Электронды шылым сатылымға шыққанда ірі сауда орталықтарында, ол аздай азық-түлік дүкендерінде ашық саудаланды. Көп ұзамай «вейп» деген атауы бар шылымды жастардың, жеткіншектердің қолынан көретін болдық. Таңсық дүниені тұңғыш көрген ересектер вейптің қаптамасына қарап, бұл жай баланың ермегі, кейін әуестенбейді деп ойласа керек.
Бірақ кішкентай құралдың денсаулыққа зиянын әу баста ескерген дәрігерлер, қоғам белсенділері, мектеп басшылығымен қатар ата-аналар электронды шылымның сатылымын шектеу туралы бастама көтерген.
Жуырда әлеуметтік желіде оқушылардың электронды шылым сататын дүкеннің маңын торауылдап тұрған бейнежазбасы тарады. Сол арада кәмелет жасқа толмаған қыздың жолаушылардан электронды шылым алып беруін қолқалағанын көрдік. Иә, оқушылар өтінішін орындаған жанға ақшалай сыйақы беруден де кетәрі емес. Қаптамасы көз тартатын вейптің жарнамасы әлеуметтік желіде де жаңғырып тұр.
Демек, балалардың ертеңіне алаңдаған белсенділердің ұранынан кейін эектронды шылымға қатысты шектеулер енгізілгенімен, мұндай құралдар – әлі де болса оқушыға оңай олжа. Электронды шылымнан будақтаған түтінді балалар мен жастар қызық көргенімен құрамындағы зиянды элементтерден бейхабар. Бәлкім, білсе де ертең әуес болмаймын деп пайымдаса керек.
Өткен аптада орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандағы вейп эпидемиясының проблемалары және шешу жолдары» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелде балалардың болашағына алаңдайтын бірнеше саланың мамандары бас қосып, түйінді ой айтты. «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, Еуразиялық респираторлық қоғамның президенті Абай Байгенжин басқосуда қысқы маусымда балалар сауықтыру лагерінде демалған оқушылардан қалған бір реттік вейптер толған сөмкені ала келіпті. Дәрігерге бір тәулікте жиналған 20-ға жуық вейпті лагердің директоры тапсырыпты. А.Байгенжиннің айтуынша, электронды темекілер 2011 жылы сатылымға шыққан. Алғашында оның құрамында тек никотин болған соң, жағымсыз түтінге жастар қызыға қоймаған. Хош иісті электронды темекі 2017 жылы пайда болды. Содан соң араға жыл салып, америкалық дәрігерлер электронды темекінің зиянын айтып, дабыл қаға бастады. Өйткені жоғары сынып оқушыларының вейптерді тұтыну көрсеткіші күрт артыпты. Вейп өндірушілер, әрине, будақ-будақ хош иісті түтіннің зиянсыз екенін айтады. Бірақ бұл бос сөз екенін қазір көпшілік біліп қалды.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының саралауы бойынша электронды темекі мен вейптердің анау атарлықтай айырмашылығы жоқ. Екеуі – бір. Елдегі эпидемиологтердің зерттеуіне сәйкес, вейптердегі никотин мөлшері – жай темекідегі никотиннен 68-70 есе көп. Осыны көпшілік білсе екен деймін. Ароматизаторлардың химиялық құрамы толықтай зерттелмеді. Өзім хирург болған соң, 5 мыңнан аса науқастың өкпесіне операция жасағанмын. Электронды темекінің құрамына қарап, салдары кейін, уақыт өте шығады деп есептеймін. Электронды темекі денсаулыққа зиян келтірмейді дегенге бірде-бір ғылыми дәлел жоқ. Керісінше, оларда никотин көп», дейді А.Байгенжин.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева электронды темекінің кәдімгі темекіден айырмашылығы және зияны туралы жік-жігімен баяндады.
«Темекі индустриясының дамуымен нарықта өнімнің жаңа түрлері пайда бола бастады. Бұл өнімдердің құрамында никотинге тәуелділік туғызатын элементтер бар. Жүйке жүйеге, жүрек, өкпе, ас қорыту органдарының қызметіне кері әсерін тигізеді. Бірнеше жыл бұрын аэрозоль сұйықтығын қыздыру арқылы жұмыс істейтін темекілер шықты. Мұндай құрылғылардың ішіндегі сұйықтықта никотин болуы, болмауы да мүмкін. Бірақ құрамында басқа да қоспалар, ароматизаторлар, химиялық заттар болса ше? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, ароматизатордың 16 мың түрі бар. Жалбыз, ментол, жеміс-жидек, тағысын тағы дәм-иістер жалғаса береді. Оның құрамында денсаулыққа зиян қоспалар бар. Мұндай құралдардың көлемі, дизайны да әртүрлі болады. Қазіргі вейп тыныс алу жолда- рын зақымдап, тіндер гипоксиясын тудыруы мүмкін. Зерттеулер бұл өнімнің уытты екенін көрсетті», дейді ол.
Вейп өкпе жасушаларына теріс әсер ететінін, тыныс алу жолдарын зақымдауы мүмкін екенін айттық. Ал өндірушілер электронды темекінің кәдімгі темекіні тұтынатындар үшін зияны азырақ болады деген желеуді алға тартады. Алайда клиникалық зерттеулер көрсеткендей темекі шегуді біржола тоқтатпағандар мен вейпке көшкендердің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Керісінше, уақыт өте вейп те ағзаға кері әсер ете бастайды. Қазір елде вейп қолданғаннан кейін денсаулығы сыр бергендерге қатысты нақты факті тіркелмеді. Бірақ вейп эпидемиясының өршуіне байланысты уақыт өте ауру көбеймесіне кім кепіл? Елде тыныс алу жүйелері ауруынан болатын өлім-жітім қан айналым жүйесі ауруларынан кейінгі екінші қатарда тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі атап өткендей, бүгінде 300 мыңға жуық қазақстандық тыныс алу жүйелерінің ауруымен есепте тұр.
Құрамында белгісіз элементтері бар электронды темекі құралдарының саудасы қызып тұр. Вейпті 21 жасқа толмаған ел азаматтарына сатуға тыйым салынған. Сол секілді вейп саудалайтындарға 2021 жылы бірқатар шектеу қойылды. Бірақ құлқынын ойлаған кәсіпкерлер талап-нормаларды сақтап отырған жоқ. Әйтпесе электронды темекілер балалар мен жастардың қолына қалай тиіп отыр? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде 33 ел вейптерді сатуға тыйым салған. Батыл шешім қабылдаған мемлекеттердің қатарында Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина т.б. елдер бар. Сонымен қатар 79 ел әзірге вейпке қатысты тек бір ғана шектеумен шектеліп отыр. Яғни вейпті жарнамалауға, қоғамдық орындарда тұтынуға, саудалаған күннің өзінде зиянды екенін ескертіп сатуға тиіс. Бізде де электронды темекілерді шектеуге қатысты тәп-тәуір бастама көтерілгенімен, соңында түпкі мақсат орындалмады. 2021 жылы депутаттар вейптерді тұтынуға заң жүзінде шектеу қоюды ұсынды. Денсаулық сақтау министрлігі осы ұсынысты қуаттап, тиісті жұмыстар атқарған. Бұл сауал Парламент, Сенатта талқыланған. Денсаулық сақтау министрлігінде қоғамдық тыңдау өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында іс-шара ұйымдастырылған. Соған қарамастан нақ қазір өзекті болып отырған мәселе әлі күнге дейін талқыланып келеді. Бұл ретте денсаулық сақтау министрлігінің де ұстанымы көпшіліктің пайымымен үндесіп отыр. Яғни министрліктің қызметкерлері өскелең ұрпақтың денсаулығына алаңдайды.
Дөңгелек үстелде діни конфессиялардың өкілдері де электрондық темекінің денсаулыққа зияны туралы ортақ пікір білдіріп, балалардың, жастардың денсаулығына, елдің болашағына алаңдайтынын жеткізді. Ізін ала медицина ғылымдарының докторы А.Байгенжин балалардың болашағына алаңдап отырған мамандардың түйінді ойын қорытып, толықтырды.
«Қазір вейптен ауырғандар неге аз деп сұрақ қоятындар көп. Бірақ мұның салдары 10 жылдан кейін біліне бастайды. Мысалы, темекені жастайынан тұтынғандар соның зиянын уақыт өте көріп жатыр. Осылай жалғаса берсе, 10 жылдан кейін бармақ тістеп қалмайық. Енді қорытынды шығарсақ. Қаптамалары сәнді вейптерге, ондағы түрлі-түсті бояуларға шектеу қою керек. Вейптерді азық-түлік дүкендерінде саудалауға және ароматизаторы бар вейптерді шығаруға, тасымалдауға тыйым салу қажет. Білсеңіздер, Қытай вейптерді көп өндіреді. Бірақ олардың өзінде ароматизаторы бар вейптерді сатуға тыйым салған. Тек экспортқа шығара алады. Олар тұтынса, тек никотині бар электронды темекілерді тұтынады. Меніңше, біз осы мәселеге қазірден мықтап кірісіп, электронды темекілердің зиян екенін халыққа түсіндірумен шектелмей, жоғарыда айтылған ұсыныстардың заң аясында шешілуіне атсалысуымыз керек. Біздің айтпағымыз – осы», деді А.Байгенжин.
Сонымен, дөңгелек үстелде бас қосқан әр саланың мамандары электронды темекіге, вейпке әуестену әлеуметтік, медициналық жағынан және дін тұрғысынан да кереғар екенін түсіндірді. Енді, көпшіліктің күтіп отырғаны – электронды темекіге, вейптерге қатысты шектеу шаралары Заң аясында күшейсе, құрамы беймәлім күдікті тауарлардың жолына тосқауыл қойылса деген талап-тілекпен ұштасады.