• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Пікір 30 Мамыр, 2023

Тарихи жадқа адалдық

3815 рет
көрсетілді

Жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні таяғанда, көбіміз ойланып қаламыз. «Бұл нәубет қайдан келді? Одан құтылуға болмас па еді? Ұлт қайраткерлері бірлік, көрегендік танытқанда шығын азаяр ма еді?..». Әрине, мұның бәрі – бейбіт һәм тоқ заманның сұрағы.

Кеңестік «жариялықтан» бері архивтерден қаншама құжат шықты, бұрын қозғалмаған нешеме мәтін, дерек жарияланды, бірақ қоғам нақты қорытынды, байыпты бағаны талап ететіні байқалды.

Күрделі түйінді тарқату Президент Қ.Тоқаев­ айқындаған Әділетті Қазақстан кезеңі мойнына түсіп тұр. Осы себепті 2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысының Жар­лығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Аталған комиссия пандемия кедергісіне қарамай елеулі жұмыс атқарды. Соның бір парасы – 2023 жылдың басында Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин Президентке таныстырған саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың түрлі санаты туралы құжаттар мен материалдардың 31 томдық жинағы. Танымал ғалымдар, сарапшы мамандар енген Мемлекеттік комиссия еліміздің республикалық, облыстық, аудандық архивтерінде, жабық қорларында кешенді іздеу, жүйелеу, зерттеу жұмысын жүргізді. Әсіресе заң талабымен құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұрын «жабық» саналған архив материалдарын құпиясыздандыруға, құрбандарды ақтауға байланысты қыруар іс атқарды. Мұның сыртында архив құжаттарын цифрландыру мен электронды қорларды жасақтау үдерісі қатар жүріп жатыр. Мұрағат бағытындағы ізденіс – өңірлер де том-том жинақ әзірлей бастады. Мемлекеттік кеңесші мұны бірізді, тиянақты жүргізуді тапсырды.

Атаулы күннің тағы бір бағыты – халқы­мыз­дың тең жартысын мерт еткен трагедияға, яғни аштық нәубетіне қатысты. Аштық құрбандарын зерттеу-зерделеу жұмысын Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаев бастаған халық қалаулылары мен ғалымдардан құралған топ кезең-кезеңмен атқарып келеді. Таяуда «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» құжаттар жинағының 6-7 томы сала мамандары мен жалпы қауымға ұсынылды.

Мұның бәрі ортақ тарихи таным арқылы біртұтас ұлттық сана қалыптастыруға бағыт­талған. Бұл – тәуелсіздік құндылықтарын бекемдейтін мемлекетшіл ізденістер мен жұмыстар. Ұлтты сынаған саяси нәубет пен қасірет тағылымы қаншама жыл өтсе де бізді, яғни елді тұтастандыра түседі. Осынау жан жарасы посткеңестік кеңістікті біріктіреді, толғандырады. Мұны ақын Расул Ғамзатов «Жер бетінде нан арзан, адам өмірі қымбат болсын!» деп, бірауыз сөзге сыйдырыпты...

Мемлекеттік кеңесші Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның таяудағы жиынында биыл Президент архиві «Алашорда ісі» атты 12 томдық (академик М.Қойгелдиевтің жетекшілігімен) жинақ жариялайтынын хабардар етті. Бұйырса, бұл да халық жадын жаңғыртар рәмізді қазына болғалы тұр.

Осы тұста бір жайтты ұмытпалық. Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын зерттеу бағытында ғалымдар, ынталы зерттеушілер бұ­ған дейін түк бітірмеді дей алмаймыз. Дара ша­уып ізденді, зерттеді, бірақ кешенді мемлекеттік көзқарас болмады. Бүгін ниет те, ұстаным да, парасат та бар. Әзірленіп жатқан 7 томдық жаңа «Қазақстан тарихы» да осы өреде.

Естеріңізде болса, 1992 жылы ЮНЕСКО «Әлем жады» атты бағдарлама қабылдады. Біз ол шақта тәуелсіздік алып, «онсыз да жадымыз жаңғырды» деп, бөркімізді аспанға атып жүргенбіз. Сол бағдарламада: «Құжатты мұра – әлем халықтары ұжымдық жадының құжаты. Осы арқылы адамзат қоғамындағы ақыл-ойдың, жаңалықтардың, жетістіктердің, түрлі қиындықтың эволюциясын білеміз» деп жазылған-ды. Былай қарағанда, бәрі түсінікті, өркениетті. Алайда бүгінгі қайсыбір елдердің пейілі жадты жадағайландырып жатқандай...

Әлем тоңып секіргендер мен тойып секірген­дерден тұрады. Жүрегі жаралы елдер Тарихи жад институтын құрады. Арылу мен тәубенің өр­­ке­­­­ниетті жолын салаландырады. Бұл – әділет­ті­­лік қадамы. Қазіргі көп бастама халық қамы мен тарих қамы екенін көзіқарақты азаматтар түсінеді.

Бүгінгі ресми дерекнама кеңес одағында жалпы саяси қуғын-сүргін зардабы тиген миллиондар (Ресей зерттеушілері 35-40 млн деп жазады), ГУЛАГ-тарда, айдауда табаны тілініп азапқа салынған 5,8 миллион, атылған 815 мың­­ адам туралы ақпарат береді. Ал енді осы санды аштық құрбандарымен салыстырсақ, жағдай тым мүшкіл. Ғалым-статист Сергей Швецов «1921 жылғы аштықта қазақ халқы 30%­ азайды» десе, америкалық зерттеуші Сара Кэмерон «30-жылдардағы аштықта 1,8 млн қазақ қырылды» деп жазады. Білікті ғалымдар «1920-1930 жылдары ұлтымыздың босуы мен шығыны 3,5-4 млн», деп түйіндейді.

Жалпы, тарихи жадты қалыптайтын төрт тетік – архив, кітапхана, музей, ақпарат құрал­дары. Қиын кезеңнің шындығы осында лайықты көрсетіліп, парасатпен байыпталса дейміз.

Махамбет ақын «Ерлердің ісі біте ме?» деп жырлаған ақиқат тарихи жадтың толығып, әділдіктің әрқашан үстем болуын аманаттайды.