Тәжікстанның астанасы – Душанбеде өткен Гран-при додасын Қазақстанның дзюдошылары екі қола медальмен қорытындылады.
Алғашқы жүлдені Сұңғат Жұбатқан жеңіп алды. 66 кило салмақта белдескен ол израильдік Даниэль Капелюшник пен тәжікстандық Нурали Эмомалиді еңсеріп, ресейлік Мурад Чопановтан жеңілді. Одан кейін ұлыбританиялық Чарли Йонг пен италиялық Чинарро Ниеттодан басым түсіп, қола медальды мойнына ілді. Аса ауыр салмақтағы Ғалымжан Қырықбай да дәл сол межеден көрінді. Қазақтың нар тұлғалы жігіті франциялық Клемент Делверт, бахрейндік Азамат Чотчаев және польшалық Каспер Шуровскиді шаң қаптырғанымен, татами қожайыны Теймур Рахимовқа әлі жетпеді.
Душанбедегі ерлердің додасында екі мемлекеттің ғана әнұраны шырқалды. Төрт алтынды Ресей құрамасы олжалады. Тәжікстандық дзюдошылар үш алтынды иеленді.