• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 06 Маусым, 2023

Бұйырғаны – 13 жүлде

268 рет
көрсетілді

Бішкекте өткен Қожомқұл Қабауұлы мен Ратбек Санатбаевты еске алуға арналған рейтингтік турнирді еліміздің грек-рим күресі шеберлері бес (1 алтын+1 күміс+3 қола) және әйелдер күресінің өкілдері үш (2+1+0) жүлдемен қорытындылағаны жайында бұған дейін хабарлағанбыз.

Жарыстың соңғы күндері еркін күрес шеберлері бозкілемге шығып, Ел намысын 29 спортшы қорғады. Сенбіде 97 кило салмақта күш сынасқан Нұрсұлтан Азов қола медальді мойнына ілсе, Бекзат Үркімбай (97 кило) бесінші орынды қанағат тұтты. Серік Бақытханов (97 кило) жұбаныш сайысында сүрінсе, Омар Эюбов (125 кило) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кило) ал­ғашқы айналымнан аса алмады.

Жексенбіде тағы сегіз салмақ дәрежелерінің жүлделері сарапқа салынды. Біздің жанкүйерлер 74 килодағы балуандардың бәсекесін тағатсыздана күтті. Өйткені ел намысын қорғаған ба­луандардың барлығының да ата­ғы алысқа жайылған еді. Олар – Нұрқожа Қайпанов, Данияр Қай­санов және Дархан Есенғали. Алғашқы екеуі әлем чемпионаттарында жүлде алып, Азияның екі дүркін чемпио­ны атанған апай­төстер. Дархан биыл Ас­танада шымылдығы түрілген сары құрлықтың бас­ты додасын­да қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ Қайпанов пен Қайсановтың дәуірі өткен секілді. Кезінде екеуі елішілік жарыс­тарда алдарына жан салмай, бас жүлдені өзара сарапқа салатын. Кейінгі уақытта оларды жалынды жастар ығыстыра бастады. Бішкектегі бәсекенің екінші кезе­ңінде Нұрқожа тәжікстандық Магомед Еволовқа есе жіберсе, Данияр моңғолиялық Сумиябазар Занбанбудқа жол берді. Ал Дархан Әзербайжанның өкілі Хаджимурат Гад­жиевтен жеңілді. Сөйтіп, бар­лығы да елге құралақан оралды.

Жерлестерімізге бұл жарыста бес жүлде бұйырды. Бірақ ба­луандардың ешқайсысы алтын тұғырға көтеріле алмады. Ең үздік көрсеткішке Талғат Сырбаз қол жеткізді. 70 кило салмақта сынға түс­кен ол грузиялық Георгий Эл­­бакидзе мен қырғызстандық Ер­на­зар Акматалиевтен айласын асыр­ғанымен, финалда тағы бір жер­гілікті спортшы Орозбек Ток­то­мамбетовтен бір ғана ұпай айыр­­машылығымен жеңілді. Нә­ти­же­сінде, Талғат күміс медаль иеленді.

Қырғызстанның астанасында біз Азамат Дәулетбековке айрық­ша сенім арттық. 86 кило сал­мақта күрескен ол Еуропа чем­­пионатының екі дүркін қола жүл­дегері польшалық Себастьян Езе­­жаньски мен Әлем кубогі мен құрлық біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілген түркиялық Осман Гёченнен басым түсіп, жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері әзербайжандық Абу­бакр Аба­каровпен аянбай айқасты. Бұл бә­секенің тағ­ды­рын бір ғана ұпай шешті. Үшінші орын үшін өткен тартыс­та қан­дасымыз қырғызстандық Нұртілек Қарып­баевты қапы қал­дырды. Дәулет­беков­пен қатар, Мейрамбек Қарт­бай (57 кило) мен Жігер Зәкіров (79 кило) те қола медальді мойын­дарына ілді.

Жалпыкомандалық есепте ж­арыс қожайындары көш бас­тады. Олар 3 алтын, 2 күміс және 4 қоланы олжалады. Одан кейінгі сатыларға Грузия (3+1+1), Бахрейн (2+1+0), Әзер­байжан (1+2+1), Моң­ғолия (1+1+0), Қа­зақстан мен Қытай (0+1+4), Өз­бекстан (0+1+2) және Түр­кия мен Тәжікстан (0+0+2) құ­ра­малары жайғасты. Күрестің үш түрін қосқанда жерлестеріміз атал­ған рейтингтік жарыста 13 (3+3+7) жүл­деге иелік етті.