Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған іссапарында да, Мәскеуге барған кезінде де Еуразия кеңістігінде Батыс пен Шығыс арасына және Орталық Азия елдерінің ортасына оңтайлы орналасқан Қазақстан барлық мемлекеттің сауда жолдарын тиімді жалғай алатын транзит болатындығын алға тартты. Енді әлем алдындағы жауапкершілігі үлкен істі Қазақстан Үкіметі арқалап кете алса құба-құп.
Расында транзит мәселесі дұрыс шешімін тапса, біздің ел үшін айқын артықшылықтарға қол жетеді. Солардың ішінде ең маңыздысы – шойын жолдарды жаңғырту және еуропалық нарықтарға қосылу. Мамандардың сараптамаларына зер салсақ, біздің елдің экономикалық дамуындағы басты бөгет оның көлік жүйелерінің нашар жағдайы екен. Қазақ елі географиялық орналасуы мен кеңестік транзиттік теріс мұраға байланысты өз тауарларын әлемдік нарыққа шығару үшін міндетті түрде Ресей арқылы өтетін солтүстік теміржол бағытына тәуелді болды.
Қытай теміржол желісіне қосылу, сондай-ақ Орта дәліздегі теміржол желісімен интеграциялану біздің елге экспорттың жылдам өсуіне қол жеткізуге, өз тауарларымызды еуропалық нарықтарға сатуға және бір бағытқа тәуелділікті болдырмауға көмектеседі. Осы пікірді Мемлекет басшысы бір емес, бірнеше рет айтып, оның айқын дәлелдерін де көрсетіп бергендей болды.
Мысалы, Еуропаға жеткізер теміржол логистикасындағы кедергілерді жойып, барлық әрекеттерін тиімді үйлестіріп отыру өте қолайлы болады. Биылғы наурыз айында «Қазпошта» (Қазақстанның жеткізуді қадағалайтын ұлттық пошта қызметі), WEA-Transport GmbH (Германия, ЕО уәкілетті теміржол операторы) және Қытайдың Huapengfei компаниясы (Қытайдың уәкілетті ұлттық логистикалық операторы) арасында меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім еуразиялық кеңістіктегі трансшекаралық сауданы жеңілдету мен электронды коммерция үшін халықаралық логистикалық дәлізді ұйымдастыру мақсатында жасалған. Бұл – Қазақ елі, Қытай және Еуроодақ ұлттық логистикалық операторлары арасындағы үшжақты ынтымақтастық туралы алғашқы меморандум.
Осы кездесуге дейін, биылғы ақпан айында Қытай мен «Қазақстан темір жолы» басшылары жүк тасымалы туралы мәліметтер алмасу туралы қосымша келісімге қол қойды.
Бұлармен бірге, теміржол порттары арасындағы ынтымақтастық, инфрақұрылымның байланысын нығайту, Қытай-Еуропа арасындағы жоғары сапалы пойыздар мен трансшекаралық тасымалдауды дамытуға жәрдемдесу, халықаралық интермодальдық жүктерді қағазсыз тасымалдауды ілгерілету мәселелері талқыланды.
Геосаяси тұрғыдан теміржол дәліздерін жүзеге асыру Қазақ елінің көпвекторлы стратегиясын нығайта алады. Біздің ел Қытаймен қарым-қатынасын Ресей мен Батысты теңестіру үшін пайдалана алады. Осылайша, Қазақ елі Шығыс-Батыс арасындағы негізгі транзиттік хабқа айналуы бек ықтимал.
Бірақ Қытай инфрақұрылымының үстемдігіне сақтықпен қарау керек. Көптеген жағдайда Қытай теміржолдарының қос мақсаттағы әлеуеті бар және олардың дамуы тек теміржолдармен шектелмеуі мүмкін. Мұндай инвестициялар Қытайға және сол елдің мүдделерін көрсететін және қолдайтын жаңа институттар мен қарым-қатынастарды құруға мүмкіндік береді.
Бұл келісімнің кімге көбірек пайда әкелетіні де маңызды. Жүктеме жоғары болған жағдайда Еуропаға бағытталған Қытай тауарлары жергілікті жеткізулерден басым болады. Бұл жағдай тауарлардың айтарлықтай артта қалуына, жергілікті бәсекелестікті азайтуға және қазақстандық трейдерлер үшін бизнесті жоғалтуға әкеліп соғуы да мүмкін. Сондықтан әр істе «ақырын жүріп, анық басқан» тиімді болмақ.
Бұрындары Қытай мен Қазақстан арасындағы «Достық» және «Алтынкөл», сондай-ақ «Нұр Жолы-Қорғас» өткізу бекеттеріндегі жүктердің кешігуі бизнесті жүргізу құнын арттырған мысалдар көп. Бұл келеңсіздік біздің елдің жаңа IT жүйесін енгізуге күш салғанына қарамастан, екі ел кеденіндегі сыбайлас жемқорлықтың күшейе түсуіне тежеу бола алмады.
Екі ел теміржол желісінің тиімді болуы мен басқа аймақтық теміржол бағыттарымен бірқалыпты жұмыс істеуі үшін ең алдымен техникалық жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, екі ел арасындағы өзара іс-қимылды және электронды деректер алмасуды жақсартып, кедендік рәсімдерді үйлестіру қажет.
Мәселен, Еуропаға барар жолда жүктер Қытайдың кеден аймағы, Еуразиялық Кеден одағы және Еуропалық одақ Кедендік одағы сияқты бірнеше кедендік аймақтарды кесіп өтеді. Орта дәлізді сынақтан өткізу перспективалы. Әйтсе де, Ресей арқылы өтетін транзиттік дәліз бойымен тасымалданатын өткізу қабілеті мен көлеміне сәйкес келетін өміршең коммерциялық бағытқа айналудан әлі алыс.
«Ресейлік дәлізді толық ауыстыру қазіргі уақытта шындыққа жанаспайды. Десек те екі тарап, соның ішінде Еуропа да осы желіні пайдалану үшін қажетті логистикалық қиындықтарды жеңілдетіп, қажетті дағдыларды дамыту үшін әлі де уақыт қажет екенін мойындауы керек. Әйткенмен, сынақ кезеңі және жаңа оптимизм дұрыс бағыттағы бастама болып саналады», дейді мамандар.
Қазіргі таңда органикалық азық-түлік өнімдері әлемнің кез келген мемлекетінде үлкен сұранысқа ие. Бұл жағдай Қытай елінде де дәл солай. Таза топырақты егіс алқаптары тым тарылып, жоқтың қасы болған аспанасты елінде табиғи азық-түлік өнімін алу расында да алапат мәселе болып отыр. Ол ешкімге құпия емес. Демек, егістікке арналған майлы, құнарлы қара топырақты жері мол еліміздің диқан-егіншілеріне миллиардтан аса жаны бар нарықтың есігі ашылса бұл да жалаулы жетістік болмақ. Бұл бағытта Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Ендігі іс осы игілікті игеріп алып кету диқандарымыз бен егіншілеріміздің ерік-жігері мен іскерлігіне ғана байланысты.
Бейжіңде өткен қытайлық жетекші COFCO және CITIC Group агрокомпанияларымен кездесуде министр Қазақстан Қытайға жылына 1 млн тонна астық экспорттауға ниетті екенін жеткізді.
Сол кездесуде Ербол Қарашөкеев АӨК саласындағы ауқымды перспектива мен қос елдің бизнес-қауымдастықтары арасында тікелей байланыс орнату жоспары барын атап өтті.
Іс-шара барысында қытайлық COFCO және CITIC Group компанияларының басшылығына Қазақстанда астықтың едәуір қоры бар екені айтылды. Экспорт үшін астықтың қажет көлемі мен сапасын қамтамасыз ете алатын отандық компаниялар арқылы астық жеткізуді жүзеге асыру ұсынылды.
Бұдан бөлек, логистика бойынша мәселелер туындаса, АШМ оларды жедел шешуге көмектесуге дайын екенін білдірді. Мысалы, Алашанкоу және Қорғас шекаралас қалаларында тәулігіне 10 мың тоннаға дейін астық жүгін қабылдай алатын терминалдар бар екендігін мәлім етті.
Сондай-ақ ведомство басшысы ҚХР-дың ет қауымдастығы өкілдерімен кездесуде отандық кәсіпорындар мұздатылған сиыр, қой және шошқа етінің экспортын тезірек қалпына келтірілуін қалайтынын жеткізді. Отандық зауыттар салқындатылған ет және балық өнімдері мен құс етін, сондай-ақ жұмыртқа және басқа да тауар түрлерін көрші елге жеткізуге дайын екен.
Қазіргі күнде отандық ет комбинаттарын аккредиттеу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бүгінде тек 4 кәсіпорынның тиісті рұқсаты бар екен. Бұйыртса, бұл тізімді тағы 13 компания толықтыра алатын көрінеді.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда 1,06 млн тонна ет өндірілген. Экспорттың негізгі үлесі Өзбекстанға, БАӘ мен Кувейтке тиесілі. Енді ебін тапса, аталған азық-түлік өнімдері нарығында миллиард жан тұтынушысы бар көрші елді де көріп қалатын күн алыс емес сияқты.