Арқаның кербез сұлу Көкшетауын тамашалағысы келіп, жер-жерден ағылатын жұрттың қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр курорттық аумаққа 711 мыңнан аса адам келіпті. Биыл туристер саны бұл межеден де асып түсуі мүмкін. Бұл ретте демалушылардың да қауіпсіздігін, тұмса табиғаттың да бүтіндігін қамтамасыз ету аса маңызды. Мұндайда «ақылды», яғни смарт жобалардың тигізетін септігі мол.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Президент Іс басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарының бірі. Бұл аймақтың инфрақұрылымын дамыту барысы туралы Президент Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында егжей-тегжейлі мәлімет берді.
– Былтыр курорттық аймаққа 711 мыңнан аса адам келді. Бұл – тек ұлттық парктің бақылау-өткізу бекетінен өткендердің саны. Ал биылғы көрсеткіш былтырғыдан кем түспейді деп межеленіп отыр. Әрине, туризмді дамытып жатқан өңірге демалушылардың көп келгені жақсы. Дегенмен ұлттық парк үшін бұл біршама жүк екенін де ескерген жөн. Сондықтан «Бурабай Даму» кәсіпорны мен «Бурабай» ұлттық паркі белсеніп жұмыс істеуі керек. Бұл, әсіресе, өрт қауіпсіздігі мен қорықты қорғауға қатысты, – деді.
Оның айтуынша, өртті дер кезінде анықтап, тез арада ауыздықтауда смарт-жүйе өз тиімділігін көрсетті. Айталық, былтыр 21 өрт оқиғасы тіркеліп, жалын шарпыған жер көлемі 1,3 гектармен шектелді. Яғни тілсіз жаудың таралу аумағы 2021 жылмен салыстырғанда 8,6 есе азайған.
– Биыл жалғасын табатын «Smart National Park Burabay» жобасының аясында 5 өткізу-бақылау бекетін автоматтандыру, қоршаған ортаға мониторинг және сараптама жасайтын қосымша құралдар орнату, ғылыми жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар өртті ерте анықтайтын қосымша 3 бақылау камерасы қойылмақ. Осылайша, бақылау камералары бар 17 мұнара арқылы «Бурабай» паркінің ғана территориясын емес, іргелес жатқан қорғалатын аумақты да бақылап отырады. Бұл дегеніміз – 377 166 гектар жер, – деді А.Дәдебаев.
Сонымен қатар ол биыл жазда туристердің ат шалдырып, аяқ суытуына арналған қосымша 35 бекет бой көтеретінін, оның ішінде 26 бекетке от жағатын ошақ қойылатынын жеткізді. Үстел, сәкі, ошақ, өрт сөндіру құралдары қойылған осындай орындар Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты көлдерінің жағасында, сондай-ақ «Терраса парк» қонақүйінен «Ақбура» курортына дейін созылып жатқан велосипед жолының бойында орналасады. Ал от жағуға болмайтын, тек тамақтанатын, демалатын орындар «айқұлақ» мүсіннен бастап Абылай хан алаңына дейінгі веложолдың бойында, Кенесары үңгіріне жақын маңда салынады.
Осы орайда туристерге арналған бекеттердің нақты картасын «Бурабай Даму» ЖШС мен «Бурабай» МҰТП сайттарынан, сондай-ақ Ұлттық парктің мобильді қосымшасынан көруге болатынын атап өткен жөн.