• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Мамыр, 2023

Көш басында – GGG мен Qazaq style

2144 рет
көрсетілді

Әлемге әйгілі The Ring журналы орта салмақта күш сынасып жүрген ең мықты кәсіпқой боксшылардың рейтингін жария­лады. Үздіктер көшін Қазақстанның мақтанышы, әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин бастап тұр.

Кәсіпқой рингте жұды­рық­тасып жүргеніне 17 жылдан асқан 41 жастағы GGG-дің ба­ғындырмаған белесі жоқ. Сол аралықта 45 кездесу өткізген ол 42 мәрте жеңіс тойын тойлады. 37 қарсыласын нокаутқа жіберді. Кезінде Головкин Мэттью Мак­лин, Кертис Стивенс, Дэниэл Гил, Мартин Мюррей, Вилли Монро, Давид Лемье, Доминик Уэйд, Келл Брук, Дэниел Джей­кобс, Ванес Мартиросян, Сергей Деревянченко, Камил Шеремета, Рета Мурата сынды саңлақтарды оңдырмай сабады. Оның әлі тек мексикалық Сауль Альвареске жетпеді. GGG Канелоға екі рет есе жіберді. Тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Гена әр жылдары ең белді төрт нұсқаның да алтын белбеуін иеленді.

Екінші орынға Жәнібек Әлімханұлы көтерілді. 30 жас­тағы қазақтың қайсар ұлы 2016 жылдың қоңыр күзінде тұсау­кесер кездесуін өткізген. Содан бері 14 рет шаршы алаңға шығып, барлық бәсекелесінен ба­­сым түсті. Тоғыз айқаста ай­­қын басымдық танытты. Соңғы рет Жәнібек 13 мамырда ұлы­­британиялық Стивен Бат­лерді екінші раундта ұрып жығып, WBO нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуін сәтті қорғады. Сол жеңісінен кейін Qazaq style Сауль Альварес пен Джереми Чарлоны жекпе-жекке шақырды. Егер олар Әлім­ханұлының ұсы­ны­сын қабыл алса, онда көрермендер керемет бір жекпе-жектің куәсі болары даусыз.

Үздіктер ті­зімінде та­ғы бір отан­да­сымыз бар. Ол – Мейірім Нұрсұлтанов. 29 шіл­деде 30 жасқа толғалы отырған қан­дасымыз да дәл Жәнібек Әлім­ханұлы секілді өзінің кәсіпқой бокстағы карьерасын 2016 жылы бастады. Қазіргі рекорды – 19 кездесу, 19 жеңіс, 11 нокаут. Бүгінгі таң­да Мейірім WBC пен WBO нұсқаларының рейтингінде – төртінші және IBF-та алтыншы орынды ен­шілеп отыр.

Сондай-ақ The Ring журна­лы­ның орта салмақтағы ТОП-ондығына Хайме Мунгия (Мек­сика), Карлос Адамес (Доми­никан Республикасы), Лиам Смит (Ұлыбритания), Сергей Дере­вянченко (Украина), Эри­сланди Лара (Куба), Феликс Кэш (Ұлыбритания) және Крис Юбэнк (Ұлыбритания) сынды былғары қолғап шеберлері еніп отыр.