• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 28 Мамыр, 2023

Қарт құрлықпен байланыс

321 рет
көрсетілді

Геосаяси тәуекелдер Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынасты бұрынғыдан да берік нығайтуға негіз болды. Соңғы дерек бойынша, Еуроодақтан ел экономикасына тікелей инвестициялар көлемі шамамен 23%-ға өсіп, 1 12,5 млрд долларды құрады.

Жақында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен Еуропалық комис­сияның Оңтүстік көршілер, Таяу Шығыс, Түркия, Ресей және Орталық Азия бо­йын­ша басқарма басшысы Неле Эйх­хорнның төрағалығымен Қа­зақстан – ЕО Сауда конфигура­ция­­сындағы ын­тымақтастық коми­те­тінің 6-отырысы өткен болатын. Отырыста инвес­тициялық ынтымақтастық мәселелері талқы­лан­ды. Атап айт­­қанда, 2022 жылы Еуроодақ ел­дерінен Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялар көлемі cоңғы 10 жылда рекордтық көр­сеткіштерге жеткені мәлім болды. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша Еуроодақтан Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялар айтарлықтай өсіп, 1 млрд 12,5 млн долларды құраған.

Қазіргі уақытта Еуропалық капи­тал­дың қаты­суы­мен 3 мыңнан астам компания Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens, Linde Group сияқты әлемдік алыптарды қоса алғанда, Қазақстан эконо­ми­ка­сының түрлі секторларында табысты жұмыс істеп жатыр.

Өз кезегінде елімізде ЕО мем­лекеттеріне тауар экспорттау ісін жетілдіруде. Бүгінде еліміз ЕО-ға 2,3 млрд доллардан аса сомаға өң­делген тауарлардың 175-тен аса түрін ұсынуға дайын. Олар негі­зінен машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салалардың өнімі. Осы орайда ЕО-да отандық азық-түлік өнімдерінің экспорттық тауарлар ассортиментін кеңейту жайы да қарастырылып жатыр. Сондай-ақ астықтың ірі өндірушісі бола отырып, еліміз жаһандық азық-түлік күн тәртібін іске асыруда ЕО-ның стратегиялық серіктесі атана алады.

Сонымен бірге ЕО мен Қазақ­стан арасында тұрақты шикізат, аккуму­ляторлық батареялар және «жасыл» сутегі құнын құру тізбегі сала­сында стратегиялық әріптестік бойынша жол картасына қол қо­йылды. Аталған келісім биыл 19 мамырда Алматы қаласында ЕО-ОА 2-ші Эко­номикалық форумы аясында жасалған еді.

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы тауар айналымы 2023 жылдың 3 айында 10,2 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға жоға­ры (9,1 млрд доллар).