• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 05 Маусым, 2023

«Төбелеске» толы маусым

1600 рет
көрсетілді

Жаз айларында аралас жекпе-жектен бірқатар халықаралық турнир өтеді. Отандық «NAIZA», «Алаш Прайд», «Octagon» және басқа да про­моушендері елімізде тартысты бәсекелер ұйымдастыруды көздеп отыр. Олардан бөлек, шет мемлекеттерде жалауы желбірейтін дәстүрлі жарыстар тағы бар. Осы дүбірлі додалардың барлығында еліміздің спортшылары бақ сынайды.

Отандық жанкүйерлер 16 маусымды асыға күтіп отыр. Дәл сол күні Чешенстанның АСА промоушеннің мұрындық болуымен өтіп жатқан Гран-при додасының жеңіл салмақтағы (70,3 кило) жеңімпазы анықталады. Бәсекеде алтын белбеу үшін «Спартак» деген жанама есімге ие болған жерлесіміз Артем Резников пен Ресейдің мықтысы Эдуард Вартанян күш сынасады. Естеріңізге са­ла кетейік, аталған жарыстың жүлде қоры ­1 миллион АҚШ долларын құрап отыр.

Артем Резников – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тумасы. Ал­ғашында ол еркін күреспен айналысып, бірқатар жа­рыстарда жүлде алып жүрді. Кейіннен бейнетаспалар арқы­лы Ресейдің даңқты спортшысы Федор Емельяненконың өнеріне сүйсініп, аралас жекпе-жекпен шұғылданамын деген шешім қабылдаған. 2014-2021 жылдар аралығында «Алаш Прайд» клубы ұйымдастырған жарыстарда тоғыз кездесу өткізіп, барлығында басымдық танытты. 2014 жылдың күзінде Артем сол кезде Ресейдің туы астында өнер көрсе­тіп, кейіннен Қазақстанға қоныс аудар­ған Георгий Кичигиннен ұпай санымен ұтылды.

Бастапқы кезеңдерде республика аума­ғында ғана айқасқан Артем 2016 жылдың ақпан айында алғаш рет шетелге шықты. Өкінішке қарай, Ресейдің Новосібір қаласында өткен жарыста жерлесіміз Ми­хаил Царевқа есе жіберді. Одан кейін бір жыл­дан аса уақыт аралығында тағы төрт бәсекеде жеңілістің кермек дәмін татты. Атап айтсақ, Амманда иорданиялық Ярра Хусейннен, Санкт-Петербургте ре­сей­лік Дмитрий Арышевтен, Бішкекте Да­нияр Бабақұловтан және Алматыда өз­бек­стандық Нұрсұлтан Разибоевтан жеңілді.

– Қатарынан бес жекпе-жекте жеңілу ешбір адамға абырой әпермейтіні анық. Ондай жағдайда спортшылар психо­ло­гиялық күйзеліске түседі. Тіптен октагонмен қош айтысып жатқандар да емес. Резников те сондай қиын кезеңді басынан өткізді. Сол уақытта осы саланың басы-қасында жүрген азаматтардың тарапынан «Оған спортты қою керек. Дәл осындай қарқынымен Артем алысқа бармайды» деген сыңайда әңгімелер де айтылды. Бірақ жерлесіміздің жігері мұқалмады. Ол өзінің жұлдызды сәттері алда екеніне сенді. Сол үшін ерінбей еңбектеніп, жаттығу залында көп тер төкті. Нәтижесі өздеріңізге мәлім. 2017 жылдың қараша айынан бері 10 рет октагонға шыққан Резников барлық бәсекені өз пайдасынан шешті. АСА-ның Гран-приінде де ол өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Аталған жарыстың алтын белбеуін иеленуге Артем әбден лайық деп есептеймін, – дейді «Алаш Прайд» клубының президенті Данияр Қасқарауов.

Айқас алаңында барлығы 30 кездесу өткізген Артемнің 24 мәрте мерейі үстем болды. 18 бәсекеде айқын басымдық танытты. Жерлесімізден жеңілгендер арасында Хасан Халиев, Хамзат Аушев, Юсуф Райсов сынды танымал спортшылар бар. Былтыр жазда тұсауы кесілген Гран-при турнирінің ширек финалында Резников төрешілердің шешімімен бразилиялық Дэйви Рамосты ұтса, жартылай финалда Ресейдің өкілі Андрей Кошкинді «қылқындырып» тастады.

11 маусымда 32 жасқа толғалы отырған Эдуард Вартанян Арменияның астанасы – Ереванда дүниеге келді. Кейіннен ата-анасымен бірге Ресейге қоныс аударды. Мәскеуде ол жауынгерлік самбо және муай-таймен айналысты. Әлем кубогінің иегері деген атағы бар. Аралас жекпе-жекпен 2021 жылдан бері шұғылдана бастады. Сол аралықта 28 мәрте жарыс көркін қыздырып, 24 бәсекені өз пайдасына шешті. 13 тартыс мерзімінен бұрын тоқтатылды. Гран-при додасында Вартанян конголық Алейн Илунга мен ресейлік Юсуф Райсовты ұтты.

17 маусымда алыстағы Америкада UFC өзінің кезекті турнирін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сол жарыста аса жеңіл салмақтағы Жалғас Жұмағұловқа жанкүйер боламыз. Әлемдегі ең белді промоушенде күш сынасып жүрген 34 жастағы қазақ файтері осы күнге дейін 22 кездесу өткізіп, 14 рет жеңіске жетті. Сегіз қарсыласын мерзімінен бұрын ұтты. 2020 жылы ол UFC-мен келсімшартқа отырды. Бірақ әзірге Жалғастың жолы оңғарылатын емес. Қандасымыз алты бәсекенің біреуінде ғана басымдық танытты. Қалған бесуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Енді Жұмағұлов осы жолы жеңілсе, онда америкалық ұйыммен қош айтысатыны айдан анық. Сол себепті де Жалғас Лас-Вегаста қалай да жеңуге тиіс.

Жерлесіміздің қарсыласы – Фелипе Буньес. 33 жастағы Бразилияның спорт­шысы кезінде АҚШ-тың LFA және Ресей­дің АСА промоушендерінде күш сынасты. Оның рекорды – 20 кездесу, 13 жеңіс, 10 нокаут. 2020 жылдың көкте­мінде Буньес Алматыдаға сапар шегіп, чешенстандық Имран Букуевке ұпай санымен есе жібергені де есімізде.

23 маусымда Алматыда Ural FC пен Naiza промоушендері бірлескен турнир ұйымдастыруды жоспарлап отырғаны жайында біз бұған дейін де жазғанбыз. Сол жарыстың басты жекпе-жегінде аса ауыр салмақтағы ресейлік Вячеслав «Сары Тарзан» Дацик пен қазақтың оғыланы Ғалымжан «ТТ» Жасыланов күш сынасады. Дәл сол кеште аталған ұйымдардың чемпиондық белбеуінің иегері Дәурен Ермеков өз атағын сақтап қалу үшін Руслан Шамиловпен шеберлік байқасады. Орта салмақтағы бұл спортшылардың рекордтары мынадай: Дәурен – 22 кездесу, 17 жеңіс, 10 нокаут. Руслан – 15 кездесу, 11 жеңіс, 9 нокаут. Алдағы жекпе-жекке қандасымыз Чешенстанның бас шаһары – Грозныйда дайындалып жатыр.

15 шілдеде Лас-Вегаста әлі ешкімнен жеңілмеген Азат Мақсұм америкалық помоушендегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Осы күнге дейін түрлі жарыс­тарда 16 қарсыласын жайпап салған 27 жастағы қазақтың қайсар ұлы Тайсон Нэммен жұдырықтасады. Жасы 40-қа таяп қалған Гавайи аралының тумасының көрсеткіші – 35 кездесу, 21 жеңіс, 14 нокаут. Осыдан бес жыл бұрын Алматыда Тайсон біздің Жалғас Жұмағұловпен жекпе-жекке шығып, ұпай санымен ұтылды.

5 тамызда АҚШ-тың Нешвилл қаласында Асу Алмабаев та UFC-дегі тұсаукесер кездесуін өткізеді. 28 жастағы қандасымыз осы спорт түрін серік еткелі 10 жыл болды. 19 рет октагонға шыққан ол 17 бәсекеде басымдық танытты. Сегіз қарсыласын сабмишн әдісімен ұтса, үш бәсекелесін ұрып жықты. 2007 жылы Алмабаев дағыстандық Тагир Ұланбеков пен әзербайжандық Мехман Мәмедовке жол берді. Одан кейін қатарынан 13 қарсыласын жолынан ығыстырды. Асу 31 жастағы Ямайканың файтері Оде Осборнмен күш сынасады. Оның рекорды – 17 жекпе-жек, 12 жеңіс, 9 нокаут. Осборн 2020 жылдан бері UFC-де бақ сынуда. Бұл ұйымда ол жеті рет айқасып, төрт рет жеңіске жетті.