Кешегі кеңестік кезеңдегідей емес, тәуелсіздіктің арқасында бүгінде азаматтарымыздың алыс-жақын шетелдерге ат арытып барып-келуі пәлендей тосын жаңалық болудан қалды ғой. Адам өмірге бір рет қана келетіндіктен, байырғы бабалар сөзімен айтар болсақ, «Асың барда беріп жүріп ел танығанға, атың барда желіп жүріп жер танығанға» не жетсін? Өйткені өзге елдің тыныс-тіршілігімен, ондағы халықтың өткенімен, мәдениетімен, әдебиетімен, өнерімен, салт-дәстүрлерімен танысқан сайын өзіңнің де көкірек көзің ашылып, дүниетанымың кеңейетіні, жан дүниең байи түсетіні шындық.
Солайы солай-ау, бірақ біз сонау қияндағы өзімізге белгілі-белгісіз халықтарды қоя тұрып, іргеміздегі түбіміз бір түркі тілдес ұлттардың байырғы тарихы мен бүгінгі тіршілігі туралы қаншалықты хабардармыз? Мәселен, іргелес Ресейдің құрамында сонау қиыр солтүстік пен полярлық тундра өңірін жайлап жатқан, бүгінде жалпы саны жарты миллионнан әзер асып жығылатын якут-саха бауырларымыз туралы не білеміз? Шынын айтсақ, білеріміз шамалы екен.
Әрине, түп-тамырымыз әріден тартатын әлгіндей туыстастардың бар екенінен, олар табиғаты қатал өңірде тіршілік ететінінен, негізгі түлігі бұғыға қоса, жылқы өсірумен де айналысатынынан, жерінің асты мен үсті толған қазына байлық екендігінен азын-аулақ хабарымыз бар. Бірақ бәрібір ол ағайындар жайында білетінімізден білмейтініміз көп. Соған көзіміз енді жетіп отыр...
Көрнекті қаламгер Әлібек Асқаровтың жақында ғана жарық көрген «Саха – Якутия. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат» деп аталатын сафари жанрындағы жаңа жолжазба кітабын оқып шыққанға дейін өз басым осы бір таңғажайып ұлт туралы тіпті аз біліп келгенімді анық аңғардым.
Қаламгердің бұл кітапты жазуды қолға алуына 2022 жылғы тамыз айында елімізден барған бір топ қаламгер мен баспагерлер құрамында осы Якутияда өткен өңірлік кітап жәрмеңкесіне қатысуы себеп болған сыңайлы. Сол кезде қонақжай саха бауырларымыз қазақ баспагерлерін жақсы қарсы алып, өздерінің елі мен жерін армансыз аралатыпты. Табиғат тақырыбы о бастан-ақ жанына жақын жазушы сол сапар барысына көрген-білгенін өз оқырмандарымен бөлісуді жөн санаған. Мінеки, соның нәтижесінде бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде осындай танымдық маңызы зор кітаптың қолымызға тиген жайы бар.
Жазушы Әлібек Асқаровтың есімі қалың оқырманға осы кезге дейін тоғыз рет қайта-қайта басылған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романынан бастап өзге де біршама көркем әңгімелерімен және хикаяттарымен жақсы таныс. Сондай-ақ ол жұртшылыққа туған жеріміздің терең тарихы мен көркем табиғатынан жан-жақты сыр шертетін «Алтай: алтын бесік, атажұрт», «Туған жерге туыңды тік!», «Қайырымды Үміт мүйісіне сапар», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Бұғы қуып, аю алған», «Ағажай, Алтайдай жер қайда!» деп аталатын, басқа да деректі тамаша кітаптарымен кеңінен танымал. Әдебиетші мамандар әдетте Асқаровты «Алтай жыршысы», «Сафари жанрының айтулы шебері» деп те жазып жатады. Мұның негізсіз еместігіне осы кітапты оқу барысында біздің де көзіміз жеткендей болған.
Мазмұны танымдық, мәні терең, өн бойы қызықты да маңызды деректерге толы әрі көркем фотосуреттермен көмкерілген, елордадағы «Фолиант» баспасынан сапалы қағазға жұтындырыла басылып шыққан бұл кітап қолына тиген ешбір оқырманды енжар қалдырмасы анық.
Биылғы сәуір айында Астана қаласында алтыншы мәрте өткізіліп отырған Халықаралық Еуразия кітаптары көрмесінің жұмысына Саха елінен «Айар» мемлекеттік баспасының директоры Август Егоров бастап келген бір топ баспагер мен сахалық жазушылар да қатысқан еді. Мінеки, осы айтулы көрме аясында біз сөз етіп отырған кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылып, онда туындымен алдын ала танысып үлгерген әдебиетшілер тарапынан аталған басылым туралы жылы пікірлер айтылды.
Айтса айтқандай-ақ, төрт бөлімнен тұратын жаңа туындысында қаламгер Саха елінің қатал табиғатынан бастап оның халқының кешегі күрделі тарихы мен бүгін де жеңіл деуге келмейтін тыныс-тіршілігі, осы ұлттың қайраткер тұлғалары туралы қадау-қадау тақырыптарды тартымды әңгімелейді. Айтар ойларын жүйелі өрбітіп, оларды нақты деректермен дәйектеп отырады. Соның бәрін осы елді аралап танысу барысында алған өз әсерлерімен ұштастыра баяндап, көркем тілмен өрнектеп, келісті кестелеп шыққанын байқайсың.
Өз бетіңше ден қойып іздесең, бәлкім, бұл кітапта келтірілген көп құнды деректердің бірін табарсың, бірін таппассың. Ал мына кітаппен танысқаннан кейін бауырлас сахалардың талайлы тағдыры мен бүгінгі болмысы туралы тұтастай бір керемет мұңды картина көз алдыңа келгендей болады екен. Бірақ осы кітапты оқу барысында жаратылысынан еңбекқор, оның үстіне ғасырлар бойы қатал табиғаттың қиындықтарымен бетпе-бет арпалыста әбден шынығып, ширығып, шыңдалған қайсар жандармен жақынырақ танысасың. Біреулер үшін аса қолайсыз көрінсе де, өздері үшін жұмақ мекен саналатын туған өлкесін жан-тәнімен сүйетін, ұлттық салт-дәстүрлері мен ана тіліне берік, өткеніне құрметпен, болашағына үкілі үмітпен қарап үйренген саха жұртының келешегі жарқын болатынына сенің де сенгің келеді. Сенесің де, қазақ оқырмандарына туыстас саха халқы туралы осындай салиқалы басылымды тарту етіп отырған қаламгер еңбегіне ризашылықпен рахмет айтасың.
Жоғарыда атап кеткенімдей, жазушы өз кітабында оқырман назарына бүгінде Ресей Федерациясының ең ірі әкімшілік бірлігі саналатын, жер көлемі үш сағаттық белдеуді алып жататын, 1992 жылдан бері ресми түрде «Саха Республикасы (Якутия)» деп аталатын осы дербес құрылымның тыныс-тіршілігі төңірегінде талай-талай маңызды деректерді көлденең тартады. Мәселен, жер көлемі жөнінен Аргентина әлемде 8, ал біздің Қазақстан 9-орынды иемденсе, 3 млн гектардан астам аумақты алып жатқан сахалар мекені осы аталғандардың қай-қайсысынан да біршама үлкен екеніне басқаларды қайдам, өз басым аса мән бермей келген екенмін. Бүгінде барлығы 1 миллионға жетер-жетпес халқы бар республика жұртшылығының тең жартысынан астамы сахалар екенін де осы кітапты оқу барысында ғана білгенімді несін жасырайын.
Сондай-ақ осы туынды арқылы Америка үндістерінің байырғы бабалары бүгінгі тұрып жатқан мекеніне осыдан 12 мың жылдай бұрын Чукотка жақтан ауып барғаны, ол кезде картада бүгінгі Беринг бұғазы болмағандықтан, Чукотка мен Аляска түбектерінің арасы тұтасып жатқандығы туралы дерек те ешкімді енжар қалдыра қоймас дейміз. Тұсаукесер кезінде сөз алғандардың бірі америкалық үндістер мен осы сахалардың кейбір сөздерінің арасындағы ұқсастықты ортаға салуы да қаламгердің кітапта келтірген деректерінің растығын айшықтай түссе керек. Жалпы, автор осы еңбегін жазу үшін көп ізденіп, көп еңбектенгені, талай-талай құнды кітаптарды қопара ақтарып, интернет материалдарын жан-жақты пайымдап, пайдаланғаны байқалады.
Расында да, кеңестік содыр саясаттың салдарынан якуттардың тартқан азабы мен көрген қорлығы біздің қазақтікінен артық болмаса кем болмапты. Оған дәлел – сонау 1928 жылдың өзінде Мәскеу тарапынан арнайы «Якут ұлтшылдығы» деген қаулы қабылданып, сол бойынша осы халықтың да сүт бетіне шыққан қаймақтары түгелдей қалқып алынып, жойылып жіберілген. Олардың да зиялыларының көбі бүгінде жауыздығымен баршамызға жақсы белгілі жаналғыш «үштіктің үкімімен» атылған.
Сондай-ақ кітапта келтірілген деректер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Якут АКСР-інде 411, 8 мың адам тіршілік етіпті. Оның ішінде якуттардың саны 242 080 адамды құраған. Якутиядан сол соғысқа 65 386 адам алынған. Соның ішінен 38 415 адам, яғни әскер қатарына шақырылғандардың 61,3%-ы майдан даласында қаза тауып, өз отбасыларына оралмай қалған. 11 217 адам хабар-ошарсыз кеткен екен. Осылардың бәрін қосқанда Якутия соғыс зұлматының салдарынан өзінің 49 612 азаматынан айырылған. Демек, бұл – майданға алынғандардың 75,9 пайызы қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен деген сөз. Автор бұл деректер бойынша, якуттар соғыс кезінде жау тылында қалып, ең көп шығындалған республика саналатын беларустардың өздерімен салыстырғанда – халықтың жалпы санына шаққанда, барынша көп адамынан айырылған ел болып шығады деген қорытынды жасайды.
Ол ол ма, Якутия сол кезде майданға 50 мың жылқы жөнелтуге мәжбүр болған. Соғыстан кейін де майдан кезінде қираған қалалар мен селоларды қалпына келтіру жұмыстары үшін якуттардан 25 мың жылқы жинап алынған. Сындарлы сәтте Отан үшін кім де болса несін аянып қалсын, алса алған шығар дейсің ғой. Бірақ соның салдарынан республиканың терістік өңірінде бұғы бағып күнелтіп отырған якуттар әупірімдеп қана аман қалғанымен, оңтүстік аймақта тұратын 40 мыңдай халық аштық пен жоқшылықтың салдарынан жойдасыз қырғынға ұшыраған. Кітапта соғыс жылдарында якуттардың жартысына жуығы аштықтан қырылған деген дерек те ұшырасады.
Жазушы саха жұрты туралы әсіре қызығушылықпен және мейірбандықпен ғана емес-ау, үлкен махаббатпен жазғанын айрықша атап өткен жөн. Кітаптың баяндалуы жеңіл, тілі шұрайлы, оқылуы тартымды. Мәселен, одан «Саха ағайындар өзіміздің қаймана қазағымыздан аумай қалыпты. Әсіресе былқымсақ бұлаңдаған қыз-келіншектері айдай нұрлы, аппақ мүсінді, бірөңкей қылыш қас, мойыл қара көздер... Ақша бетеріне жел тимеген, күнге күймеген, көз шағылыстырған сүйріктей сүйкімді арулар. Күнге күйіп торланбаған, бояу жағып борланбаған, көз тартқан көркі, көңіл тартқан қылықтары бар сүмбіле сұлулар!» деген жолдарды ұшыратамыз. Ал бұл енді қаламы төселген прозаиктер ғана емес, айтулы ақындардың да өздері қызыға қарайтындай көркем суреттер емес пе? Мұндай жолдардың сафари жанрындағы деректі шығарма тұрмақ, көркем романның да ажарын айшықтай түсетініне кімнің шүбәсі бола қойсын?
Кітапта якут жазба әдебиетінің негізін қалаушы ақын Алексей Кулаковский туралы парақтарды да тебіренбей оқу мүмкін емес. Оның саха тіліндегі аты-жөні Өксөкүлээх Өлексей екен. Жазушы оның қазақшасын Өлексей Самұрықұлы деп келтіреді. Ол саха жұрты үшін қазаққа өзіміздің Абайымыздай ардақты есім саналатын көрінеді. 1877 жылы дүниеге келіп, небәрі 49 жыл ғұмыр кешсе де, өз ұлты үшін ғаламат істер бітіріп кеткен. Әрине, кітапта саха ұлтының мақтан тұтар өзге де ұлы перзенттерінің аттары аталып, атқарған істері азды-көпті сөз болады. Әттең, бұл шағын мақалада кітаптың бүкіл мазмұнын әңгімелеп шығудың мүмкін еместігін оқырман қауым дұрыс түсінер деген ойдамыз.
Десек те, бұған дейін бақсы мен балгерлерге аса сенімі болмай келген қаламгердің осы елдің атақты шаманының қабылдауынан алған әсері де ешкімді енжар қалдыра қоймас-ау. Себебі ол бір көргеннен-ақ алдына келушінің мамандығы жазушы екенін де, осы кезге дейін қандай сырқатпен ауырғанын да тап басып айтып берген. Саха шамандары туралы түсінігіміз тым үстірт біз үшін мұның өзі де елеусіз өте шығатындай емес, өзінше бір тылсым жұмбақ екені даусыз.
Кеңестік империя келмеске кеткен осынау отыз жылдан астам уақыттың ішінде сахалардың рухани тұрғыдан түлеп, өздерінің ана тілі мен тарихи бастауларына орала бастағаны да оқырманды сүйініш сезіміне бөлемей қоймайды. Мәселен, бүгінде якуттардың 90 пайызы өздерінің ана тілінде оқып, жаза алады екен. Бұл орайда сахалардың, әсіресе кеңес өкіметі ыдырағалы бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде туған тілін меңгеруді толықтай дерлік қалпына келтіріп алған жетістіктері осы мәселеде олқы тұстарымыз ойсырап тұрған біздің қазақ үшін үлгі аларлық өнеге сияқты.
Якутия жерінің алтын мен күміске, алмаз бен гауһарға бай екенін, сондай-ақ мұнда Менделеев кестестіндегі химиялық элементтердің 80 пайызы шығатынын ескерсек, дүние аман тұрса, туысқан халықтың жарқын болашағының әлі алда екендігіне үмітің үстеліп, сенімің арта түседі.
Жоғарыда баяндалғандарға қарап, бұған дейін қазақ пен саха арасында әдеби-мәдени байланыстар болмаған екен деген ой тумауға тиіс. Рас, жазушылар арасындағы барыс-келіс пен жекелеген қаламгерлердің өзара сыйластық, достық қатынастары бұған дейін сирек те болса бой көрсеткен екен. Бірақ саха бауырлар жайында қазақ тілінде бірді-екілі өткінші мақалалар болмаса, індете зерттеп, жан-жақты жазылған жеке кітап әлі шыға қоймапты. Сондықтан бұл кітапты саха бауырларымыз туралы бір дереккөзден алғаш рет жан-жақты түсінік алуға жол ашып отырған маңызды шығармашылық еңбек деп бағалауымызға болады. Оның үстіне осы жылдың басында Саха Республикасының көшбасшысы Айсен Николаев Астанаға арнайы келіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болуы да туысқан екі халық арасындағы достық қарым-қатынасымызға жаңаша серпін беріп отыр. Сол кездесудің нәтижесіндей, жазушының бұл еңбегінің қазір саха тіліне аударылып жатқанын, ол жақта да жеке кітап шығаруға ниетті екенін естіп жатырмыз. Осындай үрдістердің өзі алдағы кезде қазақ пен саха жұртының өзара туысқандық-достық байланыстарын одан әрі нығайта түсуге ықпал етеді деген сенімдеміз. Қаламды қастер тұтып, тынбай тер төгетін әрбір гуманист жазушының мақсатының бірі де осы ғой. Яғни ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастырып, жақсылық атаулыға қызмет ету болса керек. Ендеше, осындай тағы бір маңызды тақырыпқа ден қойып, соны сәтімен атқарып шыққан авторды тың туындысымен құттықтай отырып, шығармашылығына жаңа өрістер тілейміз.
Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ,
ардагер журналист
Астана