• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 28 Мамыр, 2023

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарыш конструкторы

2239 рет
көрсетілді

Жаңа ғарыш кемесін жасауға атсалысқан кеңес ғалымдарының арасында қазақ ғалымы да бар еді. Бірақ ол туралы кезінде айтылмады. Оған құпия мекеменің құпия маманы ретінде үнемі жасырын өмір сүруге тура келді. Бүгінде өмірден өтіп кетсе де, ол туралы ғаламтордан ақпарат таба алмайсыз. Отбасылық суреттерінен басқа ештеңе жоқ. Біздің қолымызда өмірден өтер алдында кезінде өзіне қамқоршы болып, қанатының астына алған Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын туған апасы Салиха мен жездесі Ниязғалидың шаңырағына келгенде түскен жалғыз бейнесі қалды. Бұл қазақ ғалымының аты-жөні – Оңғарбай Қазыбаев.

Ол 1940 жылғы 7 маусымда­ Қы­зыл­­­­орда облысы Арал ауданы Бөген мен Қарашалаңның ортасындағы Қы­зылқайыр деген шағын ауылда­ Қазы­бай­ ақсақалдың отбасында дүниеге кел­ген. Бүгінде бұл ауыл ешбір картада жоқ. Рысжан шешеміздің Қымбат, Салиха, Зұлпат атты қыздары болды. Өрімдей жас балалардың әкесі Қазыбай Үдербайұлы «халық жауы» ретінде 1940 жылы айдалып кетеді. Үш қыздың тірідей жетім қалуына әкелерінің бір ағайынның намазын шығарып, мұсылмандық парызын орындағаны себеп болған. Қазыбай ақсақал кейін жазасын өтеп жүріп, сол жақтан соғысқа аттанады. Оңғарбай анасының құрсағында іште қалады. Сөйтіп, ол әкесін көрмей өседі. Ендігі бар бейнет үйдің жалғыз асыраушысы Рысжан Бейсенқызына түседі. Ол «халық жауының» әйелі деп танылып, әскери отбасына бөлінетін жәрдемақыдан қағылады. 1946 жылы соғыстан оралып, кейіпкеріміздің Қымбат есімді әпкесімен бас қосқан Әжі­ғалидың сауаттылығының арқа­­сында Қазыбайдың соғысқа қатыс­қа­ны туралы дерек көздері табылып, әс­кери отбасының қатарына қосылды. Тағ­дырдың соқпағымен Бөгеннен 1942 жылы соғысқа алынған Әжіғали ақсақал ауылдасы әрі болашақ қайын атасын Сталинград майданында кез­дес­­тіреді. Соғыс аяқталғаннан кейін «Қазы­бай Үдербайұлы Сталинград түбін­де опат болды» деген хабар жетеді.

Оңғарбай Қазыбайұлы Қарашалаң елді мекенінде сегіз жылдық мектепте оқиды. Ол кездегі білім жүйесінде атүсті реформа деген жоқ болатын. Таланты асып тұрған бала 1-сыныпқа қабылданып, оқу жылының соңында екінші сыныпты аяқтап шығады. Келесі оқу жылында 3-сыныпқа қабылданып, сол жылы 4-сыныпты үздік аяқтаған Оңғарбай отбасының көшіп-қонуына байланысты 5-сыныптан бастап Бөген орта мектебінде білімін жалғастырады. Сол жылдары Аралдан 130 шақырым жерде жатқан теңіз түкпіріндегі Бөген елді мекеніне Ленинградтан жер аударылып келген, ілкіде институтта сабақ берген профессор оқытушылар ауылда орыс сыныптарын ашады. Бөген орта мектебінде 5-сыныптан 10-сыныпқа дейін қазақ мектебінде орыс сыныбын бітірген алғыр оқушы Оңғарбай сол алған білімімен Арал қаласында екі жыл орыс тілінен сабақ беріп, ұстаздық та еткен. Әрине, мұның бәрі оның Мәскеудегі Бауман атындағы техникалық жоғары училищеге оқуға қабылдануының басы болатын.

Оңғарбай Қазыбайұлы 1953 жылы Бөгендегі мектепті үздік бітірген соң, Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға тапсырып, алғашқы сынақтан «төрттік» баға алады. «Енді оқуға түсуге жол болмас» деген оймен құжаттарын алып, Арал қайдасың, деп ауылға тартады. Содан 1957 жылы Қазалы стансасындағы теміржол училищесіне құжаттарын тапсырады. Қазалыда тұратын Ниязғали жездесі мен әпкесі Салиханың үйінде жатып, теміржол училищесінде пойыз машинисінің көмекшісі деген мамандық алып шығады. 1959 жылы жолдамамен Теміртау теміржол депосына жұмысқа жіберіледі. Араға бір жыл салып, 1960 жылы Мәскеуге Бауман атындағы жоғары техникалық училищеге конкурс арқылы оқуға қабылданады. Оқу орнына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен жалғыз Оңғарбай ағамыз ғана қабылданған. Мұнда ол кеңес космонавтикасының атасы, академик С.П.Королевтен сабақ алады. Осылайша, қияндағы құм мен теңіз қоршаған Арал өңірінің қара баласы өз таланты мен қанында бар тектілігінің арқасында атағы жер жарған әйгілі Бауман атындағы жоғары оқу орнын үздік бітіріп шығады.

Мәскеудегі училищені үздік бітірген оны атақты академик В.П.Бармин қам­­қорлығына алып, өзіне ассистент етіп қалдырады. Сонау жағасын теңіз аймалаған Бөгеннен шыққан қағілез қара балаға академиктің көзі түсуі Оңғарбай Қазыбайұлының дарынды шәкірт екенін көрсетсе керек. Академик В.П.Бармин ғарыш әлемінің бас конс­трукторы С.П.Королевтің бірінші орынбасары болатын. Ол кезде Оңғарбай болашақта атағы жер жарып тұрған, адамдардың кейбіріне мақтаныш, кей­біріне үрей сезімін тудыратын атақты «Боран» орбиталық ғарыш жүк кемесін құрастырған аса құпия әскери мекеменің болашақ жетекші инженер-конструкторы болатынын білген жоқ. Ол атақты «Боран» ғарыш кемесін жасауда жетекші конструктор академик В.П.Барминнің шәкірті әрі асисстенті болады. Штаттық режімде «Мясищев – Техсервис» ААҚ танкіге реактивті қондырғы орналастыру құпия мекемесінде бас конструктордың 1-орынбасары қызметін атқарады. Осылайша, Оңғарбай Қазыбаев қазақтан шыққан тұңғыш ғарыш конструкторы атанады.

Ауылдағы қазақ мектебінде орысша білім алған Оңғарбай екі тілге бірдей жүйрік болыпты. Мәскеудегі студенттік шағында жергілікті орыс қызына үйленеді. Мәскеудің қақ төрінде – С.П.Королев атындағы конструкторлар бюросында қызмет атқарып, зейнетке шыққан ағамыз қазақ тілін ұмытқан емес. Ол қазақ әндерін ерекше сүйсініп тыңдайтын. Осы ортада жүріп әскери зымыран қондырғыларын бронды танкіге орнатудағы ерен еңбегі үшін «Патон» медалімен марапатталады. КСРО бо­йынша бұл медалімен 10 адамның ғана марапатталғанын ескерсек, бұл қатарда біздің бауырымыздың болуы да үлкен мақтаныш.

Ағамыздың айтуынша, ғарышкерлер ұшатын күні жақындағанда кон­­­­с­трук­­торлар бюросында қалыптасқан тәр­тіп бойынша сұрақ-жауап түрінде кез­десу өткізеді. Әңгіме сұхбат түрінде өр­біп,­ ғарышта күтпеген жағдай туындаған сәтте одан қалай шығу қажеттігі туралы жабық әңгімеге ұласатын көрінеді. Ол конструктор ретінде сондай кездесулерге талай қатысқан. Ғарышкерлер бірнешеу болып келгенімен, ертең олардың қайсысының ұшатыны туралы әңгіме болмайды екен. Кездесуден соң бірер күннен соң ғарыш көгіне кімнің ұшқаны туралы хабарланады. Ғарыш жүйесінің құпиялығы сондай, көкке ұшырылатын зымырандарды былай қойып, ит, мысық ұшырылса да, конструкторлардың есімі аталмайды. Демек қалыптасқан тәртіп бойын­ша Оңғарбай Қазыбайұлы қаншама ғарышкерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Техникалық дүние болған соң, онда штаттық режімнен тыс түрлі жағдай туын­дап жатады. Мұндайда әділ күресті таңдап алатындар сирек. Тым қызбалық дұрыс жолдан тайдырар еді. Осыны еске ұстаған адам ешқашан көзі жетпеген жағдайға батылдық танытпайды және парасат шегінен де шықпасы анық. Қызбалықты басып қана оған ие бола аласың. Үнемі бас изей беруге де болмайды. Бірде Оңғарбай Қазыбайұлын өте қауіпті әрі аса құпия іссапарға жібереді. Құпия әскери бөлімнің жер­асты шахтасында аса қауіпті жағдай орын алып, «радиация қаупі зор» деген дабыл қағылады. Бүкіл әскери бөлім соғыс жағдайына сай, сапқа тұрғызылады. Дабылдың шығу төркінін анықтау үшін жер­асты шахтасына түсу керек, басқа амал жоқ. Аппараттың радиациялық сәуле шығару себебін анықтауға жауапты офицер жерасты шахтасына түсуге берілген бұйрықтан бас тартып, өзіне сеніп тапсырылған қаруы мен партбилетін тапсыруға дайын болады. Бұл әрине, өте қауіпті еді. Мәселенің байыбына жете мән берген генерал амалсыздан туындап отырған мәселені бас штабқа баяндайды. Әскери билік тез арада оқиға орын алған бөлімге жетекші конструкторды жіберуге шешім қабылдайды. Егер радиация анықталған жағдайда шахтаны жоюға бұйрық берілуден басқа амал қалмайды. Оңғарбай ағамыз конс­труктор ретінде арнаулы ұшақпен тез арада оқиға орнына жеткізіледі. Ол шахта қондырғыларын тексеріп, одан алған импульс сигналының қабылдау жүйесінің дұрыстығына көз жеткізіп, өз шешімін тиісті құпия байланыстар арқылы жоғарыға хабарлайды. Бұл қазір айтуға оңай, ал ол іс жүзінде мыңдаған адамның өмірі, қаншама жауынгер мен офицерлердің тағдыры еді. Сол жолы Оңғарбай ағамыз өз сараптамасына көз жеткізіп, шешімінің дұрыстығын дәлелдеу үшін генералдан шахтаға түсуге рұқсат сұрайды. Бұл ойын аса құпия байланыспен бас штабқа мәлімдегенін де ескертеді. Жер астына түсіп, өз есебінің дұрыстығын дәлелдеу үшін дабыл көрсеткіш приборын алмас­тырады. Оның барлық қимылын бас штабтағылар монитормен бақылап отырады. Аппарат алмастырылған соң, екі секундтан кейін монитор «Бәрі қалыпты» деген белгіні көрсетеді. Жер бетіне көтерілгенде офицерлер оны құрметпен қарсы алады. Осы қауіпті оқиғадан соң, генерал оны үйіне арнайы қонаққа шақырып, ризашылығын білдіреді. Әскери бөлімнің атынан Алғыс хат беріліп, ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Одақ тараған соң Оңғарбай ағамыз елге оралу үшін Қазақстан елшілігіне барады. Аз уақыт өткен соң, оған елімізден жұмыс та табылды. «Қарағандыға бас инженер болып барасыз», деген хабар келеді. Әрине, оның бұл ойы орындалмайды.

Ол бірде Жапонияның делегациясымен жоғары дәрежеде өткен ресми кездесуге қатысады. Келіссөзге қонақтар тарапынан бес адам, кеңестік делегация­дан бес адам қарама-қарсы отырады. Кездесу үстінде жапон делегациясының басшысы орыстардан гөрі, азиялық кейіптегі оған бірден назар аударады. Келіссөз біткенде әлгі жапон қол алысу рәсімінде алақанымен оның қолын әдепті түрде қысыңқырап «шығыс халқы өкілінің осындай дәрежеге көтерілгеніне ризамын», деген сезімін білдіреді. Ол бұл әңгімесін Сыр өңіріне келген бір сапарында айтып берген екен.

Ағамыздың өміріндегі айрықша факт: Әуе институтында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әу­бәкіровке дәріс беруі.

Пәруайлы пенде үшін ең ауыр қасірет – туған елді сағыну. Бірақ ол елді қанша жерден аңсаса да, дәуір таспасына мүсәпір күйінде қалған емес. Оның мауқын басу үшін Сыр өңірінен туыстары жиі-жиі Мәскеу қайдасың деп барып тұрды. Бірақ олар өз бауырларының туған жерін тәу етер – киесі, жүз бұратын құбыласы санайтынын сезіп жүрді. Шындығында ол қамсыз, мұқтажсыз өмір сүрді, бірақ есіл-дерті туған жері болды. Қолы сәл босаса, ұзақты күн қазақ әндерін тыңдап, телеарналардан Қазақстан туралы беріліп жатқан жағымды жаңалықтарға назар аударудан жалықпаған. Оның бұл қылығын Раиса жеңгеміз байқап жүреді екен. Өкініштісі, Оңғарбай ағамызды сол кездері Қазақстанның ғылыми ортасы қалап шақыра қоймайды. Дегенмен туыстары мен жақын достары оны жат жерде жалғызсыратқан емес. Оған Мәскеу халқы да зор құрметпен қарады. Мәскеудегі Қазақ мәдениет орталығының белсенді мүшесі ретінде қоғам өміріне белсене араласты.

Қазақ ғалымы Орақ Әлиев Мәскеу төрінде докторлық диссертациясын қорғағанда Оңғарбай ағасымен танысып, ұзақты-түн сөйлесіпті. Ағамен соңғы кездескендердің бірі оның туған жиен қарындасы Сұлушаш ханым болған. Мәскеуге қыдырып барған Сұлушаш ағасының жанында үш күн болады.

Ұлы Максим әлемді шарпыған індет­тен дүние салады. Осы қайғыдан соң, Оңғарбай ағамыздың ескі ауруы қозып, жағдайы нашарлаған. Алматыға қаралы хабар тиісімен жиені, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, қоғам қайраткері Жанділдә Әжіғалиұлы туған елдің бір уыс топырағын түйіп, Мәскеуге аттанады. Аурухана басшыларына құжатын көрсетіп, өзіне марқұмның жақын бауыр болып келетінін және оның мұсылман екенін айтып, крематорияға өртеуге дайындап қойған жерінен әрең дегенде аман алып қалып, жер қойнына берудің барлық рәсімін ұйымдастырады. Сөйтіп, асыл азаматтың денесін жуып, сүйегін баласының жанына арулап қояды. Мешіт имамын шақырып, жаназасын шығартып, мұсылманша жерлеу рәсімін атқарып қайтады. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарыш конструкторы Оңғарбай Қазыбаев ұзаққа созылған ауыр сырқаттан 2022 жылы қайтыс болды. Асыл азаматтың сүйегі Жуковский қаласындағы ортақ қорымда жатыр. Оңғарбай Қазыбайұлы ұлт жадында сақталатын тұлға десек, оның туған топырағында еске алу шараларын өткізу ақылға сыйымды. Асыл азаматтың атын өзі туған Арал өңірі ескереді деп ойлаймыз.

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ