Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында елдің дамуына қатысты біраз мәселені қамтып, маңызды бағыттарды тағы бір нақтылап өткен еді. Оның ішінде ауылды жерлердің әлеуетін арттыруға баса назар аударды. Мәселен, Президент ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін айтты. Президенттен пәрмен түскеннен кейін бұған қатысты салалар қандай дәрмен қылып жатыр деген сұрақтың туындауы заңды. Осыған орай арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырған едік. Шалғайдағы ауылдарды қалай сақтап қаламыз? Деградациялық жағдайда тұрған ауылдардың жан санын қалай көбейтуге болады? Ауылды жерлерді дамытуға бағытталған бағдарламалар қаншалықты нәтиже беріп жатыр? Ауыл мен қаланың өркениетін, инфрақұрылымын қалай теңестіруге болады? Қазір ауылға қатысты деген сауалдар маңызды болып отыр. Осы сұрақтарды Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Анас Баққожаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Қайрат Бодаухан сынды құзырлы мекеменің өкілдері мен сарапшы мамандарға қойып көрген едік.
Ауылдың өмір сапасын арттыратын жоба
Бауыржан Омарбеков:
– Бұған біз Ұлттық экономика министрлігі тарапынан іске асырылып жатқан бағдарламалар шеңберінде жауап бергеніміз жөн шығар. Жалпы, ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар көп, соған байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қолайлы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объектілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интернетке және спутниктік байланысқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, ауылдың ішіндегі жолдардың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұражайлар мен кинотеатрлар, спорт ғимараттарын салу, халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу. Ал ондағы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникацияларды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұмыстары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады, осылайша ауылдан жас кадрлардың кетуі азаяды.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бірқатар шараны қамтиды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әртүрлі мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Аталған тұжырымдамадан күтетін нәтиже – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95% болмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын айттық. Мәселен, 2023 жылға бекітілген республикалық бюджетте «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 41 млрд теңге бөлінсе, жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 55 млрд теңге қарастырылды.
Сондай-ақ «2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заңда 2023 жылға әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы объектілерін күрделі және орташа жөндеуге 102,2 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Осылайша, 2023 жылға арналған бюджетте «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 800 ауылды елді мекенде 1,8 мың жобаны іске асыруға 198 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат ТКШ-ның 222 жобасын, 421 әлеуметтік инфрақұрылым, (оның ішінде 114 білім беру, 58 денсаулық сақтау, 249 мәдениет және спорт жобасын), сондай-ақ 1 168 көлік инфрақұрылымы (ауылішілік жолдар) жобасын іске асыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша 2023 жылы 3,8 мың маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге көзделгенін де айта кеткеніміз жөн.
Жалпы, ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тәсілі 2027 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Бюджеттің шамасын да ескерейік
Анас БАҚҚОЖАЕВ:
– Қазақстанның заңнамасында шалғай ауыл деген мәртебе қарастырылмаған. Тек алыс орналасқан деп бөлмесек, шалғайлығын анықтайтын нақты критерийлері жоқ. Басқа мемлекеттермен шекаралас 65 аудан бар. Сондай-ақ халықтың көп бөлігі 3 500 ауылда тұрады. Солардан тыс елді мекендер бар. Дәл қазір бұл өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны рас. Оны сақтап қалу үшін қоныс аудару мәселесін дұрыстап қолға алу қажет. Қазіргі қолға алған іс-шаралар жеткіліксіз. Осы елді мекендер бойынша жеке бағдарлама, шалғайлығын анықтап, оларға жеке мәртебе беріп, бюджеттік қаржыландыруда басымдық берілу керек.
Ауылдардың деградацияға ұшырауының әртүрлі себебі бар. Кей ауылдарда экология адам өміріне тым жағымсыз, кей жерде кәсіпкерлік үшін экономикалық перспектива жоқ, енді бірінде инфрақұрылым ақсап тұр. Осының барлығы – жеке-жеке қарастырылатын мәселе. Оның үстіне барлық елді мекенді бірден қарық қылуға бюджеттің шамасы жетпейді. Көрпемізге қарай көсілуге мәжбүрміз. Сондықтан менің ойымша, ең алдымен экономикалық перспективаларды анықтап, «жұмыс жүреді-ау» деген ауылдардың инфрақұрылымын реттеп, кәсіпкерлігіне айрықша көмек көрсетуге міндеттіміз.
Ауылды жерлерді дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі нашар деп айта алмаймын. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қолға алынғалы бері қозғалыс бар. Бастысы елді мекендерде жоспарға енгізілген әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Әрине, оның саны жеткіліксіз. Көбейгенін қалаймыз. Бірақ қазынамыздағы қаражаттың мүмкіндігін де ұмытпаған жөн. Ауылды аумақтарды дамыту туралы тұжырымдама қабылданған еді. Оның аясында қаржыландыру көлемін ұлғайту бойынша ұсыныс жасадық. Әзірше оң жауап алмадық. Қай ауылдар ең алдымен дамуы керек деген мәселеге келсек, мұнда жергілікті әкімдіктердің тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн шығар. Бұл бағытта партиямыздың жеке көзқарасы бар. Әрине, соны ұстанамыз.
Ауыл мен қала инфрақұрылымы еш уақытта бірдей бола алмайды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Бастысы бюджеттен қаражат бөлінгенде ауылдар мен қалалар арасындағы пропорцияның тұрақтылығы қамтамасыз етілуге тиіс. Ал бюджеттің қала мен ауыл арасында бөлінуін жоспарлаған кезде сол елді мекендегі адам саны ескерілгені әділеттірек болады.
«Ауыл аманатынан» үміт зор
Дамир ЕГІЗБАЕВ:
– Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің Ауыл шаруашылығы басқармалары мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация қызметкерлеріне арналған оқыту семинарын ұйымдастырып келеді. Бұл семинарда ауылға қатысты бағдарламаларды жүзеге асыру механизмі, құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша консультация жүргізілді.
Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.
Бұған бір ғана мысал келтіре кетсек, осы бағдарлама қанатқақты деңгейде Жамбыл облысында 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде облыстың ауылдық округтерінің 3,9 мыңнан аса кәсіпкері жеңілдетілген несие алды. Биыл берілетін несиелер санын Жамбыл облысы 4 644-ке дейін жеткізуді көздеп отыр. Бағдарламаны іске асырудың жарқын үлгісі – Жуалы ауданының тұрғыны 5 млн теңге шағын несие алып, 12 сиыр мен жем-шөп сатып алды. Кейін ол сиырдың санын тағы 8 басқа көбейтті. Сиырлар күн сайын шамамен 180 литр сүт береді, кәсіпкер оны жергілікті сүт зауыттарына тапсырады.
Сол сияқты өңірде «Mai co» компаниясы бар. Оның өнімдері Жамбыл облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де сұранысқа ие. Кәсіпкерлер ауыл халқының табысын арттыру бойынша қанатқақты жобадан бастады. Шағын несие алып, бүгінде табиғи ірімшік, май, құрт және йогурт өндіреді. Сондай-ақ «Жуалы-2020» кооперативін бастапқыда үш мүше құрды, бүгінде оның құрамына 104 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер кіреді. Бағдарламаның 4 бағыты бойынша оларға техника сатып алуға қаражат бөлінді. Қазір кооператив өз мүшелеріне егін егу және егін жинау кезінде көмектеседі, сонымен қатар жеммен қамтамасыз етеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдықтарға ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ғана емес, басқа да бағыттарға несие алуға мүмкіндік береді. Осы ауданда жоба аясында 3 млн теңгеге жабдық сатып алу үшін шағын несие алып, кілем өндіретін кішігірім кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінгі таңда кілемге тапсырыстар барлық өңірден келіп түсіп жатыр. Бұл мысал – «Ауыл аманаты» бағдарламасының тек ауыл шаруашылығы емес, өзге шағын кәсіп бастауға үлкен қолдау болып отырғанының айқын дәлелі.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы ішкі тауар айналымның үлесін арттыруға да өз үлесін қосып отыр. Мысалы, бұрын «Бурнинский» сүт компаниясы өз өнімдерін әзірлеу үшін сүтті Қырғыз Республикасынан алып келетін болса, қазір Жамбыл облысындағы осы бағдарламамен несие алып шаруашылық жүргізіп отырған тұрғындардан сатып алады. Бұған қоса бұл өңірде мерзімінен бұрын шағын несиені өтеуді жоспарлап отырған тұрғындар да бар. Қазір берешекті адал төлеген және «Ауыл аманаты» бағдарламасына қайтадан қатысуға дайын ауыл тұрғындары үшін шағын несие беру көлемін 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша ұсыныстың қарастырылып жатқаны – кәсіпкерлер үшін қуантарлық жаңалық.
Аталған бағдарлама – ауылды жердегі халықты жұмыспен қамту, табыс көзін молайту және жаңа мүмкіндіктермен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешетін, дер кезінде қабылданған игі бастама. Бұл ауылдарды дамытудың бір саласы, осындай игі істер тиянақты жалғаса берсе, қазақ ауылдарды дами беретіні сөзсіз.
Ғылыми сараптау маңызды
Қайрат БОДАУХАН:
– Ауылдық мекендерді дамыту мәселесі ең өзекті күйінде қалып отыр. Ауылды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қордаланған мәселелерді толық шеше алған жоқ. Мемлекет қаржысының жұмсалуы мен түпкі нәтижесі туралы сараптама жоқтың қасы. Ауылды, әсіресе, шекаралық аймақтардағы елді мекендерді сақтап қалу – тек экономикалық тұрғыдан емес, мемлекет қауіпсіздігінің басты факторы екені даусыз. Ауылды дамыту үшін тірек ауылдарды анықтауға байланысты атқарылған істерді қайта сараптамадан өткізіп, нақты нәтижесі туралы жасалған болжамдарды терең талқылау қажет. Бұдан кейін шағын елді мекендердегі халықтың урбанизациялық үдеріске ұшырауының негізгі себеп-салдарларын анықтау, тірек ауылдарды дамытудың экономикалық-әлеуметтік бағыттарын жан-жақты сараптау, ауылдардың экономикалық мүмкіншіліктерін есептеу, ондағы білім алу деңгейін, халықтың көңіл-күйін, талап-тілектерін анықтау үшін ғылыми түрде зерттеулер жүргізілуге тиіс. Оның зерттеп, есептеп алмай, шалғайдағы ауылдарды сақтап қалуымыз қиын.
Ал дағдарыс жағдайында тұрған ауылдардың жағдайы расында өте күрделі. Ондағы әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға салынатын мемлекеттік қаржы қаншалықты нәтижелі деген сауалдың жауабын табу үшін жоғарыдағы атап өткен мәселелерді зерттеп сараптау маңызды болып отыр. Ең бастысы жол, мектеп, балабақша, аурухана, интернет жүйесі, мәдени-спорттық кешендер сияқты әлеуметтік инфрақұрылымдар негізінде халықты көбейтеміз деген біржақты пікірлер нәтиже бермей отыр.
Ал бағдарламаларға келсек, біз кейінгі жылдары бағдарламалар жасаумен жеткен нәтижеміз көңілден шықпағанын мойындасақ та, түпкі себептерін, кеткен қателіктерді ашық айтпай келеміз. Бұл бағытта кімнен қате (негізгі модератор болған мемлекеттік органдар) кеткенін, қандай жауапкершілік жүктелгенін айтпаймыз. Қазіргі таңда кабинеттен жасалған «Бағдарламалар» сүрлеуін өзгерткен де жоқпыз.
Қазақстанның ұланғайыр аумағында арасы бірнеше жүздеген шақырымға созылатын шашыраңқы орналасқан ауылдардың инфрақұрылымын дамыту өте үлкен қаржы талап ететіні сөзсіз. Алайда онда халықтың үдере көшуі әлі тоқтаған жоқ. Кейінгі жылдары орта деңгейдегі қалалық мәртебесі бар мекендердің өзінде ірі қалаларға қоныстану жалғасып жатыр. Солтүстік облыстардың бір ауданының халқы Түркістан облысының бір ауылының халқымен шамалас. Ал сол оңтүстіктегі халық тығыз орналасқан ауылдық мекендердің инфрақұрылымын да қалалық деңгеймен салыстыру мүмкін емес. Сондықтан тағы да үлкен ғылыми негіздегі талдау, сараптамасыз «былай жасау керек» деп айтсақ, әр тұрғынның пікірлерінен артықшылығы болмайды.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»