Өткен аптада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшылары Мәскеу төріне жиналды. Аталған жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқаны белгілі. Осы сапар барысында қандай маңызды мәселелер талқыланды? Оның қорытындысы бойынша нендей тұжырым жасалды?
Мәскеуде өткен жиыннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі Қазақстан қоғамында да, көршілес елдерде де қызу талқыланды. Әсіресе Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты көзқарасы таңданыс тудырғаны белгілі. Енді бәрін ретімен баяндасақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Отырыс кезінде Президент одақ аясында шетін мәселе бар екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, бұл – концептуалды шындық немесе ескеруге тиіс ерекшелік.
«Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Беларусь пен Ресей мемлекеттерінің одағы. Бұл одақтың тұжырымдамалық және идеологиялық негізі өте салмақты. Белорус пен орыс халықтары тарихының ортақтығын, тіліндегі, мәдениетіндегі, дініндегі бірегейлікті өзара мойындау, яғни бір халық – бір мемлекет екенін мойындау. Демек ЕАЭО-да одақтас мемлекет бар. Әлемдік саясат тарихында ерекше прецедент немесе құбылыс пайда болды – саяси, құқықтық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістіктері ортақ, одақтас үкіметі мен парламенті бар «екі ел, бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Тіпті қазір ядролық қару да екеуіне ортақ. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения қатысқан интеграцияның тағы бір деңгейі бар. Біз бұл шындықпен санасуымыз керек. Мұндай жағдайда қалай жұмыс істейміз? Бұл – концептуалды мәселе. Осы экономикалық форумда аталған мәселені талқылауымыз керек деп санаймын», деді Мемлекет басшысы.
Президент Қ.Тоқаевтың Мәскеудің қақ ортасында, ұйымға мүше мемлекеттер басшылары төрт көзі түгел қатысып отырғанда мәселені осылайша төтесінен қоюы кей адамды таңғалдырса, енді бірінің шамына тигендей. Мұны бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалардан байқауға болады.
Мемлекет басшысының қара қылды қақ жарып, әділін айтып жүргені күні кеше емес. Бұған дейін де Қ.Тоқаев Украинаға қатысты көзқарасын ашық білдіріп, «ЛНР» және «ДНР» деп аталатын аймақтардың тәуелсіздігін мойындамайтынын жеткізген-ді. Президент сол кезде де Ресейдің астанасында отырып ойын нақтылады.
Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгелдинов Президент Қ.Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі дамуы тек экономикалық басымдыққа негізделуге тиіс деген тезисі басты трендке айналғанына назар аударды.
«2019 жылы Мемлекет басшысы «2025 жылға қарай біз өзара саудадағы кедергілерді жоюға және тауарлардың, қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің шынымен еркін қозғалысын қамтамасыз етуге үміттенеміз», деген еді. Кеше де осы мәселені қайта еске салды. Шын мәнінде, экономикалық одақтың осындай теңсіздік олқылықтарын шешудің орнына, соңғы уақытта Ресей тарапы ұйымды саясиландыруға тырысқан сыңай танытып отыр. Оған қоса бірыңғай валютамен немесе бізбен бірге пысықталмаған кейбір шешімдерді міндетті түрде қолдаумен байланысты жобаларды ұсынғаны тағы бар. Яғни олар шешім шығарады, содан кейін бізден оларды қолдауды талап етеді. Кеше Мемлекет басшысы ерекше атап өткен одақ ішіндегі – Ресей мен Беларусь одағы. Ресеймен көршілес ел болудан ешқайда кетпейтініміз анық, ортақ 7 мың шақырым шекара арқылы бір-бірімізбен сауда жасауды жалғастыруымыз керек. Басты мәселе – Ресейге қарсы санкциялар салынып жатқанда есеміздің кетпеуі туралы ойланған жөн», дейді Қ.Майгелдинов.
Сарапшының сөзінің жаны бар. Расында, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Одаққа мүше мемлекеттер макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап, экономикалық өсім қарқыны мен өзара сауда көлемі арттырған. Мәселен, ЕАЭО құрылғаннан бері Қазақстанның Одаққа мүше елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайған. Ал экспорт 98 пайызға өсті.
Саясаттану және халықаралық қатынастар ғылымдарының докторы Виктория Кларк жиындағы ең өзекті мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанына назар аударады. The Geopolitics сайтына жазған мақаласында автор Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты саяси ұйымға айналдыруға мүдделі емес екенін ашық білдіргенін жазады.
«Президент Тоқаевтың сөзінен бірнеше қорытынды жасауға болады. Біріншіден, Қазақстан толық тәуелсіз және сыртқы саясатын дербес жүргізеді. Әлбетте, бұрын да солай еді. Бірақ кей сарапшы Ресеймен тарихи, экономикалық және мәдени байланысын ескере отырып, Қазақстан шын мәнінде, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізе ме деп күмәнмен қараған-ды. Президент Тоқаев ЕАЭО саммитінде сөйлеген сөзінде өз елінің сыртқы саясатына ешқандай сыртқы субъекті ықпал жасамайтынын ашып айтты», дейді В.Кларк.
Автор, сондай-ақ, Кремль билігінің түпкі мақсатына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық блок ретінде қала беретініне назар аударады. Оның пайымдауынша, Қазақстан – географиялық жағынан ЕАЭО-ның ең ірі мүшесінің бірі. Сол себепті Қазақстанның қолдауынсыз саяси интеграция мәселесі алға жылжымайды. Ал Қазақстан ешқандай саяси интеграцияға қосылмайтынын ашып көрсетті. «Осы мәселерді ескерсек, ұйым тек экономикалық одақ болып қала бермек», дейді автор.
«Үшіншіден, ЕАЭО-ның басқа елдермен, атап айтқанда, ЕАЭО-ның негізгі саяси және экономикалық серіктесі Қытаймен ынтымақтастығын арттыру мүмкіндігі бар. Президент Тоқаев Қытаймен, Мысырмен, Үндістанмен, Иранмен, Израильмен, Сербиямен, Вьетнаммен, басқа да серіктестермен ынтымақтастықты ЕАЭО жетілгендігінің және халықаралық қоғамдастықтағы тану мен ықпалды арттыру жолындағы сауда-экономикалық тартымдылығының маңызды көрсеткіші деп атады.
Сайып келгенде, Қазақстан ЕАЭО елдері мен сыртқы серіктестер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ашық. Сонымен қатар Батыс шенеуніктері мен бизнес өкілдері Қазақстан Президентінің ЕАЭО-ны саяси ұйымға айналдырмау жөніндегі көзқарасын құптайды. Бірлескен мүше-мемлекеттердің кез келген қысымына қарамастан, Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатын ұстанатыны анық», дейді В.Кларк.
Журналист Асхат Қасенғали Еуразиялық экономикалық одақ форумында Мемлекет басшысы атап өткен мәселе өте маңызды екенін алға тартады. Оның пайымдауынша, ұйым кей мүшелеріне тиімсіздігін көрсетіп отыр. Сол себепті келешекте одақтың қаншалықты қажеті бар деген әңгіме талқылануы мүмкін.
«Мемлекет басшысы сөз арасында ЕАЭО ішінде екі интеграция болып жатқанын айтты. Бірі – Ресей мен Беларусь арасындағы интеграция. Ол тек экономика емес, саяси, әскери, мәдени, ғылыми тұрғыдан да жүріп жатыр. Тіпті ортақ ядролық қаруы. Бұл – 1997 жылы Ресей мен Беларусь бірлесе жасаған «Одақтас мемлекет». Екіншісі – Қазақстан, Қырғызстан, Армения қатысып жатқан интеграция. Міне, Президент осы екі интеграцияны анықтап алу керектігіне назар аударды. Яғни осы жиында екі интеграцияның аражігін ажыратып, шешу керектігін меңзейді. Бұл қаншалықты маңызды және бұл мәселе ме? Маңызды. Себебі Ресей мен Беларусь арасындағы өзара интеграцияның мақсаты екі мемлекетті бір елге айналдыруға бағытталған. Ортақ парламент, ортақ қорғаныс саласы бар. Бірақ соңғы уақытта дәл сол интеграцияны Лукашенко ЕАЭО-ға тән іспетті айтып жүр. Сол арқылы ЕАЭО-ны экономикалық сипаттан саяси сипатқа жылжыта түспек сияқты. Бұл Лукашенконың сөзімен айтылса да, негізгі түпкі ой қайдан шыққанын байқау қиын емес. Сондықтан оған жол беруге болмайды, мәселе ретінде қарастырып, айту керек», дейді А.Қасенғали.
Сондай-ақ осы форум барысында тағы да бірқатар өзекті мәселе айтылды. Соның бірі – экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тиімді арттыру мәселелері. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақтың географиялық аумағы орасан зор екенін ескерсек, өзара инфрақұрылым байланысын дамыту мәселесі аса маңызды басымдықтың бірі болып қала береді.
Стратегиялық зерттеулер институты сарапшысы Әділ Кәукенов Қазақстанды Еуразияның жүрегі, Батыс пен Шығысты байланыстыратын өркениет деп есептейді. Сондықтан мемлекетіміз көршілес елдермен достық қарым-қатысты сақтап қана қоймай, аймақтық өзара ықпалдастықты дамытуға ерекше ден қойып отыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЕАЭО жұмысына қатысуға арналған кезекті сапары Қазақстанның ұстанымын нығайтуға бағытталған саясатты күшейтті. Атап айтқанда, Президент одақтың Қытаймен байланысының маңызына назар аударып, аталған мемлекетпен және бүкіл Шығыс Азиямен жұмыс істеу үшін инфрақұрылымды белсенді түрде құрып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Сиань қаласының құрғақ портында қазақстандық логистикалық орталықтың құрылысын және Қытаймен Бақты-Тәшен (Шәуешек) жаңа теміржол өткелін құру туралы хабарлады», дейді Ә.Кәукенов.
Одақ аясындағы басымдық екі бағытта дамуға тиіс. Біріншіден, одаққа мүше елдердің көлік және коммуникация салаларындағы интеграциясына мән беріледі. Екіншіден, көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамытуға ден қойылады.
Қ.Тоқаев осы орайда Шығыс пен Батысты байланыстыратын Еуразиядағы маңызды әрі ауқымды бастама – «Бір жол – бір белдеу» жобасына тоқталды. Президенттің бұған мән беруі бекер емес. Қазірдің өзінде жүзеге асырылған бастамалардың арқасында еліміздің аумағы бойынша Еуропа мен Азияны байланыстыратын халықаралық маңызы бар 6 автомобиль, 9 теміржол және 4 әуе дәлізі өткен. Оның үстіне, аталған жоба Шығыстан шыққан тауарларды Батысқа жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қытай өз өнімін Еуропаға теңіз арқылы, Үнді мұхитын кесіп өтіп, бір айдан астам уақытта жеткізіп келген-тұғын. «Бір жол – бір белдеу» бастамасы арқылы оның мерзімін әжептеуір қысқартты. Сол себепті бұл мәселеге Бейжің билігі ерекше мән беріп отыр. Осы орайда, Президент Қ.Тоқаевтың Қытайға барған мемлекеттік сапары кезінде Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығының іргетасы қаланғанын атап өткен жөн. Аталған порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға, Иранға тікелей контейнер пойыздарын жөнелтетін негізгі хабқа айналатыны анық. Сонымен қатар Бақты-Аягөз учаскесінде теміржол байланысын іске қосу және Қытай бағытында бөлек шекара өткелін салу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жоба іске қосылғалы оған қатысқан мемлекеттер мен Қытайдың тауар айналымы күрт артты. Мәселен, былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Қытай – әлемдегі ең үлкен нарықтың бірі. Елде халық саны көп болғандықтан, сырттан келетін соны тауарларға мұқтаж. Сол себепті «Бір жол – бір белдеу» жобасы – Батыс пен Шығысты ғана байланыстырып қоймайды, сонымен қатар мол табыс әкелетін бастама.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде тағы бір мәселеге назар аударды. Яғни физикалық инфрақұрылымды дамытудан бөлек, «жұмсақ» инфрақұрылымды қалыптастыруға баса мән беру қажетін атап өтті.
«Цифрландыру, кедендік әкімшілендіру ісін оңтайландыру және әкімшілік жүктемені азайту қажет. Жалпы, қазір біз Еуразияда бұрын-соңды болмаған жаңа көлік құрылымын қалыптастырып жатырмыз десек, артық айтқандық емес. Бұл іске тыңғылықты әзірлікпен әрі жұмыла кіріссек, біршама экономикалық және саяси пайдаға кенелеміз. Бізде толыққанды және конструктивті халықаралық ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екендігі туралы ортақ түсінік бар деп ойлаймын», деді Қ.Тоқаев.
Осыған байланысты Президент одақ аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп, оның танымалдылығын, сонымен қатар халықаралық қоғамдастық алдындағы беделін арттырудың маңызына тоқталды. Мұндай көзқарастың жиын барысында айтылуы бекер емес. Кез келген ұйымның әлеуеті онымен серіктес мемлекеттердің көптігімен және қуатымен өлшенетіні белгілі. Сол себепті Қытай, Үндістан секілді Азиядағы үлкен нарыққа қол жеткізу – өзекті мәселе. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс ішінара жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтырдан бері Индонезиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда жөнінде келісім талқылану үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапары барысында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысты. Аталған жиын кезінде Президент бірқатар маңызды мәселені атап өтті. Соның бірі – одақтың әлеуетін мейлінше тиімді пайдалану. Сол себепті ұйымға мүше мемлекеттер арасында тауар қозғалысы еркіндігін қалыптастыру керек.
«Шын мәнінде, кедергісіз бірыңғай нарық қалыптастыру, үшінші елдерге тауарлардың кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатқа қол жеткізу үкіметтер мен Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының негізгі бағыты болуға тиіс деп ойлаймын. Интеграция дамуының қазіргі кезеңінде аталған мәселе бойынша біз «жағдайға байланысты шешімдер» қабылдау әдісінен, ситуативті келісімдерден, «қолмен басқару» тәсілінен бас тартуға тиіспіз. Бізге толыққанды әрі жүйелі жұмыс істейтін ішкі нарық қажет», деді Қ.Тоқаев.
Саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады.
«Мемлекет басшысы «Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие» деп, ұйымның экономикалық тұрғыда дамуына баса назар аударды. Қазақстан Еуропалық Одақ, АҚШ, Түркі мемлекеттері, іргеміздегі барлық көршілерімізбен және әлемнің барша елдерімен өзара тең әріптестікке негізделген, ұлттық мүддемізден туындаған прагматикалық жолмен экономикалық, дипломатиялық байланыс орнатып келеді. Аталған ұйымның да еліміз үшін негізгі артықшылықтары – бірыңғай кедендік нормалар базасында экспортты жеңілдету, бажсыз сауда, әлемнің басқа экономикалық макроаймақтарына шығатын жаһандық көлік жолдары сынды экономикалық мүмкіндіктер. Жаhандық экономикалық көрсеткіштердің құбылмалылығына қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы ІЖӨ-нің 3,1 пайыз (225,2 млрд) доллар деңгейіндегі өсу қарқынына қол жеткізді. Алдағы уақытта да халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мақсатында дипломатиялық, экономикалық байланыстарымызды әлемнің барша елдерімен, барлық көршілерімізбен тең әріптестік пен мемлекеттік мүддеден туындаған прагматикалық ұстаным негізінде дамыта береміз деген сенімдемін», дейді Б.Серікбаев.