Қазақ халқы тәуелсіздікке ұмтылған асқақ арманына, дербес мемлекет болсам деген асыл мұратына 1991 жылы желтоқсан айында қол жеткізді. Ал 1992 жылы 4 маусымда азаттығымызды айшықтап, елдігімізді ерекшелейтін төл рәміздеріміз дүниеге келді. Мемлекеттік рәміздер – әр халықтың әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын негізгі фактор. Ол – саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері. Халықтың басын қосып, бір мақсат, бір болашақ жолында Отан үшін қызмет етуге шақыратын ортақ құндылығы.
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтің туғанына 85 жыл толуына орай және Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековке құрмет көрсету мақсатында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Көрнекті сәулетші, университет профессоры Жандарбек Мәлібеков, Заманауи зерттеулер институтының директоры, геральдист Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысқан іс-шарада рәміздерге деген құрметті арттыру арқылы ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, тәуелсіздігіміздің тұғырын берік қылатын тарихи сананы қалпына келтіру бағытында келелі ойлар айтылды.
Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Президент жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық бірегейлік пен патриотизмді дамытудың іс-шаралар жоспарын жасап жатыр. Жиында сөз сөйлеген минстрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш сол іс-шаралардың бірі – «Отанды сүю – жүректен» атты республикалық патриоттық жоба қолға алынғанын айтты.
«Жоба аясында «Елдіктің асқақ айбыны» атты үздік шығармашылық туындылар байқауын, «Рәміздерім – мақтанышым» атты мобилографтар сайысын, «Туған жерім менің – Қазақстаным» атты меншік иелері бірлестіктері арасындағы (МИБ) байқаулар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оған қоса «Balapan» телеарнасында, «Астана», «Шалқар», «Classik» радиоларында, «Қазақ радиосында» хабарлар ұйымдастырылып келеді. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, бүгінде еліміздегі ең танымал мобильдік бағдарлама – «Aqyl battle» қосымшасына мемлекеттік рәміздерге арналған арнаулы блок қосылды. Мобильдік қосымшаның әсіресе, жастар арасында өте танымал екенін ескерсек, бұл қадам өскелең ұрпақтың мемлекеттік рәміздер туралы білімін арттыруға жол ашады», деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, министрлік республика бойынша Мемлекеттік рәміздер күнінде елімізде 100-ден астам іс-шара өткізуді көздеп отыр. Ең алдымен, 4 маусым күні бүкіл республика бойынша бір мезетте – елорда уақытымен сағат 10.00-де халық көп жүретін орындарда, ірі сауда орталықтарында, теле және радио арналарда Мемлекеттік Әнұран орындалады. Сонымен бірге осы күні Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарындағы орталық алаңдарда «Патриотизм дауысы» атты патриоттық флешмоб, саябақтар мен демалыс орындарында балалар мен жасөспірімдерге арналған отансүйгіштікті дәріптейтін «Менің туым – менің мақтанышым!» атты әртүрлі сайыстар мен байқаулар өтпек. Рәміздер күнінің басты іс-шараларының бірі – «Көк тудың желбірегені» атты республикалық патриоттар форумы.
Конференцияда сөз алған Жандарбек Мәлібеков еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасын жасаған уақытта Ташкентте жұмыс істеп жүргенін айтып, Елтаңбаның ең алғашқы сызба нұсқасын тұңғыш рет көпшілікке көрсетті.
«Бұл Елтаңбада қазақ қазақ болғалы халқымыздың арғы-бергі тарихы түгелдей қамтылған. Ең бірінші көзге түсетіні – шаңырақ пен оның уықтары. Киіз үй – қазақ ұлт ретінде жаралғалы бірге келе жатқан дәстүрлі баспанамыз. Шаңырақ біздің ел халқының бір үйдің баласындай тату болу керек екенін аңғартады. Бұл жерде қазақ қана емес, әртүрлі жағдайларға байланысты осында қоныс тепкен өзге ұлт өкілдері де бар. Сондықтан Отан – бәріміздің ортақ шаңырағымыз. Бұл – тұтастықты, ынтымақтастықты, достықты, бейбітшілікті білдіретін Елтаңба», деді профессор.
Ол Мемлекеттік Елтаңбамыздағы жылқы суретінің де бекерге тұрмағанын, қазақтың жылқы мінезді халық болуымен қатар, дүниеде атты тұңғыш тізгіндеген халық екенімізді айғақтайтынын айтты. Өйткені Ботай мәдениетін зерттеген археологтер біздің ата-бабамыз жылқыны алғаш рет қолға үйреткенін анықтаған болатын. Сондықтан мінсе – көлігі, жесе – тағамы, кисе киімі болған жылқы малының Елтаңбамыздан орын алуы – заңдылық.
Жандарбек Мәлібеков Мәдениет және спорт министрлігі өкіліне мемлекеттік мекемелердегі елтаңбаларға сапалы материал қолдану туралы ұсыныс айтты. Өйткені қазіргі жасалып жатқан елтаңбалар уақыт өте келе өңін жоғалтып, қарайып кетіп жатқан жағдайлар бар. Егер алтын жалатылса, ұзақ уақыт жарқыраған қалпында тұра беретінін және Елтаңба секілді мемлекеттік рәміз бағалы металдан жасалуға лайықты екенін жеткізді.
Конференцияға қатысқан геральдист Мұхит-Ардагер Сыдықназаров тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі жоғымызды түгендеп үлгермегенімізді айтты. Оның айтуынша, ұлттық рәміздер дегенде тек Елтаңба, Ту, Әнұранды ғана айту жеткіліксіз. Олармен қатар белгілі бір ұлттың өзіндік болмысын айғақтайтын ұлттық киімі, бас киімі, ұраны, спорттық ойындары, тағамы, тіпті мемлекетті аяққа тұрғызған ұлттық қайраткері де болуға тиіс.
«Мәселен, кеңес одағының «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер» деген ұраны болды. АҚШ-тың ұраны – «In God We Trust» (Біз Құдайға сенеміз) болса, Ұлыбритания «God and my right» (Құдай және менің құқығым) деген сөзді ұлттық ұраны қылған. Ал біздің ұлы ата-бабаларымыз қандай жалынды сөздерді айтып кеткеніне қарамастан, әлі күнге халықтың рухын көтеретін ұранымызды бекітпедік. Сонымен қатар бүгінде сумо десе – жапондар, таэквондо десе – корейлер, ушу десе қытайлар ойға келеді. Біз өзіміздің тоғызқұмалақ, қазақ күресі, аударыспақ секілді спорттық ойындарымызды қаншалықты дәріптей алып жатырмыз? АҚШ-ты өркендеткен Джордж Вашингтон, Қытайда – Мао Цзэдун, Малайзияда – Мұхаммед Махатхир, Сингапурде Ли Уан Ю ұлттық қайраткер саналады. Ал бізде Қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керейдің нақты бекітілген портреттері де әлі жоқ», деп атап өтті Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Жиын басында өзге де мамандар сөз алып, жастарды отаншыл рухта тәрбиелеу ісіне қатысты құнды ойларын айтты.