Елімізде «Jasyl el» жасағы жасақталып жатыр. 19 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бағдарлама көмегімен 14 пен 35 жас аралығындағы жастар жұмысқа қабылданады. Осылайша еліміздегі 30 мыңнан аса азамат еңбекке араласады.
Елімізде 2005 жылдан бері «Jasyl el» бағдарламасы тұрақты іске асырылып келеді. Былтыр ілкімді істің игілігін Астана қаласы бойынша 4 208 жас көрсе, биыл 4 200 елордалық еңбекке араласады. Бір айта кетерлігі бұл жоба көмегімен қазір 21-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар ғана емес, мектеп оқушылары да табыс таба алады.
– «Jasyl el» жобасы – мемлекеттің ел ертеңіне деген үлкен қамқорлығы. Бағдарлама бастау алғалы миллиондаған жасыл желек отырғызылды. Еліміз әлі де жасыл желекке орана береді. Бізде 14 жастағы бала кәмелеттік жасқа толмағандықтан, Еңбек кодексіне сәйкес 4 сағат жұмыс істейді. Жобаға қатысатын жастардың барлығы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, ай сайын 65 мың теңге жалақы төленеді. Жыл сайын «Jasyl el» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженерлері, технологтар, монтаж-құрылыс жұмыстарының шеберлері) көмекшісі қызметтерін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару (сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек), ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмыстарын жүргізеді, – деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.
«Jasyl el» жасағы қатарында көпбалалы отбасынан шыққан, әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер де бар. Ал жұмыссыз жастар құрылыс компанияларына орналасса, сол жерден жалақы алады. Оған қосымша жоба аясында 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Жалпы, жұмыс уақыты 8 сағатты құрайды. Қатысушылардың бірі Ислам Айтқалиевтың сөзінше, бағдарлама тек табыс тауып қана қоймай, өз ортаңды табуға көмектеседі.
– «Jasyl el» бағдарламасы бойынша биыл осымен екінші рет жұмыс істеп жатырмын. Мұнда жаңа орта таптым және жаңа достармен таныстым. Тапқан табысымды күнделікті қажеттілікке жұмсадым. Сондай-ақ бір бөлігіне ата-анама сыйлықтар сатып алдым. Жаз мезгілімен қоса күзде де жұмыс істедім. Күзде оқумен қатар алып жүруге болады, – деді 1-курс студенті.
Қазір бағдарлама аясында Астана қаласы бойынша 2400 жуық жас еңбек етіп жүр. Оның ішінде 1560 оқушы, 721 студент, 36 жұмыссыз жас бар. Биыл жазғы маусымда азаматтарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден астам білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғары оқу орындары серіктес болуға келісім берген.
Алматыда да «Jasyl el» жобасы аясында 2 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады. Жобаның ашылу салтанаты қаладағы демалыс саябағының бірінде өтті. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламадан кейін, «Jasyl el» еңбек жасағының қатысушылары сол аумақты тазартуға бірден кірісті.
– «Jasyl el» жобасы жаз мезгілінде жүргізіледі. Маусым, шілде, тамыз айларында қатысушылар еңбек етеді. 2022 жылы еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 60 мың теңге төленді. Биыл жалақы 70 мың теңгеге көтеріліп отыр. Өтінім қабылдау кезінде баланың жеке куәлік көшірмесі немесе туу туралы куәлік көшірмесі, есепшот иесінің жеке куәлік көшірмесі, 20 сандық есеп шот туралы анықтама, әлеуметтік жағдайын растайтын құжат (көпбалалы екендігі туралы куәлік, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік төлем туралы анықтамасы), баладан және заңды өкілінен өтініш алынды, – деді «Jasyl el» маусымдық жұмысқа орналастыру жобасының жетекшісі Зухра Иманбаева.
Жоба жетекшісінің сөзінше, өткен жылы бағдарламаға 1900 алматылық қатысса, биыл олардың саны 2000-нан асқан. Қатысушылар экологиялық рейдке шығып, құқық бұзушылықтың да алдын алады.
– Биыл жобаға төртінші рет қатысып отырмын. Жаңа таныс, орта табамыз. Белсенділігімізді арттырамыз. Жатақхананың тегін болуы жастарға үлкен көмек, екінші жағынан, 70 мың теңге айлық бар. Онда қиналып кірпіш тасымаймыз, үй салмаймыз. Табиғатқа жанашырлығымызды көрсетеміз, – дейді жобаға қатысушы Дана Білдебаева.
Мұнайлы өлке Атырауға да бағдарлама өз септігін тигізбек. Ол облыстың жеті ауданында және қалаға қарасты 7 ауылдық округ (Ақсай, Еркінқала, Дамбы, Қайыршақты, Атырау, Алмалы, Кеңөзек) аумағына жұмысқа қабылдайды. Шаһарда «Jasyl el» жобасымен жастарды тек 1 ай ғана еңбекке баулиды. Бір ескере кетерлігі, маусым айында жұмыс істеген сарбаз шілде, тамыз айларына қабылдана алмайды. Сондай-ақ, биыл жыл сайын бөлінетін квотадан бөлек, «Jasyl el» жобасы аясында 14 пен 29 жас аралығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке орындар қарастырылған.
«Jasyl el» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыты. Жоба елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы жастарды жұмыспен қамтуды мақсат етеді. Сонымен қатар тек жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қоймай, жастардың туған жерге, табиғатқа, Отанға деген патриоттық сезімін оятады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жастардың экологиялық іс-шараларға қатысуына үнемі мән береді. Өзі де Астана қаласындағы Линейный саябағында «Жасыл Астана» акциясы аясында 30-ға жуық белсенділермен бірге ағаш отырғызуға қатысқан еді. Іс-шара барысында жастарға өз тілектерін жеткізіп, елорданы көркейтуге бағытталған жоспарлармен танысқан-ды.