• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2023

Шерлі тарих шындығы

674 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша кең көлемде жұмыс басталғалы үш жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында да қыруар жұмыс атқарылды. 2001 жылы өңірде кеңес­тік репрессия құрбандарын ақтау, сол кездегі со­лақай саясаттың әсерінен болған қуғын-сүргіннің ауқымын зерттеу­ге байланыс­ты құрылған жұмыс тобы «Dana» ғы­лы­ми-зерттеу орталығының аясында қызмет етті. Жергілікті атқарушы билік­тің жан-жақты қолдауы және жұмысты дұрыс ұйымдастырудың арқасында аз уақытта көп жұмыс тындырылды.

Жұмыс тобы мүшелеріне құпия қор­лардағы құжаттармен танысуға мүм­кіндік жасалып, зерттеушілер Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Семей, т.б. қалаларға іссапарға да шығып қайтты.

Ғылыми-зерттеу жұмысы Батыс Қа­­зақ­­стан облысы бойынша жеті ба­ғыт­­қа топтастырылған болатын. Зерт­­теуші­­лер Алматы қаласындағы орта­лық мем­­лекеттік архив және Пре­зидент архи­він­де жұмыстанып, қажет­ті құжат көшірмелерін әкелді. Тіпті облыстың өз ішіндегі Қаратөбе, Жәні­бек, Шыңғырлау, Сырым, Қазталов, Ақ­жайық, т.б. аудандық архивтер де тексе­рілді. Репрессия құрбандарының ұр­пақтары, куәгерлер іздестіріліп, жүздеген адаммен кездесу өтті. Мұның арасында түрлі ғылыми жиындар мен конференцияларда баяндамалар жасалып, БАҚ бетінде мақалалар жарияланды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау бойынша жұмыс бастал­ған алғашқы жылдың өзінде-ақ батысқа­зақстандық зерттеушілер екі жинақты жа­рыққа шығарды. Ал былтыр, 2022 жылдың жұмыс нәтижесінде жеті кітап басылып шықты. Одан бөлек, биыл да бірнеше кітап баспадан шығуға әзірленіп жатыр. Бұл жинақтарда жарық көрген тарихи дерек­т­ер мен құжаттардың басым бөлігі – бұ­рын көпшілік көзінен таса болған мәлі­меттер. Осы арқылы КСРО-да болған саяси репрессияның ауқымы мен оның өңірге келтірген зардабы толық ашылды деуге негіз бар.

 

Халық көтерілістері хақында

Өңірдегі репрессия салдарын зерттеу жеті бағыт бойынша жүріп жатыр. Оның алғашқысы – халық көтерілістері, оған қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу­ге бағытталған. Топ жетекшісі – тарих ғы­лымдарының кандидаты Есқайрат Хай­­да­ров осы кезге дейін жария айтыл­маған бірнеше оқиғаны анықтады. Сөйтіп, 2022 жылдың соңында баспадан «Батыс Қазақ­стан облысындағы халық көтері­лістері (1928-1932)» атты кітап жарық көрді.

Бұл еңбекте облыс аумағында ұжым­­­дас­­тыру саясатына қарсы болған халық көтерілістері Батыс Қазақстан об­лыс­тық полиция департаментінің ар­найы мемлекеттік архивінің құжат­тары негі­зінде кешенді түрде зерттелген. Кітап­та Жаңақала және Ілбішін көтері­лісі, Жымпиты көтерілісі, Орал төңіре­гін­дегі ауылдардағы оқиға­лар, Азғыр, Орда, Жәнібек және Шың­ғыр­лау аудандарындағы халық нара­зы­лықтарының себеп-салдары, жүру барысы, қатысушылардың әлеуметтік құрамы, оларға тағылған айыптар, қабылданған үкімдер, ақтау қорытындылары архив деректері негізінде жазылды.

– Зерттеу жұмысы барысында облыс­тық мемлекеттік архивінің №992 қо­рындағы ұжымдастыру саяса­тына, соның ішінде Азғыр ауданын­дағы кәмпес­келеу мәселесіне қатысты деректерге тал­дау жасадық. Азғыр ауданын­дағы кәм­пескеленген байлардың тізімі жасақ­талды. Сондай-ақ жергілікті полиция департаменті арнайы архивінің №18 қорында сақтаулы істерді түгел сүзіп шықтық, – дейді Есқайрат Хайдаров.

Нәтижесінде, Азғырдың Пен­заға жер аударылған байлары, Жымпиты ауданы №15 және №19 ауылдарындағы байлар мен атқамінерлердің ісі, Жаңа­қала және Ілбішін көтерілісі, Орда байларының бас көтеруі, Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылындағы ұжымдастыруға қарсылық, т.б. халық наразы­лық­тары нақты құжаттар негізінде зертте­ліп, жарық көрді. Айтпақшы, ғалымның «Күйгенкөл ауылындағы қуғын-сүргін» деген мақаласы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген болатын. Е.Хайдаров 1928-1932 жылдар аралығында кеңес билігіне қарсы наразылық, баскөтеру Батыс Қазақстан облысының Азғыр, Жымпиты, Бөрлі, Зауральный, Камен, Жаңақала, Ілбішін, Орда, Жәнібек, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарын қамтығанын анықтады. Ал бұған дейін тек Жаңақала көтерілісі ғана айтылатын.

«Батыс Қазақстан облысы полиция де­партаментінің арнайы мемле­кеттік архиві құжаттары бойынша көте­­рілістерге қатынасқаны және кеңес өкіметіне қарсы шыққаны үшін 309 адамның жазықсыз саяси қу­да­­лауға ұшырағаны анықталды. 1930 жыл­дары Орал маңындағы аудандар­дан және Жымпиты ауданынан барлығы 41 адам ату жазасына кесілген. Қалған­дары әртүрлі мерзімдерге концлагер­лер­ге қамалып, кейбірі жер аударыл­ған. Дегенмен саяси-қуғын сүргін құрбан­дарының саны мұнымен шектел­мей­ді. Зерттеу барысында әлі де тың деректер шығуы мүмкін», дейді ғалым.

 

Ғасыр бойы жасырылған құжаттар

Күштеп ұжымдастыру және 30-жыл­дардағы аштықта қаза тапқан немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша жұмыс тобын танымал ғалым, тарих ғы­лымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева басқарады. Ғалымның «Орал, Бөкей губернияларындағы аштық (1921-1922)» тақырыбындағы құжаттар жи­нағын Батыс Қазақстан облыстық мем­лекеттік архиві қорындағы деректерден құрастырылған.

– Бұл жинаққа 1921-1922 жылдардағы Орал, Бөкей губернияларындағы аштық­қа қатысты тарихи құжаттар енгізілді. Облыстық архив қоймасының №19, №28, №40, №313 қорларында ғасыр бойына сақталған құнды деректер: бұйрықтар, қаулылар, үндеулер, нұсқаулықтар, баян­дамалар мен статистикалық есептер – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ халқының тарихында орын алған аштық қасіретінің дәйегі мен дәлелі. Құпия­сыздандырылған бұл құжаттардың басым бөлігі алғаш рет жарияланып отыр, – дейді Бақтылы Сансызбайқызы.

Бұл құжаттардың құндылығы мынада: Орал өңірінде І, ІІ саны бойынша қуғын­далған байлардың тізімі, жиналыс хаттамалары толық көрсетілген. Мысалы, 1931 жылы Камен ауданынан ІІ саны бойын­ша кулак ретінде қуғындалған 31 әйел­­дің тізімі табылды.

Сондай-ақ 1920-1922 жылдары Орал, Бөкей губернияларында болған аштық қасіретіне қатысты құжаттар облыстық архив қорында ғасыр бойы құпия сақталған екен. Қордағы №28 және №313 қор құжаттарын зерттеу, сараптау жұмысы нәтижесінде Калмыков уезінің Байбарақ, Байғұтты болыстарындағы ашыққан адам­дардың тізімдері табылды. Орал уезіне қатысты да осындай құжаттар бар. Жоға­рыда айтылған жинаққа бұрын еш жерде жарияланбаған 120 архив құжаты енгізілді.

 

5 жылда 632 бай тәркіленген

Ал Жантас Сафуллин жетекшілік еткен кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша жұмыс тобы да бірнеше жинаққа жүк болатын құжаттардың шаңын қақты. Нәтижесінде, 2022 жылдың соңында «Батыс Қазақстан облысындағы байларды, кулактарды тәркілеу және жер аудару. 1928-1932» атты архив құжаттары жинағы дайындалды.

– Бұл жинаққа Батыс Қазақстан облы­сындағы байларды, кулактарды тәр­кілеу және жер аударуға қатысты тарихи құжаттар топтастырылды. Құпия­сыздан­дырылған бұл құжаттардың да басым бөлігі алғаш рет жарияланып отыр, – дейді Жантас Набиоллаұлы.

Айта кетейік, «Dana» ғылыми-зерт­теу орталығының сайтында дәл осы тәркілеуге ұшырап, жер аударылған тұлғалар хроно­ло­гиялық ретпен орна­лас­тырылған. Мұн­дағы деректерге қарағанда, Батыс Қазақ­стан облысында 1928 жыл – 81, 1929 жылы – 54, 1930 жылы – 226, 1931 жылы – 220, 1932 жыл бойынша 51 адам мал-мүлкі тәр­кі­леніп, жер аударылған екен. Жұмыс то­бы 2022 жылдың қорытындысы бойынша негізсіз тәркіленіп, жер аударылған, айып­­пұл салынған 1214 адамды ақтауға ұсынды.

 

Алаш және Ақжайық

Ақжайық өңірі – Алаш қозғалысы ту тіккен топырақтың бірі. Дәл осы Алаш партиясына мүше болғаны, Алашорда үкіметі идеясын қолдағаны үшін жүздеген батысқазақстандық мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған болатын. Осынау тақырыпқа белгілі зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Әлфия Байболсынова бастаған жұмыс тобы жүйелі кірісіп, көп жұмыс атқарды.

Алаш қозғалысы тақырыбын көп жылдан бері зерттеп жүрген Әлфия Сабырғалиқызы бұдан бұрын да Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивін, Президент архивін ақтарып, құнды құжаттарды қолға түсірген болатын. Ғалымның көпжылдық еңбегі – ХХ ғасырдың басындағы алашорда үкіметінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, дәрігер Дәулетшах Күсепқалиевтің өмірі мен қызметі туралы монографиясы дәл осы комиссия жұмысы аясында баспадан жеке кітап болып шықты. Мұнда қайраткер Д.Күсепқалиевтің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі архив деректері, қолжазбалар, естеліктер және мерзімді басылымдар негізінде жаңа тарихи көзқарас тұрғысында қарастырылған.

Бұдан бөлек, Әлфия Байболсы­но­ва­­ның жетекшілігімен «Тәуелсіздік үшін күрескендер: Алаш қозғалысының бел­сенділері мен ниеттестері» атты эн­цикло­педиялық жинақ дайындалып жатыр. Бұл бұрын-соңды осы бағытта жарық көрген жинақтардан әлдеқайда толымды, тың деректері мол еңбек болғалы тұр. Қазірдің өзінде Алаш қозға­лысының Күнбатыс қанатына қатысы бар 550 адамның тізімі мен өмірбаяны жинақталды. Олардың бірқатары, мысалы Өтеп Жұмағалиев, Мұ­хамед-Рахым Қарабаев, Айтқали Абы­лаев сынды тұлғалар әлі күнге дейін ақталмаған.

 

Түрмеге толы дала

Әлфия Сабырғалиқызы жетекшілік ететін топтың атқарып жатқан тағы бір іргелі ісі – Батыс Қазақстан облысы аума­ғын­да болған жазалау лагерьлері мен НКВД кеңселерін анықтау бойынша жұмыстар.

Шыны керек, 20-50 жылдары болған саяси тұтқындар лагерьлері мен НКВД мекемелері туралы ақпарат табу өте қиын екен. Өйткені бұл деректер «аса құпия» деген дәрежеге ие. Тиісті органдар бұл ақпаратты әлі күнге жасыруға тырысады. Кейбір маңызды құжаттар әскери құпияға сәйкес жойылған. Соған қарамастан жұмыс тобы осы бағытта тынбай дерек іздестіріп, біраз мәлімет тапқан.

– Ресми дерек бойынша Батыс Қа­зақстан облысында 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335-і атыл­ғаны, 1938 жылы 936 адам тұтқындалып, 690-ы атылғаны белгілі. Бірақ біз қазір­дің өзінде құжаттық деректер бойын­ша 1937 жылы шамамен 1500-ге жуық адам, 1938 жылы 2000-ға дейін қуда­ланғанын анықтадық, – дейді Әлфия Байболсынова.

Орал облысында ГУЛАГ жүйесіне кіре­тін Каменлаг, Безымянлаг және Са­ла­ват лагер, АЛЖИР-дің Оралдағы бөлім­шесі қызмет жасаған. Оларда 2 мың­нан 5 мыңға дейін тұтқын ұсталған. Бұ­лардың ең үлкені Каменлаг қазіргі Саратов облысымен шектес Тасқала ауданы аумағында болыпты. Мұнда негізінен өзге өңірлерден жер ауып келгендер орналастырылған, оның ішінде еңбекпен түзету лагері және арнайы қоныстар желісі жұмыс істеген.

Батыс Қазақстан облысы мен Сама­ра облысы шектескен аумағында орналас­қан Безымянлаг лагері 1940 жылы құ­рылған. 1940 жылдың соңына қарай мәж­бүрлі еңбек лагері Куйбышев фабри­каларының құрылысына арналған лагерлер әкімшілігі болып өзгертілді. 1941 жылы қаңтарда Безымянлаг лагерінде – 42 903 адам, 1941 жы­лы шілдеде – 91 211 адам, 1942 жылы қаң­тарда – 81 278 адам, 1943 жылдың қаң­тарында – 29 811 адам, оның ішінде 1 475 әйел, 1944 жылдың қаңтарында – 5 990 адам, 1944 жылы шілдеде – 8 583 адам, 1945 жылдың қаңтарында – 7 122 адам, 1946 жылдың қаңтарында  5 963 адам болыпты.

«АЛЖИР» жүйесінің Оралдағы бөлім­шесі Салават лагері Орал қаласындағы орталық қалалық түрме жанында қызмет жасаған. Бұл жерде, ең алдымен, саяси айып тағылғандардың әйелдері қамауға алынды. Қысқа мерзім ішінде барлық «халық жауының» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталып, ЕТЛ-ге жіберілді. Өңірде бұлардан басқа 2 үлкен маңызды лагерь желісі – Түркістан лагері және Ортаазиялық лагерь жұмыс істегені белгілі. Бірақ бұл бұрынғы орган қызметкерлерінің ауызша деректері ғана. Нақты құжаттар әлі табылған жоқ.

Батыс Қазақстан облысында НКВД-ның айыптау және жазалау үкімдері Орал қаласындағы ИТК №12 бөлімшелерінде: қалалық түрменің жанындағы ағаш барактарда, сондай-ақ далалық стандар Ветелки, Бортау және Плодоовощной маңында болған. Бұған қоса Қазталов ауданының Шильная Балька, Бәйтерек ауданының Дариян, Шапов, Янайкин поселкелерінде, Ақжайық ауданының Бударин, Кожехаров ауылдарында, Шыңғырлау ауданының Ащысай кеңшарында, Бөрлі ауданының Бөрлі поселкесінде, Бөкей орда ауданын­дағы Сайхын ауылында, Теректі ауданы­ның Федоров поселкесінде де осындай үдерістер өткізіліп, үкім сол жерлерде орындалып отырған. Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданында белгілі Прорва лагерінің филиалы болған.

– Біз қазір Батыс Қазақстанда 1930-1950 жылдары болған саяси қуғын-сүргін лагерьлері мен НКВД кеңселері туралы деректерді өңдеп, кординаттарын анықтап, карта дайындап жатырмыз, – дейді зерттеуші.

 

Сенім үшін сергелдең

Саяси қуғын-сүргін жылдары дәстүрлі дін өкілдері де жаппай қуда­лауға ұшырады. Осы жолдардың авторы бастаған жұмыс тобы 2021 жылы діни қызметі үшін қуғынға ұшыраған 892 мұсылман, 107 христиан діні өкілінің тізімін анықтап, ақтауға ұсынған болатын. 2022 жылдың қорытындысында «Қуғындалған хазіреттер» атты жинақ жарық көрді.

Бұл жинаққа саяси қуғын-сүргін жыл­­дары Батыс Қазақстан өңірінде қудалау­ға ұшыраған дін өкілдері – хазірет-ишан­дардың тағдыры арқау болған. Атал­ған хазіреттердің біразы ХХ ғасыр­дың басындағы қоғамдық-саяси оқиға­лар­дың бел ортасында жүрген, бүкіл­ре­сей­лік мұсылмандар сиезіне, жалпы­қазақ сиездеріне делегат болып қатысып, ел тағ­дырын шешуге араласқан. Кітап кейіп­керлерінің өмір жолы ХХ ғасырдың басын­дағы қазақ қоғамдық-саяси өміріндегі дін қай­раткерлерінің ықпалы мен орнын айқын­дап тұр. Қайырша Ахметжанов, Қуанай Қосдәу­летов, Хасан Нұрмұхамедов, Қажыға­ли Мәулімбердиев, Нығметолла Ибра­гимов, Дәулетияр Айсариев, Ғабдол­ғазиз Көбеев, Ғұбайдолла Ахметов, Құрманғали Қуанышқалиев, Лұқпан Тұр­сынов сынды тұлғалар кеңес ода­ғын­да, соның ішінде Қазақстанда болған сталиндік репрессияның, саяси қуғын-сүргіннің барлық толқынын басынан өткерген еді. Сондықтан осы тұлғалардың мысалында кеңестік реп­рес­сияның бағытын, көлемін, мазмұнын, ақылға сыйымсыздығын көруге болады.

 

«Елім-айлап» көшкен ел...

Зерттеушілер назарынан Қазақстанға күштеп көшірілгендер, 1920-1940 жылдар аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар тақырыбы да тыс қалған жоқ. Бұл жөніндегі жұмыс тобын тарих магистрі Айболат Құрымбаев басқаратын. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының архи­вінде арнайы қоныс аударушылар, жер аударылғандар жә­не босқындарға қатысты 3 582 құжат анықталған.

Депортацияға қазақ, қырым татары, неміс, қалмақ, грек, иран, болгар, әзербайжан, поляк, ассириялық, армян, аустриялық, белорус, грузин, еврей, молдован, орыс, өзбек, украин, шешен, корей ұлты өкілдері ұшыраған.

Оларға тағылған айып та сан түрлі: шпиондық жасаған, ақ казак ұйым­дарының мүшесі, әлеуметтік қауіпті элемент, репрессияға ұшыраған троцкист­тің отбасы мүшесі, неміс армиясында қызмет еткен, власовшы, т.б. жазбалар бар. Репрессияға ұшырағандардың ішінде кеңес одағымен қатар, Грекия, Иран азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар да кездеседі. Комиссияның ұсынысымен 2022 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша депортацияланған 1 559 адам ақталды.

– Біз жұмыс тобының алғашқы күні­нен-ақ Батыс Қазақстан облысы­нан түрлі қуғын себебінен басқа аймаққа кеткендер туралы мәлімет жинастыра бастадық. Соның нәтижесінде 1922 және 1932 жылғы аштық, 1928 жылғы тәркілеу кезінде көп қазақтың көршілес Ресейге өтіп кеткені айқындалды. Алайда көп құжатта қоныс аударушылардың отбасы мүшелерінің саны, аты-жөні көрсетілмейді. Бұл біздің жұмысымызға қиындық туғызады. Біз қазіргі уақыт­та 355 адамның аты-жөнін отбасы мүшелерімен анықтадық. Алдағы уақытта ақтауға ұсынамыз, – дейді Айболат Шамұратов.

 

Неміске – тұтқын, кеңеске – сатқын

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия қолға алған жұмыстың бір парасы 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия, басқа да Еуропа елдерінде қамауға алын­ған әскери тұтқындар мәсе­лесі бола­тын. Батыс Қазақстан облысында бұл жұмысты белгілі өлкетанушы, Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музейдің мең­герушісі Ахмедияр Батырханов баста­ған зерттеушілер абыроймен атқа­рып келеді. Ахмедияр Қуанұлы Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы батыс­қа­зақ­стандық тұтқындар тағды­рынан «Тауқымет тартқан тағдыр­лар» атты сериялы жинақ шығара бастады. 2021 жылы жарық көрген алғашқы томда Бөрлі, Жымпиты, Тайпақ, Теректі және Чапаев аудандары бойынша мәліметтер кірсе, 2022 жылы шыққан ІІ томға Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Қазталов, Тасқала, Қаратөбе, Бөкей ордасы, Фур­манов, Шыңғырлау аудандары, Орал қаласы бойынша және Батыс Қазақ­стан облысының қай өңірінен екені беймәлім соғыс тұтқындары туралы, сон­дай-ақ Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінен фильтрациялық істер мен трофейлік материалдардан алынған соғыс тұтқындары туралы тың мәліметтер енді.

– Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің архивінде оралдық 2 939 соғыс тұтқыны туралы мәлімет бар. Олар елге аман-есен оралған соң істі болып, РСФСР ҚК 58-1 бабының «б» тар­мағымен Оңтүстік-Орал әскери окру­гінің әскери трибунал үкімімен 10-25 жылға сотталған. Сонымен қоса Ресей Қорғаныс министрлігі архивінен де батыс­қазақстандық соғыс тұтқындары жөнінде біраз мәлімет алдық. Олар соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, қайтыс болғандар және тұтқыннан босатылып елге аман-есен оралғандар, – дейді Ахмедияр Қуанұлы.

Зерттеушінің тынымсыз еңбегі арқа­сында жау қолына тұтқынға түскен 113 жаңақалалық, 85 жәнібектік, 59 бәй­теректік, 53 қазталовтық, 34 тасқалалық, 65 қаратөбелік, 183 оралдық, 131 ордалық, 65 жалпақталдық, 39 шыңғырлаулық боздақтың аты-жөні анықталған. Бұған қоса батысқазақстандық 209 тұтқынның нақты мекенжайы көрсетілмеген.

– 1939-1945 жылдары Фин және Екін­ші дүниежүзілік соғыста Батыс Қазақ­стан облысынан 1 036 адам жау қолы­на тұтқынға түскен. 820 жерлесіміз тұт­қын­­да қайтыс болған. Тұтқынға түскен 216 адамның кейінгі тағдыры белгісіз. «Боздақтар» кітабында хабарсыз кетті деген 81 жерлесіміз жау қолына тұтқынға түскенін анықтадым. Олардан 69 адам тұтқында қайтыс болған. Тұтқынға түскен 12 адамның кейінгі тағдыры белгісіз, – дейді Ахмедияр Батырханов.

 

ТҮЙІН. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің тапсырмасына сәйкес биыл жұмыс тобы мүшелері «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы бойынша мұрағат құжаттарының 10 томдығын және «Халық жады» естелік жинағының 20 томын дайындауға кірісті. Бұл жұмыс та талай ақтаңдақтың орнын толтырып, жоғымызды түгендеуге үлес қосары анық.

 

 

Батыс Қазақстан облысы