• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Мамыр, 2023

Ахмет Мәметовке құлпытас қойылды

447 рет
көрсетілді

Кеңестік репрессия жылдары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кеткен арыстарымыз аз емес. Олардың көпшілігінің соңғы мекені – зираты да белгісіз. Осындай аяулы азаматтың бірі Ахмет Мәметов болатын.

Ахмет Мәметов 1938 жылы 31 қаң­­тарда Алматы қаласындағы тері-вене­ро­логиялық институтының директоры қызметінде жүргенде тұтқынға алыныпты. Сол жылы 11 қараша күні «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген. Әрине, ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұмабаевпен бірге Ғалия медресесінде оқыған, ұлтының азаттығы, ұрпақ тәрбиесі жолында бірнеше кітап шығарып, баспасөз саласында белсенді қызмет еткен, Алаш қозғалысы қатарында жүріп, 1918 жылы Ойыл уәлаяты үкіметінің «Еркін қазақ» газетін шығарған Ахмет Мамытұлының кеңестік репрессия тырнағынан аман қалуы мүмкін емес еді. 20-жылдардың ортасынан-ақ қудалана бастаған Ахмет Орал губерналық «Қызыл ту» газетіндегі жауапты хатшы қызметін тастап, мүлдем жаңа салаға кетеді. Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, дәрігер мамандығын алып шығады. Сөйтіп, осы қызметінде де ұлты үшін қыруар жұмыс атқарады. Қазақстанда тері-венерологиялық аурулармен күрес жүйесін қалыптастырады.

Көпшілік жұртқа Ахмет Мәметов Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың әкесі ретінде де танымал. Қаршадай Мәншүк әкесінің жазықсыз қуда­лан­ға­нына қатты қапаланып, «майданға өз еркіммен сұранып барсам, ерлік көрсетіп, әкемді ақтасам, оның жазықсыз екенін дәлелдеп, құтқарсам» деген ойда болғанын кейінгі зерттеушілер жазып жүр. Бұл шындыққа саяды. Өйткені репрессияға ұшыраған арыстардың туыс­тары олардың ату жазасына кесілгенін білген жоқ, ол ақпарат құпия болатын. 50-жылдардың ортасына дейін НКВД, ГПУ органдары репрессияға ұшырағандар туралы жалған анықтама беріп келген. Аяулы жандарының өлі-тірісін білмеу, ең болмаса олардың қай жерде көмілгенінен хабарсыз болу туған-туыстары үшін үлкен қасірет болатын.

Қазіргі Қарағанды облысының Ақто­ғай­ ауданы аумағында Әлихан Бөкей­ханның ата-анасы мен ет жақын туыс­тары жерленген Талдыбейіт зираты бар. Әлиханның інісі Смахан төре ағасын жоқ­тап, осы қорымға Әлиханның бас киі­мін көміп, құлпытас орнатқан екен. Дәл осындай жан тебірентерлік оқиға Батыс Қазақстан облысында да болған. Алаш­тың тағы бір айбоз арысы Жаһанша Дос­мұхамедұлының немере інісі Құдес Қуа­нышәлиев 70-жылдары әулеттің ата­қонысы Қарақұдық жайлауында Жаһан­шаға белгі орнатып, «осы жерге кел­ген жан марқұмның аруағына дұға етсе, сауап болар» деп жазған еді.

Түрлі себеппен денесі жерленбеген­ не­месе қабірі белгісіз жанға арнап сим­во­ликалық мәнде белгі орнату – дүниежүзі халық­тарының көпшілігінде бар ғұрып. Ол кенотаф деп аталады. Бақилық болған жан­ның жер бетінде қалған «үйі», кейінгі ұрпақ­тары іздеп барып зиярат ететін кие­лі­ орын қазақ үшін де ерекше қастерлі ғой.

Белгілі демограф ғалым Мақаш Тәті­мов­тің дерегінше, 1937-1938 жылдары­ Алматы қаласында және Алматы ма­ңын­­­­дағы абақтыларда өлтірілген екі мың­дай адамның мәйіті қазіргі Алматы облы­сының Талғар ауданына қарасты Жаңа­лық ауылының іргесіне үйінде ретін­де көмілген. Дәл осы жерде 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнал­ған ескерткіш бой көтерді. Ал 2018 жыл­дың 1 желтоқсанында құрбандарға арнал­ған­ музей өз жұмысын бастады. Осы му­з­ейде Алматы облысында кеңестік сая­си жүйенің құрбаны болған 4125 адам­ның­ аты-жөні, өмір сүрген жылдары жазыл­ған. Сол тізімдегі тұлғаның бірі жоғарыда айтылған Ахмет Мәметов болатын.

Жақында осы музей кешенінің аума­ғын­да Ахмет Мәметовке ескерткіш бел­гі­ қойылды. Оған мұрындық болған – Ахаң­ның­ туған інісі Қанаттың қызы Шолпан апай­ мен жұбайы, әскери медицина қыз­ме­ті­нің құрметті ардагері, полковник Кеңес­ Исанов. Осы іс-шараға қатысып, біз­ге ақпарат берген алаштанушы ғалым, эс­сеист жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың ай­туынша, Жаңалық музей-кешенінде осы­мен оныншы кенотаф орнатылған екен.

 

Батыс Қазақстан облысы