• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 26 Мамыр, 2023

Бурабайда Аскания бұғысының саны мың жарымнан асты

459 рет
көрсетілді

ҚР ПІБ «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары жүргізген санақ қорытындысы бойынша, биыл қорықтағы Аскания бұғыларының саны 1512 басқа жетті, деп хабарлайды Egemen.kz ұлттық парктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл әсем жануарлар – біздің парктің мақтанышы. Екі аяқты «қасқырлар» мен аңның қасқырынан қорғамасақ, табиғаттың осы қымбат сыйынан айырылып қалуымыз оп-оңай. Сол үшін қорықшылар бұғыларды қысы-жазы сыртынан бақылап, күзетіп жүреді, санақ жүргізеді.

Арқаның қысы қатал екенін білесіздер. Орман шаруашылықтарының әр жерінде жергілікті аң-құстар үшін жүзден астам науа қойылған. Қыс бойы қорықшылар сол науаға жемшөп пен тұз салып тұрады. Бұғы-маралдар да үйреніп алған, науа қойылған жерлердің төңірегінде жайылады»,  деді «Бурабай» МҰТП бас аңтанушы маманы Мират Бейсембаев.

Аскания бұғылары Украинадағы Аскания-Нова қорығында Қырым, Кавказ және Вапити бұғыларын будандастыру арқылы шыққан ерекше тұқым екенін айта кетейік.

1938-1972 жылдары Қазақстанның жануарлар әлемін байыта түсу үшін өзге елдерден бірқатар аң-құс әкелінген болатын. Аскания бұғысы да біздің өңірге Укаринадан сол жылдары әкелінді.

Атап айтқанда, 1963-1966 жылдары Азов-Сиваш қорығынан – 58 бас, 1984 жылы – «Аскания-Новадан» тағы 2 бас бұғы келді. Көкше өңірін жерсінген сол 60 бұғы бүгінде 1512 басқа жетіп отыр.