Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арқылы келісімдер мен хаттамаларды ратификациялау туралы бірқатар заң жобасын қабылдады.
Іс-шараны ашқан Палата төрағасы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні екеніне тоқталды. Осылайша, жалпы отырыс боздақтарды еске алумен басталды.
«Нәубет жылдары ұлт тарихындағы қасіретке толы ең ауыр кезеңдердің бірі. Сондықтан сол жылдары құрбан болған боздақтарымызға тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алайық», деді Е.Қошанов.
Содан кейін депутаттар бірқатар заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қатарында 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы біздің елге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама бар. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Кипр арасындағы ұстап беру туралы сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісім де алдағы уақытта қаралады.
Сонымен қатар Палата отырысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арқылы келісімдер мен хаттамалар талқыланды. Қабылданған ратификациялық заң жобаларының қатарында Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету туралы келісім бар.
Құжат ынтымақтастық тетігін қалыптастыруға бағытталған, оның аясында қылмыстарды жедел және жан-жақты тергеу үшін тараптар бірлескен жедел-іздестіру топтарын құра алады. Келісімге 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық кеңес отырысында қол қойылды.
«Келісімде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері құрамына кіретін адамдарға қатысты қылмыстық әрі әкімшілік іс бойынша мемлекеттердің құзыретті органдарының ынтымақтастығы тетігі айқындалған. Құзыретті органға әскери басқару органы, әскери бөлім командирі, сот, прокуратура, алдын ала тергеу, ішкі істер, қауіпсіздік органы мен арнайы қызмет жатады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Оның айтуынша, құжатта аталған жүйе күштері құрамына кіретін адамдарға қатысты тараптар юрисдикциясы айқындалған. Сонымен қатар жіберуші елдің адамы келген өзге аумақта қылмыс жасаған кезде, оны тергеу тәртібі бекітілген. Бұл ретте үдеріс барысындағы шығынды әр тарап өзі көтереді.
«Үдеріс кезінде тараптардың егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігі ескеріледі. Сонымен қатар Келісімде осы құқықтық көмек мемлекеттің егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, ұлттық заңнамасына қайшы келсе, одан бас тартылады деп бекітілген. Келісімді ратификациялау Қазақстан мүддесіне және Ұйым аясындағы халықаралық міндеттемеге сәйкес келеді», деді С.Қамалетдинов.
Тағы бір келісім ҰҚШҰ әскерлерін (ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуге қатысты. Тараптар әскерлерді қарудың, әскери және арнайы техниканың, сондай-ақ материалдық-техникалық құралдардың заманауи нысанды және (немесе) үйлесімді үлгілерімен қамтамасыз етуге бағытталған келісілген әскери-техникалық саясат жүргізуше бағытталған.
Келесі құжат – 2007 жылғы 6 қазандағы ҰҚШҰ-ның бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама. Түзетулер Ұйымның бітімгершілік күштерін БҰҰ бітімгершілік операцияларында пайдалану тәртібін белгілейді. Олар үйлестіруші мемлекеттің қамқорлығымен құрылады.
Депутаттар жалпы отырыста «Қоғамдық бақылау туралы» және оған ілеспе заң жобасын қабылдады. Құжат мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Заң жобасына депутаттар бірқатар жүйелі түзету енгізіп, Сенаттың қарауына жіберді.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін Палата спикері оған қатысты пікір білдіріп, құжаттың ұзақ әрі ашық талқыланғанын атап өтті. Үкіметтен келген заң жобасы бірқатар өзгеріске ұшырағанына назар аударды. Ең бастысы, халықтың талап-тілегіне толық сай келетінін жеткізді.
«Өңірлерде жұртшылықпен кездесулерде айтылған ұсыныстардың барлығы қамтылды. Бірінші кезекте, тұрғындарды әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Экологиялық ахуал да аймақтағы ағайынның басты назарында. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдармен бірге, квазимемлекеттік ұйымдардың да қызметін қадағалауға мүмкіндік туып отыр. Заң жобасына петициялар институты да енгізілді. Енді 50 мың азамат петицияға қол қойса, мемлекеттік органға мәселені қарау міндеттеледі. Міне, осылардың бәрі заңға енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл заң жобасы Президентіміздің реформаларымен толық үндесіп тұр. Реформалардың басты қағидаты – азаматтардың елдегі қоғамдық-саяси өмірге еркін араласуына тең мүмкіндік беру», деді Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болғаннан кейін депутаттар тиісті мемлекеттік органдар басшыларына сауалдарын жолдады. Депутат Ерболат Саурықов ауыл-аймақтарды жалғайтын республикалық және облыстық маңызы бар күре жолдардың тозуына алаңдаушылық білдірді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында мәжілісмен елді мекендердегі жол сапасы сын көтермейтінін атап өтті.
«Бүгінде тозығы жеткен жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ осы бөлінетін қаржы көптеген елді мекенде құмға сіңген судай болып жатыр. Біріншіден, облыстық маңызы бар және ауыларалық жолдарда нормаланған мөлшерден артық салмақпен құм, тас, шағал, кірпіш, тұз секілді заттар тиеген жүк көліктері толастар емес. Өйткені еліміздің барлық аймағында қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Екіншіден, 40 және одан жоғары салмақта жүк артқан шетелдік маркалы үлкен жол көліктері пайда болды. Бұлар да республикалық маңызы бар жолдарды тоздырады», деді Е.Саурықов.
Депутат үшінші себеп ретінде елімізде немесе көршілес мемлекеттерде салынып жатқан үлкен зауыттар мен өндіріс орындарына қажетті жабдықтарды тасымалдайтын салмағы 80 тоннаға дейін жететін көліктердің көбейгенін атап өтті. Мәселен, Қазақстанда 400 мыңнан аса ауыр жүк көлігі бар. Бірақ олар заң талаптарын сақтайтынына депутат күмәнмен қарап отыр.
Осыған байланысты депутат республика бойынша қажетті аймақтарда ауыр жүк көліктерінің салмағын анықтайтын жылжымалы көліктердің санын міндетті түрде көбейтуге шақырды.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті мамандар жетіспеу мәселесін қайта қарап, оларды шешу жолдарын ұсыну керек. Республикалық маңызы бар жолдарда жүктің салмағын анықтайтын цифрлық сканерлік тұрақты бекеттерді кез келген жерге емес айналып өтуге келмейтін көпірлердің алдында орналастырған жөн.
Ауыр жүк көліктеріне рұқсатты салмақтан артық мөлшерде заттарды тиегені үшін кен орындарына тексерулер жүргізіп, әкімшілік құқық бұзу фактілері анықталған жағдайда айыппұлдар салу мөлшері бірнеше есеге көбейту қажет. Ауыр жүк көліктерін тоқтату, тексеру және айыппұл салу мәселесі бойынша екі мемлекеттік орган ғана айналысады. Осы мәселені де оңтайландырып, бір мекеменің құзырына берген дұрыс», деді Е.Саурықов.
Р.Склярға жолдаған сауалында депутат Ринат Зайытов еліміздегі көлдер мен өзендердегі су деңгейі күрт төмендеп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселемен айналысып, алдын алу әрекеттерін жасап жатқан жауапты орган жоқ. Бұған мысал ретінде депутат Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының маңынан бірнеше талапты өрескел бұзып, жұмыс жүргізгелі жатқан алтын өндіруші фабрикаларын салуға жергілікті халықтың қарсылығын атап өтті.
«Абай облысындағы Аягөз өзені су деңгейінің 2018 жылмен 2022 жылдар аралығындағы жоғарғы көрсеткіші Балтық жүйесі бойынша 558 см-ден 162-см-ге дейін төмендеуіне не себеп? Бұған да жауап бере алатындарыңызға күмәнім бар. Өйткені Аягөз ауданында эколог маман да жоқ. Аталған дәлелдерді алға тарта отырып, Аягөз және Маралды өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі мен ластануының себептерін анықтайтын комиссия құруды, аталған комиссияның жұмысына барынша көмек көрсетуді қарастыруыңызды сұраймын», деді Р.Зайытов.
Депутат Аманжол Әлтай Жамбыл облысының Талас ауданындағы Ақкөл көлінің тартылып бара жатқанын айтып дабыл қақты. Оның сөзіне сүйенсек, былтыр Ақкөлге небәрі 6-7 млн текше метр ғана су жиналып, егіс суару маусымына жетпей қалған. Ал қазіргі таңда көлде 14-15 млн текше метр ғана пайдаланатын су жиналған. Келіп жатқан су көлемі 1,5-2 текше метрден аспайды. А.Әлтай осыған байланысты Бас прокурорға жолдаған сауалында Ақкөлге келетін су жолының бойына салынған бөгеттердің заңдылығын тексеруді сұрады.