Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Палата депутаттары «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады.
Заң ЕАЭО шеңберінде құқықтық негіз құрайтын халықаралық шартты жетілдіруге арналған. Атап айтқанда, Келісім арқылы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін экономикалық аймақтардың жекелеген мәселелерін қосымша реттеу ұсынылып отыр. Хаттама нормаларына сәйкес еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтардың аумағы Кедендік одақтың кедендік аумағының бөлігі саналады. Ал порт және логистикалық АЭА шектері Кедендік одақтың кедендік шекарасы болып табылады. Бұдан басқа, еркін кедендік аймақ рәсімі қолданылатын АЭА аумағы қай мүше мемлекеттің жерінде құрылған болса, сол елдің заңнамасына сәйкес айқындалады.
Заң жобасын талқылап біткеннен кейін Сенат спикері М.Әшімбаев арнайы экономикалық аймақ жұмыстарын сынға алды. Оның айтуынша, бұл бағытта қомақты қаражат салынғанымен, салық түсімі соның 10 пайызына да жетпейді. Сондай-ақ инфрақұрылыммен қамту да төмен.
«Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Атырауда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА жұмыс істейді. Жоғары есеп палатасының есебіне сүйенсек, мемлекет бұған 162 млрд теңге қаражат құйды. Ал 2013-2020 жылдар аралығында аталған аймақтағы қатысушылар 16 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Яғни мемлекет салған қаржының 10 пайызын ғана алды», деген Сенат төрағасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрінің баяндамасын сынға алды.
Сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың ресурстарын пайдаланудың орнына, басты назарды нақты инвестицияларды – отандық және шетелдік компанияларды тартуға аударудың маңызына тоқталды.
«Атырау АЭА-ның 17 пайызы ғана инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ құйылған инвестицияның 99,6 пайызы квазимемлекеттік секторға тиесілі. Ал АЭА шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін құрылған. Яғни еркін экономикалық аймақ құрып, қаржы салып, салық түрінде небәрі 10 пайыз табыс алып жатырмыз. Ал квазимемлекеттік компаниялар сол жерге инвестиция құяды. Сонда мұның тиімділігі қайда? Квазимемлекеттік сектор бұл кәсіпорындарды арнайы экономикалық аймақсыз да сала алатын еді», деді М.Әшімбаев.
Осыған байланысты ол Сенаттың тиісті комитетіне 15 маусымға дейін мәселені жан-жақты зерттеп, ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сонымен қатар сенаторлар «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл Құжат католик шіркеуі қызметкерлерінің санаттарын нақтылайды. Сондай-ақ дін қызметкерлерінің ел аумағында болуының құқықтық тетіктерін жетілдіреді.
«Былтыр елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өткені белгілі. Съезге қатысу үшін Қазақстанға әлемдік деңгейдегі дін көшбасшылары келді. Бүгін мақұлданған Қосымша келісім Рим Папасы Франсцисктің сол кездегі ресми сапары аясында жасалған болатын. Алдағы уақытта осы Құжат Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Әли Бектаев «Қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын» қайта қарау және қанттың баламалы, оңтайлы өндірісін енгізу қажеттігін атап өтті. Депутат мұндай қадам халықты қанттың қажетті көлемімен қамтамасыз етіп, импорт деңгейін төмендетеді деп есептейді.
«Елімізде өндірілетін қант көлемі соңғы 20 жылда 55 пайызға төмендеген. Осы уақыт ішінде ұлттық өндірісті дамытып, қант шикізатына тәуелділікті азайту үшін қабылданған шаралар тиімсіз болды. Үкіметтің қаулысымен қабылданған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда қызылшаның егіс көлемін 38 мың гектарға дейін ұлғайтып, қант өндірісінің көлемін 7 есеге артыру жоспарланған. Бұл мақсаттарға 495 миллиард теңге қажет», деді Ә.Бектаев.
Сенатордың пікірінше, кешенді жоспарда қызылша өсіруді ғана емес, сонымен қатар қант өндірудің балама әдістерін де ескеру қажет. Өндірістерде тәтті алмастырғыш ретінде бидай, картоп және жүгері сияқты дақылдардан алынған глюкоза-фруктоза сиропын да қолдануға болады. Депутат осыған байланысты «2022-2026 жылдарға арналған қант саласын дамытудың кешенді жоспарын» пысықтауды және онда қант пен оның алмастырғыштарын өндірудің балама жолдарын қарастыруды ұсынды.
Андрей Лукин астық контрабандасының салдарынан ел бюджеті жүздеген миллион теңгеден қағылып отырғанын айтты. Сенатордың айтуынша, елімізде жалған құжат бойынша Ресейден Қазақстанға бидайды салық төлемей заңсыз әкелудің тұрақты жолдары бар. Оның үстіне, бұл астықты ЕАЭО-дан тыс жерлерге экспорттағаны үшін кәсіпкерлер одан кейін де Қазақстан бюджетінен төлемдер алып отыр.
«2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ресейден СҚО аумағына 450 мың тоннадан астам бидай әкелінген, олар Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ілеспе құжаттары бойынша астық қабылдау пункттеріне тапсырылған. Құжаттамалық рәсімнен кейін трейдерлер ол өнімді қазақстандық тауар ретінде елден тысқары жерге экспорттады. Бұл бюджет қаржысы есебінен қосымша құн салығын экспорттаушыларға заңсыз қайтарып беруге әкеп соқтырды. Құқық қорғау органдары жалған құжаттар бойынша бидайды заңсыз әкелу схемасын растап отыр. Ресейден Қазақстанға әкелінген тауардан төленбеген қосымша құн салығы түріндегі мемлекетке алдын ала келген залал 660 млн теңгеден асты», деді Андрей Лукин.
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайдың себебі – Ресейден әкелінетін астық өнімдерін пайдалануды есепке алу және одан әрі бақылау жүйесінің болмауы. Сонымен қатар экономикалық контрабанда мәселесі оны дұрыс анықтау тұрғысында аса маңызды. Сенатор осыған байланысты Үкімет мүшелеріне «контрабанда» және «жалтару» қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін ажыратуды, ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды есепке алу және бақылау процесін цифрландыруды, сондай-ақ тауарларды көлеңкелі әкетудің жолын кесу жұмысын күшейтуді ұсынды.
Ақмарал Әлназарова өз сауалында Алматыдағы Педиатрия онкологиялық орталығының медициналық жабдықтары әбден тозғанын айтып, дабыл қақты. Соған байланысты сенатор Үкіметті Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жанындағы балалар онкогематологиясының жеке корпусын салуға және медициналық жабдықтар паркін жаңартуға қаражат бөлуді жеделдетуге шақырды.
«Педиатрия орталығында пациенттер өлімінің негізгі себебі химиотерапия кезеңдеріндегі септикалық асқыну болып отыр. Арнайы төсектің тапшы болуы, күндізгі стационардағы орындардың аздығы пациенттердің тым көбейіп кетуіне әкеледі және стационардағы эпидемиялық жағдайды нашарлатады. Бұл пациенттердің иммундық жүйесіндегі қорғаныс күшінің мүлдем тапшылығы аясында қолайсыз болып отыр. Медициналық желдету жүйесінің, қабырға мен төбелердің бактерияға қарсы өңделетін жабындысының, зарарсыздандырылған бокстардың болмауы жағдайды қиындата түсуде», деді Ақмарал Әлназарова.
Сенатор пациенттерді толыққанды және сапалы емдеу үшін орын жетіспеушілігі мен медициналық жабдықтардың тозуына байланысты мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті.
Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының апатты жағдайына алаңдаушылық білдірді. Соның салдарынан маңайдағы елді мекендерді су басу қаупі жоғары болып отыр. Ол жерлерде 15 мың тұрғын тұратынын айтқан сенатор мәселені шешу үшін шаралар кешенін ұсынды.
Депутаттың айтуынша, Үйдене су қоймасы 10 жылға жуық уақыттан бері апатты жағдайда тұр. 2017 жылдан бастап бөгетті жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Алайда қаржыландырудың болмауына байланысты жоба тек 35%-ға орындалды. Дайындалған жобалау-сметалық құжаттардың мерзімі аяқталды, сонымен қатар онда басты суағардың негізгі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары қарастырылмаған болып шықты. Аймақтағы басқа да бірқатар су қоймасында күрделі жағдай қалыптасып отыр.
Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы ауыз су тапшылығына қатысты мәселені көтеріп, Нұра су құбырын жаңғырту жөнінде ұсыныс жасады. Депутаттың айтуынша, Ақмола облысындағы Егіндікөл ауданының халқы соңғы 10 жылда 3 есеге қысқарып кеткен. Сенатордың пікірінше, ауылдағы су тапшылығы – халықтың қалаларға қоныс аударуы себептерінің бірі. Сонымен қатар Нұра су құбырынан су алатын Қорғалжын және Атбасар аудандарының тұрғындары да су тапшылығына тап бола бастады. Аудандардың тұрғындары су құбырларының жиі бұзылуына байланысты бірнеше апта бойы сусыз қалған. 12 ауыл ауыз суды орталық су магистралінен алады, ал 4 ауыл тек жеткізілетін суға сеніп отырады.
«Елу жылдан бері көп өңірлерге қызмет етіп келе жатқан су құбырының бүгінде сау жері қалған жоқ. Мамандардың айтуына қарағанда, құбырдың 90 пайызға жуығы шіріп, қаусап тұр. Құбыр ішіндегі судың 70-80 пайызы шығынға ұшырайды. 2014 жылы су құбырын жөндеу үшін 400 миллион теңге қаражат бөлінген, бірақ әлі күнге дейін, жұмыстар дұрыс жүргізілмей, Нұра топтық су құбыры ауыз суды жеткізуге қауқарсыз болып отыр. Облыстық және аудандық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп, су құбыры ішінара жөнделгенімен, тұтастай тәртіпке келмеген соң мәселе шешілер емес», деді Талғат Жүнісов.