Қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігіне күмәнмен қарайтындардың қатары әлі де көп. Мұны медициналық көмекті тиісті деңгейде ала алмай жүрген халықтың қынжылысынан байқауға болады. Бірақ көпшіліктің талап-тілегін ескере отырып, бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралардан ілгерілеушілік те сезіледі. Бұған Орталық коммуникациялар қызметі алаңында келтірілген мағлұматтан көз жеткіздік.
Аталған брифингте алдымен Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сөз алып, МӘМС жүйесінің тиімділігі мен қазіргі таңдағы мәселелері жөнінде баяндады. Оның айтуынша, МӘМС жүйесінің тиімді өлшемдері пациентке көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі. Статистикалық деректер бойынша, 2019 жылы 20 млн-ға жуық консультация мен диагностикалық зерттеу жүргізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 142 млн-ға дейін, яғни 7 есе өсті.
– Мысалы, стоматологияны алайық. 2019 жылы 3 млн-ға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілсе, былтыр бұл көрсеткіш 13 млн-ға дейін, яғни шамамен 5 есе өсті. Бұл стоматологиялық көмектің адамдарға қолжетімді болғанын көрсетеді. Қазіргі кезде біздің балаларымыз тісін тегін емдей алды, оларға 11 млн қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, ересек тұрғындарға – жүкті әйелдерге, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін стоматологиялық қызметтер шамамен 28 есе немесе 50 мыңнан 1,5 миллионға дейін өсті, – деді Т.Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар бағасы қымбат тұратын КТ және МРТ қызметін алушылардың қатары артты. 2019 жылы 200 мыңнан аса осындай қызмет жүргізілсе, былтыр сақтандырылған 1,5 млн-ға жуық азамат аталған қымбат медициналық көмекті алды. Бұған қоса позитрондық-эмиссиялық томография қызметінің саны да сәйкесінше 13 мыңнан 21 мыңға дейін шамамен екі есе өсті.
– Алғаш рет ересек пациенттерге жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық аурулар мен жарақаттар кезінде медициналық оңалту қызметтері қолжетімді болды. Стационарларда барлығы 253 мың ересек пен балаға медициналық оңалту қызметі көрсетілді. Жыл сайын буындарды ауыстырудың қосымша 4 мың операциясы қаржыландырылады және әрбір ем-шараның құны 1,5 млн теңгені құрайды, яғни қазіргі кезде шетелге шығудың қажеттілігі жоқ. Жаңа бағдарламаның нәтижесінде бедеулік диагнозы қойылған 7 мың отбасына ата-ана болу мүмкіндігі берілді және қазірдің өзінде 3 200 бала дүниеге келді. Осы орайда экстрокорпоралдық ұрықтандырудың бір циклі 1,2 млн теңгені құрайтынын, бұл медициналық сақтандыру қаражатынан төленетінін атап өткен жөн, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, стационарды алмастыратын көмек қызметтері де 1,3 есе өсті, 2020 жылы 21,8 мың қызмет көрсетілсе, ал 2022 жылы 29 мың қызмет көрсетілген. Жүрек тамырларын стенттеу сияқты жиі жүргізілетін операциялардың бірі қазір әр өңірде жасалады және өткен жылы 25 мың пациентке жасалған. Әрбір осындай операцияның құны 1,5 млн теңгені құрайды. Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі қымбат дәрі-дәрмектерді қоса алғанда 2,4 млн-нан 4 млн адамға дейін қолжетімді болды.
– МӘМС бойынша жұмыс істейтін медициналық қызмет көрсетушілердің саны 1 300-ден 2 000-ға дейін өсті. Оның ішінде жеке клиникалардың үлесі екі есеге өскен. Жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қатысты шығыстар 3,5 есе, 24 млрд теңгеден 84 млрд теңгеге дейін өсті. Мұндай қызметтердің көлемі 4 есе, 11 мың қызметтен 47,7 мың қызметке дейін өсті. Кейінгі үш жылда күндізгі стационарларға ақы төлеуді қаржыландыру 4 млрд теңгеден 6 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал консультациялық-диагностикалық көмекке бөлінетін сомалар биыл 25 млрд теңгеден 364 млрд теңгеге дейін, яғни 14 есе өсті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бөлінетін қаражатты ескере отырып, елдің бір тұрғынына денсаулық шығындары 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін ұлғайды. МӘМС-ті енгізу мақсаттарының бірі халықтың медициналық көмек алуға «қалта» шығындарын азайту болды. Ұлттық шоттардың деректеріне сәйкес халықтың медициналық қызметтеріне жұмсайтын қалта шығыстарының үлесі 2017 жылы 33% болса, ал 2022 жылы 27%-ға дейін төмендеді, яғни 5,4%-ға қысқарған. Бұл отбасы бюджетінің нақты үнемін білдіреді, осы қаражатты балалардың біліміне, демалысқа немесе тұрмыстық шығындарға және басқа мақсаттарға жұмсауға болады, – деді спикер.
Сонымен қатар брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Сәбит Ахметов те бірқатар мәліметті алға тартып, жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Оның айтуынша, кардиохирургиялық операцияларды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін қысқарды. Қымбат КТ, МРТ диагностикасы қазір 10 күн ішінде жасалады. Сонымен қатар бұрын ақылы негізде жасалған көптеген операция, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру операциялары МӘМС аясында қолжетімді болды. Катаракта операцияның саны жыл сайын артып келеді. 2 жыл ішінде 8 мыңға жуық адамға операция жасалды.
Бұған қоса жоғары технологиялық жабдықтар қолданылатын операциялар қолжетімді болды. Жекелеген кардиохирургиялық операциялардың құны 7 млн теңгеден асады. Жалпы, 2022 жылы жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 68 операция жасалды, олардың орташа құны 3 млн теңгені құрады.
Бұл ретте қор басшысы МӘМС жұмысы қандай қағидаттарға негізделгенін түсіндірді.
– МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігі қағидаттарына негізделген. Азаматтардың осал санаттары үшін – зейнеткерлер, балалар, көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, мүгедектер үшін мемлекет жарна төлейді. Бұл – шамамен 11,4 млн адам. Азаматтардың осы санаттары үшін мемлекеттен жыл сайынғы орташа жарна шамамен 0,5 трлн теңгені құрайды. Жұмыс істейтін халық МӘМС жарнасын жұмыс берушінің есебінен және МӘМС туралы заңда белгіленген режімде өз есебінен төлейді, – деді С.Ахметов.
Осы орайда ол жұмыс істемейтін азаматтар жұмыспен қамту орталықтарында тіркеле алатынын айтты, бұл оларға МӘМС қызметтерін жұмысқа орналасқанға дейін белгілі бір уақыт ішінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Қор басшысының айтуынша, қаржыландырудың ұлғаюына қарамастан, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты халық тарапынан сын көп айтылады. Атап айтқанда, азаматтар емханалардағы ұзын-сонар кезекке, медицина қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасына, КТ және МРТ жолдамаларын ұзақ күтетініне әрі білікті дәрігерлердің жоқтығына шағымданады. Соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханалардың жұмысына көп шағым түседі. Бұл барлық өтініш-шағымның шамамен 70%-ын құрайды.
– Бүгінде қор барлық көрсетілген медициналық қызметке мониторинг жүргізеді. Бірақ соған қарамастан, қор 2022 жылдың қорытындысы бойынша 20,8 млрд теңге сомасында 3 млн-нан аса бұзушылықты анықтады. Көрсетілмеген қызметтерді көрсетілді деп жазылған жалған жазбалар жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2020 жылы – 21 мың, 2021 жылы – 35 мың, 2022 жылы 52 мың осындай факт тіркелді. Мұның ең көп таралған түрлері: жалған жазбалар, яғни нақты көрсетілген бір қызметтің орнына 3-4 қызмет түрі көрсетілді деп жазу; «Қосарланған төлем» түріндегі тіркеулер, яғни пациенттен де, қордан да қызмет үшін ақы алу. Айта кету керек, біз мұндай бұзушылықтарды анықтай алмаймыз, өйткені ақылы негізде қызмет көрсететін жеке клиникалар бар. Қор медициналық ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Нарықта 30-дан аса жеке медициналық ақпарат бар, олар – бір-бірімен интеграцияланбаған жүйелер. Осы проблемалардың барлығын шешу үшін қазіргі уақытта қор Денсаулық сақтау министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру бойынша ауқымды жұмысты бастады. Бұл ретте қордың төлем модулін цифрландыру дербестендірілген қаржылық есеп қағидаты және медициналық қызметтерді тұтынушылардың виртуалды шоттарындағы ақша қаражатының қозғалысын қадағалау негізінде жүзеге асырылатынын ерекше атап өткен жөн. Бұл дәрігердің қабылдауын мобильді құралдар арқылы растау үшін (SMS, QR-растаулар) жеке верификация тетігін енгізуге мүмкіндік береді. Ал қор медициналық ұйымдар қаражатты қайда, кімге және қандай мақсаттарға бағытталғанын бақылай алады, – деді С.Ахметов.