Суретшінің міндеті біреу ғана – сезімнің тіл жетпейтін құпиясын, әлемнің ішіне жасырған жұмбағын бояу арқылы жеткізу. Туған жерге сүйіспеншілігі, Отанына адалдығы, дәстүрге беріктігі ол жазған шығармадан сезіліп тұрса, өзгеше пафоспен, шынайы романтикамен бейнеленсе, жүрегінің лүпілін жеткізе алғаны. Кәсіби композиция жасаудың хас шебері Зәуре Смағұлованың Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өтіп жатқан «Азия – алтын бесігім» көрмесіндегі туындылар ұлтын сүйген перзенттің шынайы пейілімен тіл қатады.
Көрмеде гобелендер, сәндік картиналар, абстрактілі композициялар, натюрморттар мен пейзаждар ұсынылған. Күрделі тоқу техникасымен толғаған алуан тақырыптағы туындылар Зәуренің гобелен өнерінде өзіндік стилі бар суретші екенін байқатады. Суретші шығармашылығында шеңбер, спираль, айқыш, тіршілік ағашы секілді пішіндерді пайдалана отырып, көшпелілер үшін қастерлі саналатын «Жерұйық» арқылы Ұлы дала дәстүріне деген адал сезімін білдіреді. «Дала патшайымы», «Құдайлардың күйреуі», «Қалыңдық» атты гобелендердің көркемдік мән-мәтініндегі стильденген символдық белгілер мен ою-өрнектер дәстүр сабақтастығы мен ұрпақтар байланысын көрсетеді.
Суретші заманауи стильде бірегей туындылар жасайды. Бұл туындылардан тамылжыған табиғаттың сұлу келбеті, кешкі қаланың саябыр тапқан тынысы, театр өмірінің мерекелік шадыман тіршілігі көрінеді. Бояудың қанықтығы мен түстердің үйлесімі жап-жарық әлемге қарай жетелей жөнеледі. Азиялық мәдениеттің шынайы көрінісін дәл бейнелеген «Жылтылдаған жұлдыздар», «Қала шамдары», «Шілде шуағы», «Ақ және қара» абстрактілі композициялары барынша ықшамдалған көркем түйінмен, кереғар түстермен ерекшеленеді. Адамның билеп тұрған бейнесіне ұқсас ырғақты иілген сызықтар ақшыл сары, бозғылт түстің аясында айқын көрініс тауып, «күллі дүние әсемдік әлемінде тербеліп тұрса» деген ойды тұспалдайды.
Көрмеде Зәуре Смағұлованың көгілдір, көк, ақық, күміс-сұр, зүбәржат түсті реңктерді басты бағдар ете отырып, басқа да бояулар гаммасын шебер үйлестірген сәндік картиналары ұсынылған. Шығыс ою-өрнегімен көмкерілген кенептерде символдық кейіпкерлер, құмыралар, табиғат әсемдігі суретшінің өзіне ғана тән нақышымен биік деңгейде бейнеленген. Шығармашылық жаңалығы мол мазмұнды көрмені тамашалағандар сурет шеберінің сұлу әлемінен өзгеше әсер алары хақ.
АЛМАТЫ