ХҚО қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестіріледі. Бұл жайында Премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің мәртебесін айқындауға келсек, Парламент Мәжілісінің депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің мәртебесі мен жауапкершілігін арттыру жөніндегі түзетулер қолдау тапты. Бұл түзетуде оларды мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестіру көзделген», деп жазды Әлихан Смайылов.
Ал оларға баспана алу мәселесінде жеңілдік беру туралы ұсыныс бюджет тапшылығына байланысты қолдау таппаған.
«Бұл ретте мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме ұлғайып кететіндіктен мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне мемлекеттік (жергілікті) тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекке тұру, тұрғын үйді жалға алғаны үшін шығыстарды өтеу құқықтарын беру бөлігіндегі түзетулер, сондай-ақ өзге де жеңілдіктер қолдау таппады», делінген жауапта.