7-8 маусымда елордада «Астана халықаралық форумы» өтеді. Алқалы жиын аясында жаһандық сын-қатерлер, оған төтеп беру жолдары, еларалық байланыстарды бекемдеу мәселелері талқыланады.
Іс-шараның тағы бір мақсаты – дипломатиялық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттер арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нығайтып, жалпыға ортақ қиындықтан бірлесе отырып шығу. Сөйтіп, халықаралық байланыстарды тағы да нығайта түсу.
Форумда дүниежүзінің ең үздік сарапшылары бас қосып, бүгінгі күндегі жаһандық проблемалардың шешімін табуға атсалысады.
Үлкен іс-шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Форумға бір мыңнан астам шетелдік қонақ келеді деп күтіліп отыр.
Қонақтар қатарында Қатар мемлекетінің әмірі Шейх Тамим бин Хамад Әл Тани, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния, және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры (ДСҰ) Нгози Оконджо-Ивеала, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Бас директоры (ЮНЕСКО) Одрэ Азуле, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) атқарушы хатшысы Армида Алисжахбана, Халықаралық Валюта Қорының Басқарушы директоры (ХВҚ) Кристалина Георгиева, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка мәселелері жөніндегі көмекшісі, БҰҰ Орталық Азия бойынша Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы басшысының міндетін атқарушы Мирослав Енча болады деп жоспарланып отыр.
Бұлармен қатар, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, Әкімшісінің көмекшісі және БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа және ТМД аймақтық бюросының директоры Ивана Живкович, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Хельга Шмид, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Маргарета Седерфельт, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Чжан Мин, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо, Азия даму банкінің (АДБ) президенті Масацугу Асакава, Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Мұхаммед Фарадж әл Мазруи, Еуропалық ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссар Януш Войцеховский, Эфиопияның экс-президенті Мулату Тешоме, Буркина-Фасоның экс-премьер-министрі Ласина Зербо, швейцариялық дипломат және ЕҚЫҰ экс-Бас хатшысы Томас Гремингер, S&P Global төрағасының орынбасары Дэниел Ергин, Ban Ki-moon Foundation for a Better Future қорының директоры және Корея Республикасының климат өзгеруі жөніндегі экс-кеңесшісі Рае Квон Чунг бар.
«Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» атты екі күндік форумда қатысушылар төрт негізгі бағыт бойынша мәселелерді шешудің жаңа жолдарын қарастырады. Бірінші, сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, екінші, халықаралық даму және тұрақтылық, үшінші, Энергетика және климаттың өзгеруі, төртінші, экономика және қаржы.
Форум аясында жоғарыда аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессия, бейресми пікірталас және басқа да бағдарламадан тыс іс-шара өткізіледі. Форумның стратегиялық серіктестері – БҰҰ және CNN.
БҰҰ жоғары деңгейдегі спикерлерді ұсыну және өздерінің бірнеше агенттігінің қатысуын қамтамасыз ету арқылы іс-шараға қолдау көрсетеді.