• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2014

Сенім мен қолдау – сот қуаты

802 рет
көрсетілді

Біздің елде халықтың сотқа деген сенімі жоғары. Сол сенімнің үдесінен шығу үшін мемлекет те соттарға барлық жағдайды жасап, олардың талап деңгейінде қызмет істеуіне бар қолайлылықты туғызып келеді. Соның арқасында соттардың да қуаты арта түсуде. Дәл соның дәлеліндей, әділдікті арқау етеді деген билерге арнап тағы бір ат шаптырым жерді алып жатқан биік те, зәулім, іші де, сырты да жайнаған жаңа ғимарат бой көтерді. Ол – Астана қаласының сот төрелігі сарайы деп аталды. Сол үмітті атына сай бұл ғимаратқа – Астана қаласының соты, Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, Есіл аудандық соты және Есіл аудандық №2 соты орналасты. Міне, кеше осы Сот төрелігі сарайында республика соттарының үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындысын жариялаған кеңейтілген кеңес те өтті. Аталған кеңес жұмы­сы басталар алдында Аста­на қаласының әкімі И.Тас­мағам­бетовтің қатысуымен жаңа ғимараттың негізгі ақ­па­рат­тық-коммуникациялық, ин­фра­­құрылымдық таныстырылымы болды. Жоғарғы Сот Төра­ғасы Қайрат Мәми жаңа Сот төрелігі сарайын салу барысында көрсеткен белсенді қолдауы үшін Астана қаласының әкіміне және кезінде Жоғарғы Сот Төрағасы болып тұр­ған кезде осы ғимараттың орын алуы үшін көп еңбек сіңірген қа­зіргі Жоғары Сот Кеңесінің Төра­ғасы Бектас Бекназаровқа алғыс білдірді. Бұдан кейін кең сарайдың керемет залына жиналған билер мен шақырылған қонақтар алдында Жоғарғы Сот Төрағасы сөз сөйледі. Ведомство басшысы өз сөзінде бұл аталған ғимараттың салынуы мемлекеттің, Мемлекет бас­шы­сының соттарға деген қамқор­лығының, құрметінің тағы бір көрінісі, сондықтан да барлық судьялар осы құрметке лайықты болу керектігін ерекше екпін түсіре атап өтті. Қайрат Мәми: «Өткен жарты жыл ішінде респуб­лика соттары сот жүктемесінің артқанына қарамастан, сот төре­лігін жүзеге асырудың және сот істерін дер кезінде шешудің сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз етті. Жалпы, барлық шығарылған сот актілерінің 98,6 пайызы заңды әрі негізді болып табылады», – деді. Бұдан кейін Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың жай-күйі туралы Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқа­сының төрағасы, қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзе­ге асырудың жай-күйі туралы Жо­ғар­ғы Соттың қылмыстық істер жө­ніндегі қадағалаушы сот алқа­сының төрағасы, сон­дай-ақ, соттардың қызметін мате­риал­дық-техникалық және қаржы­лық қамтамасыз ету туралы Жоғарғы Соттың жанындағы Сот­тар­дың қызметін қамтамасыз ету депар­таментінің басшысы кең құлашты баяндамаларын оқып шықты. Сөйтіп, соттардың 2014 жылғы бірінші жартыжылдықтағы қыз­ме­тiн талдау елдегi сот төрелi­гiн жүзеге асырудың сапасы тұ­рақты екенін көрсетіпті. Сот ор­ган­дарының бірыңғай автоматтан­дырылған ақпараттық-талдау жүйесінің (БААТЖ) деректері бойынша алғашқы алты айда республиканың аудандық және оған теңестірілген соттарына барлығы 577 982 арыз бен іс, соның ішінде 349 930 аза­маттық, 205 689 әкімшілік және 22 363 қылмыстық іс келіп түскен. Бұл 2013 жылғы бірінші жарты­жыл­дықпен салыстырғанда 50 208 іске немесе 9,5 пайызға артық. Барлығы 508 637 істі жүргізу аяқталған, бұл 2013 жылдың алты айымен салыстырғанда 11,5 пайызға көп. Атап айтқанда, 297 294 азаматтық істі қарау аяқталған, бұл 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға артық деген сөз. Бұған қоса тиісті шешім шығарылып 195 790 іс қаралған. Азаматтық істер бойынша сырттай қаралған істердің (31,2 пайыздан 23,9 пайызға дейін) және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша күші жойылған шешімдердің (53,8 пайыздан 52,5 пайызға дейін) үлес салмағы төмендегені байқалады дейді. Мәселен, 4 743 азаматтық іс бітімгершілік келісім жасаумен аяқталыпты, 1 911 іс медиатордың қатысуымен қаралған. Жалпы, осы есепті кезеңде 22 366 қылмыстық iс аяқталса, бұл 2013 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткiштен 5,6 пайызға төмен екен. Үкім шығарумен 13 123 адамға қатысты 10 467 қылмыстық іс қаралған. Бар­лығы 12 904 адам сотталған, соның ішінде 4 861 адам немесе соттал­ғандардың жалпы санынан 37,7 пайызы бас бостандығынан айы­рылған. Осылайша, жалпы ал­ғанда бас бостандығынан айы­руға сотталған адамдардың үлес салмағы 2,4 пайызға азайыпты. Жоғарғы Сот әзірлеген «Қазақ­стан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сот төрелігін жүзеге асыруды одан әрі оңайлату, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобаларын Пар­ла­мент Мәжілісі 2014 жылғы 18 маусымда қабылдап, Сенаттың қарауына жолдаған. Заң жобаларының ережелері бір­қатар жаңалықтарды енгізу арқылы сот жүйесін одан әрі жетіл­діруге, сондай-ақ, соттардың қыз­метін реттейтін нормаларды тү­зе­туге бағытталған. Атап айтқанда, Конституциялық заңның жобасы судья лауазымына кандидаттарды іріктеудің конкурстық рәсімін жетілдіруді, судья лауазымына кадрлық резервтің рөлі мен маңызын арттыруды, Жоғарғы және облыстық соттардың жанында жедел ұйымдастырушылық мәселелерді шешу жөніндегі функция жүктелетін жеке орган құруды көздейді. Жоғарғы Сот әзірлеген жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала келісілу барысында. Оны Парламенттің қарауына ағымдағы жылғы жел­тоқсанда енгізу жоспарланып отырған көрінеді. Әкімшілік рефор­ма жүргізу жөніндегі ведомство­аралық комиссияның 2014 жыл­ғы 27 мамырдағы шешімімен Жо­ғарғы Сот Әкімшілік іс жүргізу ко­дексінің жобасын әзірлеуге жауапты болып белгіленіпті. Ол Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесін құру бойынша міндетті іске асыратын болады. Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын орындау үшін Жоғар­ғы Сот «Қазақстан Республи­касының сот жүйесi мен судья­лары­ның мәртебесi туралы» Консти­туциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жә­не судьяларды зейнетақымен қам­сыздандыру тетігін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Рес­пуб­ликасында зейнетақымен қам­сыздандыру туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобалары бойынша жұмыс жүргізуде. Сот жүйесін қолжетімді ету және оны оңайлату мақса­тында Жоғарғы Сот пен жергі­лікті соттардың Интернет-қор­ларында азаматтар үшін «Сот құжаттарымен танысу» және «Сот кабинеті» электрондық сервистері іске қосылды. Осы сервистер арқылы азаматтар онлайн режімінде электрондық түрде талап-арыз бере алады, сондай-ақ, сот актісімен жедел таныса алады. Есепті кезеңде «электрондық үкімет» порталы арқылы 38 369 талап арыз, сот отырысының хаттамасын беру туралы өтініш және хаттамаға ескертулер түскен, бұл барлық 2013 жылға қарағанда 1,5 есеге артық екен. Осылайша аталған кеңес аясында биылғы жылдың алты айында сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы шығарылып, Мемлекет басшысының Судья­лардың VI съезінде берген тапсырмаларын іске асыруды назарға алған сот жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Кеңейтілген кеңес қоры­тын­дысы бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы алдағы уақытта атқары­латын жұмыстың бірқатар негізгі міндеттерін айқындап берді. Атап айтқанда, сот төрелігін дер кезінде және сапалы қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ілгерілету, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы жаңа кодекстерге сәйкес судьялардың және сот қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, сот ұжымдарында моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту, соттардың имиджін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, қысқа мерзім ішінде мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері қатарынан Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеу жө­ніндегі жұмыс тобын құрып, жұ­мысқа кірісу тапсырылды. Кеңесте алға қойылған міндеттерді іске асыру ерекше бақылауға алынбақ. Оларды орындаудың нәтижелері биылғы жылдың қорытындысы бойынша қаралатын болады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.