Жақында Алматыдағы Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің мәжіліс залында аса көрнекті әдебиетші ғалым, сыншы, абайтанушы, әуезовтанушы Айқын Нұрқатовтың 95 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Пәни дүниеде 35 жыл ғана жасаса да, артына соншалықты мол әрі мәйекті мұра қалдырған айтулы әдебиеттанушыны ардақ тұтқан келелі жиынның өтуіне М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мұрындық болғанын айту ләзім. Конференцияны ашқан аталған институттың директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов әрі қарай модераторлық тізгінін ұстады.
Әлқисса, сөзді әзиз Айқынның курстас досы, қазақ әдебиетінің қазіргі ақсақалдарының бірі, әне-міне өзі де 95-тің жалынан ұстайтын ақын, сатирик Мыңбай Рәш айтты. Тебіреніс толқуға толы, әзіл аралас әдемі естелікті жиылған жұрт ұйып тыңдады. Дос туралы естелікті одан әрі тағы бір курстас, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ғылым докторы, профессор Телқожа Жанұзақов онлайн жүйесінде жалғастырды. Ақын Сейфолла Оспанов Айқын ағаның алдын көрген аға ұрпақтың алғысын жаудырды.
Бұдан соң филология ғылымдарының докторлары Серік Негимов, Дандай Ысқақұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Қанипаш Мәдібаева, Гүлжаһан Орда, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Ананьева өз баяндамаларында Айқын Нұрқатовтың әдебиеттанушы ғалымдығын әр қырынан айғақтап айқындады.
Конференция аясында Айқын Нұрқатов еңбектерінің бұдан бұрын қазақ және орыс тілдерінде жеке-жеке жарық көрген бес томдықтарының, «Өзі де, сөзі де Айқын еді» атты естеліктер жинағының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Осы игі істердің ұйытқысы болып, қаржылық тұрғыдан демеп жүрген абыз ғалымның ұрпағы, «KT Cloud Lab» компаниясының бас директоры Арнұр Нұрқатов шығармалар басылымы туралы айта келе, конференция ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғысын жеткізді.
Осы арада айта кететін бір жайт, бес томдықты орыс тіліне аударған – новосібірлік ақын, қазақ әдебиетінің үлкен досы, Шәкәрім туралы поэма жазған Владимир Берязев. Он жыл шамасы бұрын осы жолдардың авторы ол кісімен сұхбаттасып, «Бойтұмары – шаңқобыз, ойтұмары – Шәкәрім» деген тақырыппен «Егеменге» жариялап еді.
Атақты ғалымды ұлықтаған сауапты жиында біз де сөз алып, ғұлама М.Әуезовтің Нью-Йорк сапарында шәкірті А.Нұрқатовтың кітабын кездестіргені туралы ой толғадық.
1960 жылы жазушы Американың Нью-Йорк кітапханасынан Айқын Нұрқатовтың сол кезде Мәскеуде шыққан «Мұхтар Әуезов» атты кітабын көруі – айрықша құбылыс.
Олесь Гончар, Соболев достар алқалап,
Қуанып жатыр.
Алғаусыз бүрлеп оң қабақ.
Щипачев ақын сұрап алыпты сол жерде
Әуезов айтқан әдемі теңеуді қолқалап.
Айқын Нұрқатовтай айдынды інісі
Америкада да алдынан шығып,
Тұрған кезде дем беріп,
Тынысы ашылып Мұхаңның,
Астам аудиторияны меңгеріп,
Кеңінен көсіліп,
Шешіліп сөйлеп жөнелді дейсің
Сөзді көкпардай өңгеріп!..
Болды осындай ғажайыбы ғажаптың,
Қолдасқан ерлердің мәртебесі жоғары.
Америка көрді алғаш ғаламатын қазақтың,
Арналды Мұхаңа Щипачевтің де ғазалы.
Алаштың асылдары түгесілген жоқ әлі,
Абайы мен Әуезові бар елдің
Әдебиеттің қазанын қайнатқан,
Аламанға түсер ардакүреңдерін сайлатқан
Айқын Нұрқатовтары да болады...
Бұл – рухани сабақтастықтың бір сәті ғана. Айқын Нұрқатовтың ізденіске толы өмірі мен шығармашылығы туралы әлі талай зерттеулер жазылып, алқалы жиындар өтеді деп сенеміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ардагер-журналист
АЛМАТЫ