• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 02 Маусым, 2023

Армия жастарды шыңдайды

356 рет
көрсетілді

Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» делінген. Бұл жердегі «қорғау» деген ұғымның аясына тек ел басына күн туғанда қолға қару алуды ғана емес, бейбіт күнде ел іргесін берік қылып, алмағайып заман орнағанда бес қаруы сақадай сай тұратын қабілетті әскер дайындауды да сыйғызуға болады. Жастарды әскери қызметке дайындап, өз Отаны мен оның халқы алдындағы жауапкершілігін ұғындыру – ер азаматтар үшін тәрбиенің бастауы.

Қа­рулы Күштер –  ел тірегі. Сол үшін кез келген дені сау жас елінің патриоты болуды парызым деп түсініп, халқына қорған болуға ұмтылғаны абзал. Осыған орай биыл 18 мыңнан астам адамды азаматтық борышын өтеуге шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 7 мыңнан астам бозбала Қарулы Күштердің қа­та­рын­да қызмет етпек. Қалған ша­­қы­рылушылар Ұлттық ұлан, Ше­кара қызметі, Төтенше жағ­­дай­лар министрлігі және Мем­ле­кет­тік күзет қызме­тінің әскери бөлімдері қатарын толық­тыра­тын болады.

Қорғаныс министрінің кеңес­шісі Әлішер Сүлейменовтің айтуынша, бүгінгі әлемдегі, соның ішінде еліміздің айналасындағы геосаяси ахуал қаласақ та, қала­масақ та, бізге етек-жеңімізді жинайтын уақыттың келгенін атар таң мен батар күндей көз ал­дымызға айшықтап беріп отыр. Сындарлы сәтте садақ тартар сар­баздарымыздың сақадай сай, бес қаруының әзір болуы – уақыт күттірмес міндет.

– Жастардың 1 жыл әскерде болуын мемлекеттің оқу-жатты­ғудан өткен жұмылдыру резервін дайындауға кететін уақыт деп қабылдауымыз қажет. Мерзімді қызмет өткеру кезінде олар әске­ри істің негіздерімен танысып, қару-жарақ пен жауынгерлік техниканы басқаруды, әскери-есептік мамандықты игереді. Осы жұмылдыру резервін қа­жет­­ті деңгейде ұстап тұру үшін күш­тік құрылымдар қата­ры­на шамамен 35 мың адам ша­қы­рылады. Кез келген мемлекет үшін білікті жұ­мыл­дыру ре­зер­він дайындау күн тәртібі­нен еш­қашан түс­кен емес, – дейді Әлішер Сүлейменов.

Біздің ойымызша, әскери борышты өтеудің түпкі мақ­сат­­та­­рының бірі – жастарды пат­риоттыққа тәрбиелеу. Пат­риотизм – өзіңнің ең­бе­гің мен күш-жігеріңді туған жерің мен Отанды көркейтуге жұм­сау деген ұғымды білдіреді. Пат­риоттық сезімнің нысаны – Отан десек, оның іргетасы – туған жер, ұлттық тіл, діл, дәс­түр. Қор­­ғаныс министрінің кеңес­ші­сі де туған жерге деген сүйіс­­пен­шілікті елді көркейту, біл­ім іздеген жастардың талабына қолдау білдіру деп те ұғынған жөн екенін айтады.

– Батыс ойшылдарының бірі Эпиктет: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық» деген. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы, дейді. Олай болса, ер аза­мат­тың мойнындағы борышты білетін ұлша тәрбие­ленген жігіттеріміздің көп болуы ор­тақ міндет, – дейді Әлішер Сү­лейменов.

Оның айтуынша, қазіргі күні әлеуметтік желіде Отан қор­ғаушының абыройлы есіміне күйе жағушылар көп. Қоғамда дүрбелең туғызып, бұқараны дүдәмал ойға жетелеу сәнге айналған. «Әйтсе де Қорғаныс министрлігі қол қусырып, ауыз­ды қу шөппен сүртіп қарап отырған жоқ», дейді ол. Елдің қорғаныс қабілетін арттыру, ол үшін әскерді денсаулығы мықты, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілген, төрт құбыласы тең азамат­тармен толықтыру ісі қар­қынды жүргізіліп келеді.

– Алдымен әскери қызмет­шілердің өмірі мен денсаулығын назарға алу керек. 2022 жылы тамыз айында Қорғаныс ми­нистрі, генерал-полковник Рус­лан Жақсылықовтың баста­ма­­сымен «Өміріңді сақта» сала­ара­лық бағдарлама­сы бекі­тіл­ді. Бұл құжат құ­қық бұзушы­лық­тың алдын алуға, би­лікті асыра пайдалану фак­тіле­рін бол­ды­р­­мауға, жарақат­тану мен әске­­ри ортадағы орны тол­мас шы­ғын­ды азайтуға, әске­ри қыз­мет­тің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге арналған. Оны әзірлеуге Мем­лекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қыз­ме­ті, Ұлттық ұлан, Төтенше жағ­дайлар министрлігі өкілдері, ғалымдар, қоғам қайрат­­керлері мен психологтер қатыс­ты, – дейді министр кеңесшісі.

Бұл бағдарлама қазірдің өзін­де нәтижесіз емес көрінеді. Мә­селен, 2022 жылдың қоры­тын­дысы бо­йынша қайтарымсыз шығындар мен қылмыстық әре­кеттердің санын едәуір қыс­қар­туға қол жеткізілген. 2022-2025 жылдарға арналған «Өмі­ріңді сақта» бағ­дарламасы үш кезеңде жүзеге асырылады.

Әскери саладағы тағы бір маңыз­ды жұмыстардың бірі – Отан алдындағы боры­шын өтеген жастардың белгі­лі бір мамандықты игеріп шы­ғуы­на жағдай жасау. Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап мерзімді қызмет сарбаздарын экономиканың нақты сек­торында сұранысқа ие 28 ма­ман­дыққа даярлау басталған. Олар әскерде жүріп-ақ, техника жөндеу шебері, экскаватор машинисі, электромонтажшы, аспаз, слесарь, электрослесарь,  т.б. мамандықтарды иге­реді. Осылайша, жыл сайын запасқа шығарылғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар 3 мың маман даярланып келеді.

Бұдан бөлек, сарбаздарға бі­­лім алуға деген жеңілдіктер Отан алдындағы борышын өтеуге талпынған жастардың қа­­­­та­­­рын арттырып отыр. Мә­се­­­лен, өткен жылдың ең басты жағымды жаңа­лығы – әс­ке­ри борышын өтеген соң жо­ға­ры оқу орын­да­рына түсу жеңіл­дігінің берілуі. Бүгінде бұл бас­та­маны елі­міздегі 70-тен астам жо­ға­ры оқу орны қолдап отыр. Қорға­ныс министрлігі мен жоғары оқу орындары ара­сын­дағы қанат­қақты жоба Жоғарғы Бас қол­басшы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жастарды әскерде қыз­мет етуге ынталандыру жө­нін­дегі тапсырмасын іске асыру үшін қолға алынған.

– Енді биылдан бастап «өмір көрген» сақа сарбаздарға екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ, әңгімелесу нәтижесі бойын­ша ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу мүм­кін­дігі беріліп отыр. Ол үшін азаматтар «Е-gov» немесе ХҚО-дан алынған мер­­зімді әскери қызметті өте­гені тура­лы анық­тама­ны басқа құ­жат­тармен бір­ге өзі таңдаған жоға­ры оқу ор­нына ұсынуы қажет. Сондай-ақ маман­дықтар мен жоғары оқу орындарына да шектеу бол­майды, – дейді Әлішер Сүлей­менов.

Ал әскерде жақсы нәтиже­сімен ерекшеленген жауынгерлерге жоғары оқу орындарының гранты беріліп, олар бакалавриат пен магистратурада тегін оқиды. Сондай-ақ емтихансыз және ҰБТ-сыз Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орын­­­­­дарына қабылдана алады. Бұл жерде сарбаздың жеке қа­сиеттері, үлгілі тәртібі мен жауын­­­герлік даярлықта қол жет­­­кізген жетістіктері қатаң еске­рі­леді. Бұл екі санатқа кіре­­тін болашақ студенттер жо­ғары оқу орындарының жанын­дағы әскери кафедраларға да емтихансыз қабылданып, тегін оқуға құқылы.

– Қай заманда да әскери қыз­мет ерекше құрметке ие. Елі­міздің тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің шекарасы мен ха­лық­тың тыныштығын күзету – ер азаматқа жүктелген ерекше абырой мен зор сенім. Сол се­нім­ді ақтап, Отан алдындағы конс­­титуциялық борышын адал ат­қар­ған оғландарға қалаған оқу орнында жоғары білім алу – таптырмас мүмкіндік, – дейді министр кеңесшісі.

Біз бұған дейін жазғанымыз­дай, Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді әскери қызмет сарбаздарына «несиелік демалыс» беру туралы меморандумды бекіткен болатын. Ол бойынша 3 мыңнан астам әскери қызметшіге қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылып отыр. Яғни Отан алдындағы борышын өтеу­ге келген сарбаздар әскерден қайт­қанша өз несиелеріне алаңда­майды. Біздің ойымызша, бұл заман талабына сай қолға алын­ған тамаша мүмкіндік.

Қорғаныс саласы маманда­рының айтуынша, мұның бәрі – әскери қызметтің имиджін арттыру мен жастардың әскери борышын өтеуге ынталандырудан туған қадам. Әскерден жалтаруды зайырлы қоғамның заңдары да, дәстүрлі дініміз де құптамайды. Сондықтан әскери борышты өтеу он екі мүшесі сау кез келген азамат үшін қа­сиетті борыш болып қала бере­ді. Жастар осы абыройлы міндетін дұрыс түсініп, әскерге баруға деген құлшынысын арттырса, ел іргесі берік, жұрт ұйқысы тыныш болмақ.