• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 31 Мамыр, 2023

Жазықсыз жазаланған Қабдолла ақсақалдың қилы тағдыры

322 рет
көрсетілді

Сталиндік қанқұйлы қуғын-сүргін туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Арада қанша уақыт өтіп, неше ұрпақ алмасса да, қанды іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Ел жадынан өшпек емес. Халқымызды қынадай қырған зұлмат заманның табы Жалтыр ауылын да айналып өткен жоқ. Қаншама қарапайым адам нақақтан-нақақ күйіп кеткенін үлкендер айтып отыратын.

Солардың бірі – Шақан Жапаров еді. Ол «Октябрь» ұжымшарында мал брига­дирі қызметін қаннен қа­пер­сіз атқарып жүргенде аяқ­асты «халық жауы», «жапон­ның шпионы» деген қара күйе жағылып, абақтыға жабылған. 1938 жылдың 5 қазанында ату жазасына кесілген. Тұтқындалған күннен бас­тап көрмеген қорлығы жоқ көрінеді. Тек 1989 жылы 14 қаңтарда туысқандары ақтау үкімін алған. Марқұм тірі жанға зияны тимеген қарапайым, адал жан болса керек. Тех­никум бітіріп әр салада абыройлы еңбек еткен.

Біздің ауылдан ғана бес-алты кісіге жазықсыз айып тағылып, алды атылып, соңы жиырма бес жылға итжеккенге аударылған. Кеңес үкіметінің өз халқына қарсы жасаған қырып-жою саясатын әркім әртүрлі түсін­діргенімен, қолдан жасалған зобалаң екені айдан анық.

 Анам жарықтықтың айтқан мына әңгімесі есімде қалыпты. Ел ішінде орын алған бұл оқиға шаш ал десе, бас алатындардың асқан қатыгездігін, зорлық- зомбылығын айқын көр­сетеді. Оларға еш дәлел­сіз аяусыз жазалау, жалған кінә тағу, адамның өмірін ойыншық, тағдырын тәлкек ету түкке тұрмайтын сияқты. Жалтыр ауылында Қабдолла және Ықылас деген еншісі бөлінбеген ағалы-інілі ағайыны тұрды. Үйдің үлкені Қаб­дол­ла денсаулығының дім­кәс­ті­гінен «Барлығы – майдан­ үшін, барлығы – жеңіс үшін» ұранына қосылып, тылда аянбай еңбек еткен. Ауыл-аймаққа сыйлы болды. Қартайған шағында өмірден озды. Қолынан талай дәм таттым. Қырық алтыншы жылдың күзі болса керек. Ұжымшар күзгі егін орағын уақтылы аяқтап, орақшылар ауылға қарай беттейді. Қабдолла арбамен қолдарында бір-бір шағын дорбалары бар қатын-қалашпен бірге улап-шулап жолға шығады. Әуелете ән шырқап, биік дөңнен көтеріле берген­ көңілді топтың алдынан­ – Бөрібай қыстауы жағы­нан бір ноқат қылаң бе­реді. Милиционер орыс жігіті үшаяқты мотоцикл­мен ызғытып келген күйі аман-саулық сұраспастан бірден арбаға үңіліп, көзі кішкентай дорбаларға тү­седі. Әзіл-қалжың пышақ кескендей сап тыйылады. Арбадағылардың зәрелері ұшып, жәрдем тілегендей жалғыз еркек кіндіктіге жал­тақтайды. Қабағы сұс­ты ­милиционер қолына қаға­зы мен қаламын алып, әрқай­сы­сының аты-жөні жаза бас­тағанда, әйелдердің өңі аппақ қағаздай бозарып, тілсіз қалады. Қабдолла әкей жағдайдың қиындап бара жатқанын сезіп, «мына дорбалар менікі», деп, «қылмысын» бірден мо­йын­дай­ды. «Қылмыскердің» тез табылғанына милицио­нер де қуанып кетеді. Дорбалардағы бидайды­ есептегенде бір жарым шелекке жуықтайды. Әйел­­дердің шала-шарпы орысшалап, «үйде жейтін та­ма­ғымыз жоқ, балалар аш отыр, біз кінәліміз» деген сөздерін құлағына да ілмейді.

 Келесі күні ертемен «ГАЗ» полуторка машина­ ке­ліп, Әбілмәжинұлы Қаб­долланы алып кетеді. Үш күн бойы аудан орталығы Марьев­када ұстап, сосын Қызыл­жарға жібереді. Мойындамасқа амал жоқ, бес дорба дәлел ретінде қатталған. «Социалистік мүлік­ке қол сұқты», «Ұжым­­­шар дүниесіне нұқ­сан кел­тірді» деген айып­таумен Қабдолла он жылға сотталып кете барады. Кейінірек «Кәке, сізді сонда кім соттады?» деген сұрағыма ол кісі: «Мені конвой бір бөлмеге кіргізді. Үш адам үстел басында отыр екен. Айыптауды оқып, он жылға үкім шығарды. Ақтық сөз айтуға рұқсат бермеді. Санаулы минут ішінде «үштік» тағдырымды шешті», деген еді. Жазасын Краснояр жақта өтеп, тайгада ағаш дайындау сияқты ауыр жұмысқа жегіледі. Отағасының сотталып кет­кені туралы жайсыз хабар тұңғышына аяғы ауыр бәйбішесі Жәмалияға ауыр тиеді. Дүние есігін ашқан ұлға әр нәрсенің қайыры, жақсылығы болсын деп есімін Қайыркен қояды.

 Қайыркен құрдасымның әкесімен қауышу сәті – өз ал­дына бір оқиға. 1956 жылы­ жазасын өтеп шыққан Қабекең аудан орталығы Марьевкаға келеді. Күн лайсаң, көлік жоқ. Әлдебір үміттің жетегімен жолай МТС-қа соғады. Сәтін сал­ған­да МТС директоры жақсы адам екен. Арып-ашып келе жатқан ағамыздың халін түсініп, дереу бас инженерін шақырып: «Мына кісіні бүгін Жалтырға жеткіз», деп тапсырма береді. Бас инженер: «Жалтырға баратын жол нашар. Кеше кеткен машина жолда қалды», деп жа­қауратады. Директор: «Ен­де­ше жөндеуден шық­қан «С-80» тракторын жі­бер», деп сөзін келте қайы­рады. Ағамыздың жанары­ жас­қа толып, өмірде жақ­сы­ адамдардың барына шүкір­ші­лік етеді.

 Бір топ бала қырда ойнап жүргенбіз. Арамыздан біреу: «ананы қараңдар», деп айғай салды. Бәріміз ауыл жаққа жалт бұрылсақ, бір көлік Қайыркеннің үйінің жанына тоқтағандай болды. Ентігіп жеткеніміз сол еді, кабинадан елулер шамасындағы ұзын бойлы, қара торы кісі түсті. Осы кезде «Қабдолла келді, Қабдолла келді, сүйін­ші», деп анадайдан бір апай сүріне-қабына жетті. Құшақтап, көпке дейін оны босатпай тұрды. Апай ара-ара­сында дауыс шығарып, өк­сіп қояды. Ана кісі де еңкіл­деп жылап, тарам-тарам­ аққан көз жасы тыйы­лар­ емес. Бір кезде апай қау­ма­­лап тұрған бізге қарап: «Құлын­дарым-ау! Жәмалия апала­рыңнан сүйінші сұран­дар,­ Қайыркеннің әкесі кел­ді»,­ дегені.

Менің таңданысымда шек­ болмады. Олар бір үй­де тұратындықтан, Қайыр­кен­нің әкесі Ықылас деп ойлай­тынмын. Қайыркенге қарасам, сенер-сенбесін біл­ме­ген күйі тас мүсінге ұқ­сап мелшиіп қалыпты. Әп-сәтте есік алдына адам қап­тап кетті. Бәрі мәре-сәре. Біреулері жылап жат­са, біреулері жүздері жар­қы­рап күледі. Өкен деген аға­мыз бригада басындағы Ықыластан сүйінші сұрай­мын деп жайдақ атқа мініп, Шонығұл қыстауына қарай құйғытып ала жөнелді. Сол күнгі ауыл көрінісі әлі күнге дейін көз алдымда. Ықылас «ағам аман-есен келсе тойға соярмын» деген семіртіп қойған тайыншасын жығып салды. Жақсы хабар жерде жатушы ма еді. Ынтымақ, Жарқын, Мерген, Балуан ауыл­дарынан Кәкеңнің туыс­­­тары, жолдастары ағы­­­лып келіп, қуанышқа ортақ­та­сып жатты.

 Әлі күнге дейін Қабдолла Әбілмәжинұлының ерлі­гі­не таңғаламын. Не та­мақ­қа, не киімге жарымай отырған бала-шағаны асы­рау қамымен бір уыс би­дай алған аналарды құт­қарып қалуын ерлікке балаймын. Бес әйелдің екеуі күйеулерінен қара қағаз алған. Біреуінің күйеуі соғыстан ауыр жарақатпен оралған мүгедек. Екеуінің отағасылары қайтыс болған. Бесеуі сотталып кетсе, әр отбасындағы 4-5 шиеттей баланың көрер күні не болмақ? Милиционердің неден болса де тайынбайтынын білген Қабдолла ағамыз жедел шешім қабыл­дап, талай шаңырақты күй­реу­ден­ сақтап қалуы – аңызға бер­гі­сіз әңгіме. Бала кезімізде ол кісі туралы: «жайдан-жай сотталып кетті ғой, өзгелер үшін шырылдап отқа түсті», деген сөзді жиі еститінбіз.

Бір ғажабы, Қабдолла сотталғаны жөнінде ешкім­ге­ міндетсімейтін, әңгіме қоз­ғамайтын. Он жыл жа­зық­сыз отырып келсе де, ішкі сыры көкірегінде түюлі болатын. Бірде Жеңіс күні қарсаңында Жалтыр сегізжылдық мектебінде іс-шара өткен-ді. Кешке арнайы шақырылған Қабекең соғыс кезіндегі ауыр тұрмыс туралы көзге елестеткендей етіп айтып берді. Өзі тура­лы ләм демеді. Бір апай шыдамай кетті білем, көз жасына ерік бере отырып, Қабдолла ақсақалдың сол ерлігін еске салды. Сөйтсе, ол кісі арбадағы бесеудің бірі екен. Басқа сөйлеушілер де келешек ұрпағымызды құтқарып қалдыңыз, бәрі­міз сізге борыштымыз, деп алғыстарын жаудырды. Қабдолла ақсақал: «Менің он жыл жазықсыз шет жерге барып келгеніме ешкімді де сөкпеймін. Маңдайдағы жазу солай болды. Ұрпақ өсіріп, қыздарымызды қия­­ға, ұлдарымызды ұяға­ қондырдық. Одан артық­ ештеңе керегі жоқ. Арала­рың­да осылай отыруым ауыл­дастарымның, бес ана­ның менің аман-есен оралуымды Жаратушыдан сұраған тілектері деп есеп­теймін», дегенде жи­нал­­­ғандар орындарынан тұрып қол соқты.

 Қабдолла ақсақал да, інісі­ Ықылас та дін жолын қуып, имандылық жолын­да үлкен еңбек сіңір­ді. Ежелден еншілері бөліс­пеген қос ағайынды шаңы­ра­ғында баланың күміс күл­кісі көбейгеннен кейін кең­шар Ықылас отағасы мен Мағрипа шешейге еңсе­лі баспана тұрғызып бер­ді. Халқымыздың басынан өткен жазықсыз жаза­лау, қуғын-сүргін заманы қайталанбаса екен деп тілейік. Бізді әлпештеп өсір­ген­ ата-әжелеріміздің, әке-ана­ларымыздың тілегі де, арманы да осы еді.

 

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

еңбек ардагері

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Шал ақын ауданы