• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Мамыр, 2023

Бізді әлеммен порттар байланыстырады

361 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет үйінде өткен еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық даму мәселелері жө­нін­де­гі кеңейтілген кеңесте байтақ даламыздан өтетін ха­лық­аралық дәліздерге баса мән беру керектігі туралы айрық­ш­а тоқталып өткен еді. Мем­ле­­кетіміздің батыс пен шығыс елдерінің арасына гео­гра­фиялық жа­ғынан өте қо­лай­лы орналасуын есепке алсақ, сала бойын­ша Президент тапсырмаларын артығымен жүзеге асыруға мүм­кін­дік жеткілікті.

Ресей мен Украина қақтығысы Батыс пен Шығыс елдерінің көбін сарсаңға салып, таптаурын мыңжылдық қатынас жолдарын өзгертіп, жаңа транзиттік дәліздер іздеуге мәжбүр етіп отыр. Егер Үкімет халықаралық жолдардың жөні мен жігін дұрыс үйлестіре білсе, біздің ел бұл жағдайда ұтылыс емес, ұтысқа шығары кәдік. Оның ондаған дәлелін алыс-жақын шетелдердің сала мамандарының Ұлы далаға емініп, ентелеп тұрғанынан көруге болады.

Жуырда Отандық инвестициялық ынтымақтастық агенттігі конференция ұйымдастырды. Жиынға Алматы облысының әкімдігі, SPG, Қытай консулы және бизнес қауымдастығы, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «QazTrade» өкілдері қатысты. Маңызды іс-шара барысында Алматыда өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Сөйтіп, жаңадан логистикалық хаб салу ісі қолға алынатын болды. Жаңа жоба жүзеге асса бұл логистикалық хаб автожол, теміржол және әуе жолын біріктірмек.

 

Бүкіл әлемнің оңтайлы дәлізі

Конференция барысында Алматы об­лы­сында шетелдік тауар тасы­мал­дау­шыларға арналған қоймалары бар логистикалық парк пен құрғақ порты іске қосылатыны айтылды. Бұл тек логис­тикалық сектордың ғана емес, өңір бизнесінің де дамуына септігін тигізеді. Аталған жобаны жүк тасымалы бойынша әлемдегі №1 порт – Шаньдун порт корпорациясы (SPG) ұсынып отыр. Аталған корпорацияның делегациясы Алматыға Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің арнайы ша­қ­ыртуымен келген.

– Батыста «Бүкіл әлемді порттар бай­ланыстырады» деген сөз бар. Біз теңіз порттарынан бөлек, құрлық порттары да өте маңызды рөл атқаратынын айтқымыз келеді. Екі ел арасында барынша қолайлы логистикалық дәліз жасасақ дейміз. Біздің топ логистика және сауда саласында қазақстандық кә­сіп­орындармен ынтымақтастықты те­рең­детуге күш салуда. Қазақ елі мен Қытай арасындағы тиімді қарым-қаты­нас­қа өз үлесімізді қосатынымызға сенім­діміз, – дейді SPG бас директоры Ли Фэнли.

Алматы агломерациясында ірі сауда-логистикалық хаб ашу жоспары «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев бөлісті. Оның айтуынша, хабты Алматы айналма теміржол желісі (73 км) жанынан салу көзделіп отыр екен.

– Әзірге техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Осы сәтті пайдаланып, SPG өкілдерін ынтымақ­тас­тықта жұмыс істеуге шақырамыз. Бір­қа­тар ірі компаниялар хаб құрылысын салуға қызығушылық танытып отыр. Аталған жоба аясында өңір логистикасы, интермодальды тасымал дамиды, ол авто­жол, теміржол және әуе жолын бі­рік­тіреді. Сонымен қатар ірі құрғақ порт салынады, – деді Е.Қойшыбаев.

Конференцияға қатысушылар Еуропа мен Ресей Федерациясынан Оңтүстік-Шығыс Азияға электрмобиль­дер тран­зи­тін іске қосып, сондай-ақ SPG порт­тары арқылы отандық астықты экспорттау мәселесін де қарастырды.

– SPG серіктесіміз ретінде ұзақ мер­зімді ынтымақтастық үшін күш сала­ты­нына сенімдіміз және біз өз тара­пы­­мыздан бар жағдайды жасаймыз. Әлемдегі №1 порт тобынан smart инвестициялар күтеміз. Логистикалық тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін қы­тайлық және қазақстандық тараптың инфрақұрылымы мен мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызын атап өткен жөн, – деді Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің жетекшісі Айдын Байеділов.

 

Жүк тасымалындағы жаңалық

Осы жылдың бірінші тоқсанында біздің ел мен ҚХР арасында жүктерді тасымалдау өткен жылдың сәйкес ке­зе­ңі­мен салыстырғанда 32 пайызға өсіп, 6,5 млн тоннаны құрапты. ҚХР-дан жүк қабылдау 7 пайызға, яғни 2,6 млн тоннаға көбейген. Жүктерді ҚХР-ға тап­сыру 56 пайызға, яғни 3,8 млн тон­на­ға дейін артты. Алтынкөл стансасы бо­йынша жүк тапсыру үш есе, 1,2 млн тон­наға, қабылдау 4 пайызға, 1,5 млн тоннаға дейін артты.

Қытай бағытындағы жүктерді тасы­мал­­­­дауға сұранысты ескеріп, ҚТЖ отан­­дық астық тасымалдаушылармен ке­­лі­сімге келе отырып, қанатқақты по­­­йызын іске қосты. Жоба ҚХР мен Қа­зақ­­стан теміржол және терминалдық инфра­құрылымының дайындығы мен мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған. Еске салсақ, антиковидтік іс-шараларға байланысты Қытай соңғы екі жылдан бері астықты астық вагондарымен қа­был­­даудан бас тартып, тек контейнерлермен әкелуді талап етіп келеді.

Қазір отандық өнімді экспорттық тасымалдауды дамыту үшін Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс біткен соң өткізу қабілеті 5 есе артады. Сондай-ақ Бақты – Аягөз теміржол жобасы іске асырылуда. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін жылына тағы 20 млн тоннаға арттырады.

 

«Жасыл» және «ақылды» порт салынады

Көрші ел тек халықаралық жолдар арқылы жүк тасымалдау және тауар алмасумен ғана шектеліп қалмай, саладағы түрлі іс-шаралар бойынша да бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Жақында Ақтау және «Shangdong Port Group» (SPG) тобына кіретін Qingdao Port сауда порттары SPG делегациясының біздің елге сапары аясында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Тараптар тәжірибе мен ақпарат алмасу бойынша тығыз өзара іс-қимыл және бірқатар мәселе бойынша: персоналды даярлау, пайдалану үдерістерін оңтай­ландыру, логистика бойынша ық­ти­мал ынтымақтастық туралы уағда­лас­ты. «Жасыл» және «ақылды» порт салу саласындағы келісімді кеңейту жоспарланып жатыр.

Кездесуде тараптар өздерінің мүмкін­дік­тері мен перспективалық даму жос­пар­ларын таныстырды. Сондай-ақ ТХКБ бағыты бойынша транзиттік тасымал тиімділігін арттыруға отандық және қы­тайлық тараптардың қолданыстағы ин­фра­құрылымы мен артықшылықтарын пайдаланудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады.

Еске салсақ, Shandong Port Group (SPG) – жүк айналымы бойынша әлем­де­гі бірінші порттық тобы. Топқа бизнес­тің 12 сегментінде жұмыс істейтін 12 компания мен 4 порт кіреді: кеме қатынасы, сауда, логистика, ғылыми-техникалық әзірлемелер, жабдықтар өндірісі, т. б.

Бұлармен бірге «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ҚХР ірі порт операторы SPG порт тобы қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде мультимодальды контейнерлік сервистер мен цифрлық өнімдерді бірлесіп дамытатын болады.

Құжатта цифрлық көлік-логис­ти­­­калық сервистерді, порт және тер­ми­нал­дық қызметтерді дамыту, сондай-ақ теңіз тасымалдарын, оның ішінде Каспий және Қара теңіздегі теңіз буынын дамы­ту саласындағы ынтымақтастық көз­­­дел­ген. Бұған қоса тараптар тұрақ­ты контейнерлік сервистерді құру үшін біз­­дің ел арқылы маршруттарды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағ­дарын бірлесіп пайдалану мүм­кін­ді­гін зерделейді.

Осы кездесу аясында қатысушыларға Қытай, Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО және Таяу Шығыс елдерінің сауда логис­тикасын байланыстыратын Алма­ты агло­мерациясындағы сауда-логис­ти­ка­лық хаб-жобаның тұжы­рым­­дамасы таныс­тырылды.

Shangdong Port Group президенті Ли Фэнли бастаған делегация елі­міз­дің Құрық портында да болды. Онда паром кешенінің қызметі мен инфра­құ­ры­лы­мымен танысты. «Құрық порты» ЖШС бас директоры Серік Ахметов қонақтарды порттың өткен жылдардағы жұмыс нәтижесімен таныстырды. Мұны­мен бірге, ТХКБ бағыты бойынша логис­тиканы дамыту жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Бұдан кейін тараптар Құрық порты мен SPG Port of Rizhao арасында достық қарым-қатынас орнату бойынша келісімге келді.

 

Ескі жоба, жаңа келісім

Каспий теңізін көктей өтіп, Әзер­бай­жан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа елдеріне сауда керуендерімен төте тартуды біздің ел көптен бері көксеп, жобасын жасағанымен жүзеге асырудың реті келмей жүрген-ді. Қазіргі геосаяси жағ­дай сол кеудедегі көк аспанға пара­пар көксеуді амалға асырудың сәтін тудыр­ғандай.

Таяуда бауырлас Әзербайжан Рес­пуб­­­ликасының президенті Илхам Әлиев елімізге ресми сапармен келген­де мем­лекет басшыларының не­гіз­гі кө­тер­­ген тақырыбының бірі Шығыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі бол­ға­­ны мәлім. Онда Каспий теңізін таязданудан барынша қорғауға, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерді іске асыру қа­жет­тігін растады. Оған қоса, өңір елдерінің көлік-транзит саласындағы мәселелерін тиімді шешу жағдайын да назарға алды. Сөйтіп, өзара іс-қимылы ортақ мүдделерге сай және ұлттық көлік стратегиялары ба­сым­дықтарына көңіл бөлді. Ал Шы­ғыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі мұ­ның маңызды бағыты болып саналады.

Осыған орай тараптар 2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда өткен Транскаспий өзара байланысы жөніндегі министрлік кез­десуінде 2022-2027 жылдарға арнал­ған «Осал тұстарды» үйлесімді жою және «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі жол картасының қабылдануын жоғары ба­ға­лады. Осы құжатқа сәйкес іс-шара­лар­дың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты.

Маңызды іс-шара аясында тараптар «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) жобасын іске асыруды қолдайды және екі елді Каспий теңізінің түбімен жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп салу жөніндегі жұмыстарды тезірек аяқтауға жәрдемдесетін болды. Цифрлық даму саласындағы ынты­мақ­тастықты кеңейтудің, оның ішінде электрондық құжат айналымы жүйесін және электрондық қолтаңбаларды пай­да­ланудың маңызды екенін де атап өтті.

 

Маңызды мәмілелердің мәні

Туысқан елдер отын-энергетика саласындағы, оның ішінде энергия ресурстарын тасымалдау бойынша ынты­мақ­тастықты нығайтудың маңызды екенін атап көрсетті. Баку – Тбилиси –Жейхан құбыры арқылы қазақ мұнайын же­ткізудің басталуына Әзербайжан бас­шылығы риза көңілін білдірді. Сон­дай-ақ туысқан елдің аумағы арқылы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайту жөніндегі шарттарды келісу бо­йынша одан әрі жұмыс жүргізу екі тарапқа да аса қажет екені келісілді.

Тараптар байланысты нығайтуда экономика және саясатпен ғана іркіліп қалған жоқ. Мәдениет және өнер, бі­лім, ғылым, туризм және спорт сала­ла­рындағы байланыстарды да дәйек­ті түрде тереңдетуге, қоғамдық, жастар және білім беру ұйымдары, иннова­ция­лық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қоян-қолтық істерде бір-біріне жәрдемдесу жөнінде уағдаласты.

Екі халықтың төл мәдениетін дәріптеу мақ­сатында шығармашылық ұжым­дар­мен алмасу практикасын оң бағалай отырып, 2023 жылы Әзербайжанда Қазақ­стан мәдениетінің күндерін, сондай-ақ Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізуге дайын екендігін екі тарапта айтты. Болған келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан мен Әзербайжан ара­сындағы достық және одақтастық қа­тынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Әзербайжан тарапы босаған аумақты реконструкциялау және қалпына келтіру жөніндегі мақсатты жұмыс шеңберінде Қазақстан тарапы танытқан мүдделілікті құптайтындарын жасырмады. Сөйтіп, әріп­тестер мен инвесторлардың инфра­құ­рылымдық жобаларды іске асыруға қа­тысуына жәрдем көрсетуге дайын екендерін айтты.