• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Мамыр, 2023

Келвинмен күш сынасуға дайын

313 рет
көрсетілді

UFC-де өнер көрсетіп жүрген аралас жекпе-жектің хас шебері Шавқат «Номад» Рахмонов кезінде орта салмақтың «уақытша» чемпиондық белбеуі үшін таласқан Келвин Гастелуммен күш сынасқысы келетінін мәлім етті. АҚШ спортшысы да «кет әрі» емес секілді. Егер екі тарап ортақ мәмілеге келсе, жер-жаһан жанкүйерлері аса қызықты айқастың куәсі болатыны анық.

32 жастағы Келвиннің ата-анасы ертеректе Мексикадан АҚШ-қа қоныс аударған. Өзі Калифорния штатының Сан-Хосе қаласында дүниеге келгенімен, балалық пен жастық шағы Юма шаһарында өтті. Алғашында Гастелум еркін күреспен айналысса, есейе келе аралас жекпе-жекпен шұғылданды. 2013 жылы «The Ultimate Fighter» деп аталатын реалити-шоуда көзге түскеннен кейін дарынды жігіт атақ­ты Чейл Сонненнің командасына қабылданды. Түрлі турнирлерде қа­тарынан алты рет жеңіске жеткен­нен кейін UFC-мен келсімшарт­қа ­отырып, «Темір» деген жанама есімге ие болды. Спорттың бұл түрінде АҚШ файтері барлығы 26 кездесу өткізіп, 17 мәрте жеңіске жетті. 10 қарсыласын есінен тандырды. Сегіз рет ұтылып, тағы бір бәсекенің нәтижесі есепке алынған жоқ. Сол жекпе-жектерде оны тек Крис Вайдман (2017 жылы) мен Джек Херманссон (2020) ғана мерзімі­нен бұрын жеңді. Қалған айқас­тар­да шешімді төрешілер шығарды.

Кезінде Келвин Гастелу Нейт Марквард, Джонни Хендрикс, Тим Кеннеди, Майкл Биспинг, Роналду Соуза, Крис Кертис сынды саң­лақтарды оңдырмай сабады. 2017 жылы Бразилияның Форталеза қала­сында өткен турнирде ол әйгілі Витор Белфортты бірінші раундта ұрып жықты. Кейіннен «Темірдің» марихуана шеккені анықталып, бұл бәсекенің нәтижесі есепке алын­бады. 2019 жылдың сәуір айын­да Келвин орта салмақтағы «уақыт­ша» чемпиондық атағы үшін айқас­ты. Бірақ бұл тартыста Исраэль Аде­саньяның асығы алшысынан түсті.

Ал Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 28 жастағы қандасымыз 17 рет октагонға шығып, барлық бәсекеде айқын басымдық танытты. Сегіз қарсыласын ұрып жықса, тоғызы «қылқындыру» немесе «ауырту» тәсілінен кейін жер тоқпақтауға мәжбүр болды. Кейінгі жекпе-жегін «Номад» биылғы жылдың 4 наурызында Лас-Вегаста жергілікті файтер Джефф Нилге қарсы өткізіп, оны үшінші раундта «қылқындырып тас­тады».