• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Маусым, 2023

Операцияның сирек түрі

326 рет
көрсетілді

Алматыдағы Президент Іс бас­қар­масы Медициналық орталығы – Орталық клиникалық ауруха­насының (ОКА) жетекші нейро­хирургі Марат Саршаев Атырауда алғашқы экстраинтракраниалды микротамырлық анастомоз немесе ми артериясын шунттау операциясын жасап, жергілікті мамандарға шеберлік дәрісін өткізді. Мұндай операция жыл басынан бері еліміздің барлық өңірінде жасалып жатыр.

Нейрохирургия бөлім­ше­сі­нің мең­ге­ру­шісі өткізген опера­­ция­ның нәтижесінде бі­телген та­мырдан айналып өтіп, ми артериясындағы қан ағысын қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Дәрігер самайүсті мен мидың орта тамырының арасына анастомоз қояды. Мұндай операция май түйіншектің пайда болуы салдарынан ми артериясы тесігінің симптомдық бітелуі байқалатын науқастарға жасалады. Асқан шеберлікпен жасалатын операция тек қана микроскоп астында жүреді, өйткені тамырдың диаметрі 0,1-0,15 см-ден аспайды, осы майда тамырды 10-12 жерден­ тігу керек. Ендігі жерде Марат Саршаевтың шеберлік дәрісінің нәтижесінде өңірде осындай операция жасау жолға қойылмақ.

Сонымен қатар Атырауда алғаш рет тізе мен жамбас буы­нын­ ауыстыру операциясы да жасалды. Бұл операцияны ат­қа­р­ған ОКА травматология және ортопедия бөлімшесінің мең­ге­ру­шісі Сәкен Молдағалиев айтуынша, әзірге Атырауда осы операцияны жасайтын мамандар мен қажетті жабдық жоқ.

«Буын ауыстыру операциясы бізде 15 жылдан бері жасалып жатыр. Атырауда да мұндай операцияны жасатуды күтіп жүрген кісілердің қатары бар. Технология дамыған қазіргі заманда сынған сүйек пен тізені емдеу бұрынғыдай қиын емес. Израильдегі мамандар тіпті, сүйек пен бұлшықетті қолдан өсіруді үйренген, яғни сүйек пен бұлшықетті толықтай жасандыларымен алмастыратын күн де жақындап келеді. Біз де осы үдерістен қалмай, үйреніп, тәжірибеге енгізіп отырмыз», дейді мамандар.

Әр аймақта өткізіле бас­та­ған Ме­дицина орта­лы­ғы­ күндері озық­ медици­на же­тіс­тіктерін ба­р­шаға қол­же­тім­ді ету мақ­са­тын­да ұйым­дас­тырылып жүр. Ал Аты­рау­­ға «Совмин» ауру­­хана­сы­ның өзінен травма­толо­гия­ және ортопедия бөлім­ше­сі­нің меңгерушісі Сәкен Мол­дағалиев, нейрохирургия­ бөлім­шесінің меңгерушісі Ма­рат­ Саршаев, гинекология­ бө­­лім­­шесінің меңгерушісі Шол­пан­ Әлиева, онкохирургия бөлім­ше­сінің меңгерушісі Ғалия Хоро­шаш­, ақылы медициналық қыз­мет­тер бөлім­ше­сінің мең­геру­ші­сі Дилярам Разиева, нейрохи­рург Дәулет Сүйембетов, невро­лог­ Ақерке Тәуірбекова, гас­троэн­теролог Ләззат Қазан­бае­ва ат­танған еді. Осылайша ал­матылық мамандар Атырауда тізе буыны артроскопиясы мен эндопротездеу, жатыр мен жатыр айналасына лапороскопиялық араласу, экстраинтракраниалды микротамырлық анастомоз, лапароскопиялық адреналэктомия операцияларын жасап, пациенттерге кеңес беріп, әріптестері арасында шеберлік дәрістерін жүргізді.