Ұлт саулығын діттеген елдің маңызды мәселесінің бірі – халықтың ішіп-жеміндегі зиянды қоспалардың мөлшерін азайту. Өткен ғасырларда жұрт көбінесе жұқпалы кеселдерден көз жұмса, бүгінде «ақшаға сатып алған» ауру түрлері көбейді.
Бұдан бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде «Трансмай несімен қауіпті?» дейтін тақырыпты қозғаған едік. Бұған БАҚ-та маргарин мен спредтердегі гидрогенезделген майлардың болуына қатысты қолданыстағы техрегламентті жеңілдету мен олардың өнімдегі мөлшерін қазіргі 2%-дан 20%-ға дейін жеткізуді ұсынған ақпараттар себеп болған еді.
Ендеше таяу күндері елордада өткен «Тамақ өнімдеріндегі трансмайлар мен қалдық ветеринарлық препараттарды ұлттық және халықаралық нормалау» атты дөңгелек үстелде көтерілген мәселелерге оралып көрейік. Бұл тақырып күрделі де тосын сияқты көрінгенімен, ол ешкімді айналып өтпейді. Өйткені денсаулығымыз үшін аса қауіпті трансмайларды тұтыну мәселесі қашанда өзекті.
Жоғарыда атап өткендей, кейбір өнеркәсіптік қауымдастықтар өз мүдделерін тықпалап, азық-түлік өндірушілеріне Қазақстанда қолданылатын, ЕАЭО-ның техникалық регламентінде белгіленген өз өнімдеріндегі өнеркәсіптік трансмайлардың үлесі 2%-дан аспауы керек деген ережені бұзып, 20%-ға дейін пайдалануға рұқсат беру идеясын ұсынып отыр. Алайда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар арзан өнеркәсіптік трансмайлар есебінен өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге мүдделі жекелеген өндірушілердің коммерциялық пиғылы ұлт денсаулығына қатысты мүдделерден жоғары болмауға тиіс екенін алға тартып отыр.
Азық-түлік, білім беру және тәрбие нысандарын санитарлық-гигиеналық бақылау мен қадағалау басқармасы төрағасының орынбасары Гүлшарат Қожатованың айтуынша, ДДҰ талаптарына сәйкес, бүкіл әлем өнімдердегі трансмайлардың рұқсат етілген мөлшерін барынша азайтуға тырысып жатыр, ал бірқатар дамыған елде бұған толық тыйым салынған.
Дөңгелек үстел барысында сарапшылар трансмайларды, яғни өндірістік жолмен алынған трансизомерлерді немесе гидрогенезделген майларды пайдалану – қан тамырларының бітелуі, инфаркт, инсульт, жүректің жіті ишемиясы сынды басқа да қауіпті кеселдерді туындатып, атеросклеротикалық түйіншектер кесірінен жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім-жітімді бірнеше есеге арттыратынын нақты мысалдармен дәйектеді. Мәселен, трансмай қышқылдары мөлшерін көбейту бедеулікке бастайтыны айтылды: тұрмыс құрған 18 мыңдай әйелге жүргізілген зерттеулер трансмайды тұтынудың әрбір 2%-ға артуы бедеулік қаупін 73%-ға өршітетінін көрсетті.
«Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия шеңберінде азық-түлік өнімдеріндегі трансмайлардың рұқсат етілген мөлшерін одан әрі қысқарту жөнінде қызу талқылау жүріп жатыр. 2%-ға дейін берілген рұқсат 2024 жылға дейін белгіленсе, оны тағы да төмендету жоспарланып отыр. Бірақ мұндай талап тамақ өнімдерін өндірушілердің қалтасын қағатыны анық. Сонымен қатар баға мен өзіндік құнға қатысты барлық экономикалық аспектіні түсіне отырып, Қазақстан халқының трансмай қышқылдарын тұтынуды мүмкіндігінше шектеуді басты назарда ұстау керек. Ғылыми зерттеулердің көпшілігі тамақ өнімдеріндегі трансмай қышқылдары талай аурудың пайда болуына себепші екенін көрсетті. Осыған байланысты 2018 жылы ЕАЭО техникалық регламенті бойынша өнімдегі трансмай қышқылдарының мөлшері 2% деңгейінде болсын деген норма қабылданды. Біз бұл шекті одан әрі төмендетудің баламасы жоқ деп есептейміз», дейді Г.Қожатова.
Денсаулық сақтау министрлігінің маманы, медицина ғылымдарының кандидаты Жанар Толысбаева ДДҰ деректеріне сәйкес, әлемде жыл сайын 540 мыңға жуық өлім-жітім өнеркәсіптік жолмен алынатын майларды тұтыну салдарынан болатынын мысалға келтіре отырып: «Трансмайларды шамадан тыс тұтыну кез келген кеселдің себептерінен болатын қайғылы оқиғаларды 34%-ға, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітімді 28%-ға арттырады. Бізге белгілісі, елімізде жүрек және қан тамырлары аурулары өлім-жітім құрылымында бірінші орында тұр. Мемлекет жүректің ишемиялық ауруы мен жүрек-қан тамырлары ауруларына операциялар жүргізу үшін квотамен жыл сайын миллиардтаған теңге бөледі. Сондықтан трансмайлардың Қазақстандағы жалпы сырқаттылық пен өлім-жітім әсеріне көзді жұмып қарауға болмайды», дейді.
Сарапшының айтуынша, Еуропаның жетекші медициналық орталықтары мен университеттерінің зерттеулері өнеркәсіптік майларды тұтынудың кері салдары ретінде 90-жылдардың өзінде «нашар» холестерин (төмен тығыздықтағы липопротеидтердің жоғары индексі мен жоғары тығыздықтағы липопротеидтер индексінің бір мезгілде төмендеуі) деңгейінің жоғарылағанын анықтаған. Яғни трансмайларды аздап тұтынған күннің өзінде май алмасу мен қанның липидті профилінің бұзылуын қоздыратыны дәлелденген, демек олар жүрек-қан тамыр жүйесіне теріс әсер етіп, инфаркт, тромбоэмболия мен басқа да патологиялар қаупін өршітеді.
Кейін 2000 жылдары трансмай қышқылдарының жасушалар мен ағзалардың қызметіне қалай әсер ететініне қатысты зерттеулер жүргізіледі. Трансмайлардың жұқпалы емес аурулардың шешуші факторы – инсулинге сезімталдықпен және метаболикалық синдроммен байланысты, ағзаның кардио-метаболикалық қызметіне айтарлықтай теріс әсер ететіні дәлелденген. Қысқасы, трансмай қышқылдарын аз мөлшерде болса да ауқат ретінде пайдалану жүректің ишемиялық ауруын кәдімгідей асқындырады.
«Трансмайлар эндотолиантты функцияның бұзылуы салдарынан қабыну үдерістеріне ықпал етеді. Эндотелий – қан тамырлардың ішкі жағынан қаптайтын жасушалар және олар трансизомерлердің әсерінен жойылады. Сондай-ақ трансмайлар қан ұйығыштығын шақырып, жасушалардың инсулинге сезімталдығын төмендетеді де, осыдан келіп жасуша мембраналарындағы орны толмас қанықпаған май қышқылдарының («жақсы», пайдалы холестерин) орнын басып, зат алмасу қызметін бұзады. Жасушалардың да өткізгіштік қасиеті төмендеп, зардап шегеді. Біртіндеп басты күретамырлар зақымданып, жүректің ишемиялық ауруы пайда болады. Сондықтан дәрігерлер трансмай қышқылдарына қатысты басты мәселе – оларды азық-түлік өнімдерінде пайдалану қан тамырларының толығымен бітеліп қалуына әкелетіндігін айтумен келеді. Қазіргі таңда коронарлық артерияларын шунттау үшін квотамен операция жасатқан әркімнің-ақ таныс-туыстары бар. Бұл трансмай қышқылдары бар өнімдермен тамақтанудың нақты салдары», дейді Ж.Толысбаева.
Осы орайда дөңгелек үстелде әлемнің дамыған елдері тамақ өнеркәсібінде трансмайларды қолдануды азайтуды немесе толығымен шектеуді жалғастырып жатқанына баса мән берілді. Бұл үдеріс медицинаның осы санаттағы өнімдердің адам денсаулығына келтіретін зияны орасан екенін дәлелдейтін тұжырымдарынан кейін орын алып отыр.
Сөз кезегі «Стандарттау және метрология институты» РМК Техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығы басшысының орынбасары Александр Раззареновке тиген кезде ол ЕАЭО аясында қазір осыған ұқсас жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Құрамында трансмайы бар барлық өнім бірыңғай көрсеткішке біртіндеп нормалау арқылы трансмай өнімдегі жалпы майдың 2%-ынан аспауға тиіс деген өлшемге келтірілді. Біздің өндірушілердің осы регламентке өтпелі дайындық кезеңі айтарлықтай ұзақ – 2011-2018 жылдар аралығында болды. Бұл норма 2018 жылдан бастап қолданылып келеді. Біз бес жыл бойы тұрақты шамасы 2% болатын құқықтық алаңда өмір сүріп келе жатқанымызбен, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Қазіргі таңда еуропалық нормаларға сәйкес түзетілген нормативті қамтитын техрегламентке өзгерістер енгізу туралы жоба әзірлену үстінде. Егер қазір рұқсат етілген мөлшерлеме өнімдегі жалпы майдың 2%-ы деп белгілесе, онда өнімнің май фазасында түрлендірілген және түрлендірілмеген өсімдік майларының мөлшерінен 2% деңгейінде рұқсатнаманы енгізу ұсынылады. Мұның басқа баламасы жоқ, осы мәселеге қатысты ЕАЭО-ға мүше елдердің ұстанымы бірдей», дейді Стандарттау және метрология институтының өкілі.
АЛМАТЫ