Елордада жолдағы қауіпсіздік саласында жаңа технологияларды пайдалану тақырыбында форум өтіп жатыр. Форум аясында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жыл сайын халықаралық транзит ағыны өсіп келеді. Жаз айларында елімізге өздерінің көлігімен сапарлап келетін шетел азаматтары көбейеді. Ел азаматтары да басқа өңірлерге демалуға барады. Бұл тұрғыда жолдағы апат күрт өсуі мүмкін. Жолдағы апат санын тек полиция күшімен азайту мүмкін емес», деді Игорь Лепеха.
Оның айтуынша, еліміздің ауқымды аумағын ескере отырып, полицейлер патрулін әр жолдың бойында жиі қою мүмкін емес.
«Қазір полицейлердің біраз функциялары қысқарған. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлеріне көлікті себепсіз тоқтатуға тыйым салғанбыз. Жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатады. Сондықтан жолдағы көлік қозғалысын қадағалаудың барлық процесін цифрландыру аясында тиісті оңтайлы шешімдер болуы керек. Атап айтқанда, осыған дейін бұл салада біраз оң қадамдар жасалды. Қазіргі кезде облыс орталықтарында жолдағы ереже бұзу деректерінің жартысынан көбі автоматты тіркеу құралдары арқылы анықталып жатыр», деді Игорь Лепеха.