қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы. Өйт­кені қазіргі шеберлер көп жағ­дайда қазақты өрнектерді қол­дану ретін біле бермейді екен. Оның айтуынша, ертеде қыз-келіншектердің камзолдары мен бешпенттерінің өңіріне гүл­дердің өрнегін көп салған. «Со­ның ішінде қызғалдақтың суреті басым. Мұндай ерекшелік қа­зақтың барлық өңіріне де тән. Әжелеріміз қай киімге өрнек салуды жақсы білген. Ал қазіргі шеберлер көп жағдайда ерлер мен әйелдер киімдерінің өрнектерін шатастырғаны былай тұрсын, киіз-сырмаққа жапсыратын қош­қар мүйізді барлық қиімге жап­сы­руды сәнге айналдырды. Бұл дұ­рыс емес», дейді қолөнер шебері.

Жәдігерлерді қабылдау акция­сы жыл бойы жалғасады. Сон­дықтан да тұрғындар үйде елеусіз жатқан ескі бұйымдарды музей қорына әкеп тапсырғаны абзал, дейді музей мамандары. Мұндай заттарда ертедегі ұсталар мен зергерлердің қолтаңбасы қалған. Киеге де ие керек.

 

Ақтөбе облысы