Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Агроқалашық елді мекенінің тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселе туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Агроқалашық елді мекенінің (Сарыарқа ауданы) тұрғындарымен нәтижелі кездесу өткіздік. Тұрғындар жолдар мен тротуарлар, инженерлік желілер салу, жарықтандыру, бейнебақылау камераларын орнату, тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, газдандыру секілді т.б. мәселелерді көтерді.
Сұрақтар жеткілікті, олар шешімін табады. Тұрғындармен бірге ең алдымен орындалуы тиіс міндеттерді белгілейміз. Агроқалашық елді мекенін кестеге сәйкес кезең-кезеңімен дамытамыз», деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, тұрғындар газдандыру мәселесін көтерген.
«Агроқалашық елді мекені газдандырылған. Кейбір жекелеген тұстары бойынша биыл жұмыс жобасы аяқталады, ал келер жылы желі құрылысы басталады. Қалған үйлер де газға қосылады. Сол сияқты апатты үйлерді бұзу бойынша да сұрақтар бар. Келесі жылы аталған елді мекенде үш үйді бұзуды жоспарлап отырмыз. Қала бойынша барлығы 200-ден астам апатты үй бар. Алдағы 3 жылда тозығы жеткен үйлердің тұрғындары үшін 2,5-3 мыңға жуық пәтер салуды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ сумен жабдықтау бойынша сұрақтар бар: жаңа ауыз су станциясы (ССС-3) арқылы осы мәселені биыл маусым айында ішінара шешеміз, ал тамыз айында тәулігіне 100 мың текше метрден астам су беріледі.
Абаттандыру маусымын ескере отырып, аудандарда жолдар, тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу жұмысы жүріп жатыр», деп жазды елорда әкімі.