• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Мәселе 06 Маусым, 2023

Елдің мұңы – жер мәселесі

2625 рет
көрсетілді

Былтыр Жетісуда аэроғарыштық зерттеулер нәтижесінде 857,2 мың гектар бос жатқан жер анықталған. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға алған ірі шаруалар сол жерді ешқандай игілікті іске жаратпаған. Енді 4 166 қожалық иелігіндегі ұлан-ғайыр аумақты мамандар мемлекет меншігіне тапсырды. Биыл да бұл үрдіс жалғасын табады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өңірде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қайтарылған жерді шағын шаруалардың үлесіне беру ойда бар. Кейбір ауданда құжат бойынша иесі бар шұрайлы жерлерге тіпті мал тұяғы тимеген. Ол жерлерді қоршап алып, не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермей, ел-жұрттың бәрін әбігерге салып қойған.

Қазірге дейін мемлекет меншігіне оның 128,5 мың гектары қайтарылды. Нақтылап айтсақ, 121,3 мың гектар жайы­лым, 6,9 мың гектар егістік, 300 гектар шабындық жер. Биыл 220 мың гек­тар пайдаланылмаған жерді мемлекет мен­шігіне қайтару жоспарланып отыр. Жыл басы­нан бері оның 64,8 мың гектары қай­та­рылғаны айтыла бастады. Демек жыл соңына дейін өткен және биылғы жұмыс нәтижесі бойынша 30 пайыз­ға жуық жер қайтарылады деген сөз.

Десек те, бұл бағыттағы жұмыстарды өз деңгейінде атқарып жатқанда, тіпті нақты шаралар қолға алынбаған аудандар да бар. Мысалы, Ақсу, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандарының өткен жылы пайдаланбаған жерлерді қайтару 13,2 па­йызды құраса, Ескелді ауданында бар-жоғы 7,4 пайыз ғана. Президенттің тапсырмасы бойынша ауыл маңына жақын орналасқан жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған соң жоспарға енгізіліп, халық мұқтажына, ал егістік жерлер нақты ауыл шаруашылығы пайдаланушыларына конкурс арқылы табысталуға тиіс еді. Алайда Кербұлақ ауданынан басқа өңірлерде нақты жос­пар бекітілмеген. Салдарынан ауыл тұр­ғындарына мал жаюға қажетті қосымша 688 мың гектар жайылымдық жерді бекітіп бере алмай отыр.

Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевтың айтуынша, бір жарым жыл бұрын заңға енгізілген өзгерістер бойынша жергілікті жердегі әкімдер елді мекендер маңайындағы жайылымдық жерлерді мәжбүрлі түрде ала алады. Ол үшін жайы­лымдарды басқару жоспарын әзірлеу керек. Мұндай жоспар Талдықорған мен Текелі қалаларынан басқа аудандардың ешқайсысында жасалмаған. Бұл өз кезе­гінде жайылымдық жерлерді қайтару жұ­мыстарының баяу жүруіне әкеліп соқтыруда.

Жердің мақсатты пайдалануын қада­ғалау – тікелей ауылдық округ әкімдерінің міндеті. Алайда жергілікті жерлердегі округ әкімдері қадағалау тұрмақ, жер иелерінің артық жерді қандай мақсатта пайдаланып отырғандығынан хабарсыз. Тіпті мемлекет меншігіне қайтарудың заңға сәйкес өзіне жүктелген тікелей міндетін толық атқарудың тәртібін біл­мейді. Себебі ауыл әкімдерінің тарапынан уақытылы мониторинг жүргізілмей­ді және инвест жобалардың іске асыры­луы да бақылаудан тыс қалған. Сондай-ақ аудан, ауылдық округ әкімдерінің жауап­сыздығынан халық арасында нара­зылық туындайды. Бұндай келеңсіз жайттар әлеуметтік желілерде жиі жарияланып тұрады.

 Мысалы, Ақсу ауданының Тарас ауы­лы, Ескелді ауданының Бақтыбай ауы­лы, Көксу ауданының Жамбыл ауылы тұр­ғындарының жер мәселесін көтеріп, шағымданған жазбалары әлеуметтік желілерде таралып кетті. Сонымен қатар өткен жылы Ақсу ауданы әкімдігі та­ра­пы­нан Матай ауылдық округінің қосал­қы жер қорынан заң талаптарын өрескел бұза отырып, 46 мың гектар жерге жүргізілген конкурстың заңсыздығы ауыл тұрғындары арасында үлкен дау-дамайға ұласқандығынан бәріміз хабардармыз. Оның соңы айрандай ұйыған ауыл тұрғындары арасындағы берекесіздікке әкеліп соқтырды. Зардабы әлі жойыла қойған жоқ.

 «Бүгінгі күні ауыл тұрғындарын мал жаюға қажетті жермен қамтамасыз ету мақсатында жайылымдық жерлердің жос­парын аудан, қала әкімдіктері әзірлеп, бекітілуде. Осы жоспарға сәйкес мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер жайылым есебіне алынады. Облыста 117 ауылдық округ, 358 елді мекен бар. Солардың бәрінен шығатын тұяқты малға 688 мың гектар жер керек. Жер әлі де жетіспейді. Осыған орай облыстық мәслихаттың ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының назарына жер қатынастары бойынша бүгінгі күні шешімін таппай отырған мәселелерді ұсынғым келіп отыр. Соның бірі қолдағы мал басы шамадан тыс көп болғандықтан, түгелдей жайылыммен қамту қиын. Күн санап мал басы көбейгенмен жер үл­кеймейді. Себебі жеке ауладағы мал басының шекті мөлшері жоқ. Бүгінгі күні бұл мәселеге өзгеріс енгізіліп, Парламент Мә­жілісінің қарауындағы «Жеке қосалқы шаруа­шылық туралы» заң жобасында да қарас­тырылмаған. Осыған сәйкес жеке аула­дағы мал басының жергілікті жердің ерекшелігіне байланысты шекті мөлшерін бекіту бойынша ұсыныс енгізулеріңізді сұраймыз. Негізі бір аулаға сауылатын 2-5 аналық бас жеткілікті», дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Былтыр облыс аумағында орын алған және барлық жұрт хабардар болып, жаға­сын ұстатқан жағдай басқаларға да сабақ болуы керек еді. Өкінішке қарай, осындай кемшілікті көре тұра Ескел­ді ауданының әкімдігі заң талаптарын өрескел бұзып, биыл 13 сәуірінде Қай­нарлы ауылдық округі аумағынан 225,8 гектар тәлімдік егістікке конкурс өткізіп, салдарынан тұрғындардың нара­зылығын туындатты.

Жергілікті биліктің қателігімен қатар тұрғындардың да жауапкершілігі азайғандығы көріне бастады. Мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдық, егістік, тәлімді жерлерді конкурс бойынша ұтып алған пайдаланушылардың арасынан да мақсатқа сай жұмыс атқармағандары анықталып отыр. Оған Кербұлақ ауданы­ның, Жоламан ауылындағы жер мәселесін айтуға болады. Ал жер дауы бір атаның бала­сының, тіпті бірге туған ағайындар арасын­дағы келіспеушілікті туындатуда. Қаратал ауданы, Қанабек ауылындағы ағайын­дылардың жер дауы да осыған саяды.

 Ірі көлемде жер телімін алып, игермеген латуфундистер де жетерлік. Айталық, Ақсу ауданының, Қапал ауылындағы «Күреңбел» шаруашылығының 10,3 мың гектар жайылымды пайдаланбай отырғаны жайлы ауыл тұрғындары жиі шағымданып жүргенін білеміз. Ал Жер инспектор платформасы арқылы тексеріс жүргізгенде Сарқан ауданындағы «Жетісу биф» ЖШС – 30,1 мың гектар, Алмалы ауылдық округінде – 12 мың гектар, Амангелді ауылдық округінде – 100 гектар, Екіаша ауылдық округінде – 18 мың гектар, Ескелді ауданы, Алдабергенов ауылдық округінде «Агрофирма Жанатов» – 35,9 мың гектар, Қаратал ауданы, Бастөбе ауылдық округіндегі «Текелі Agro Servis» – 25 мың гектар, Балпық ауылдық округінде «Жексембиев» – 16 мың гектар және Байшегір ауылдық округіндегі «Батыр» жеке кәсіпкерлігі 15 мың гектар жерді игермей отырғаны анықталған.

 Бүгінге дейін облыстағы игерілмей жатқан жерлердің 30 пайызын ғана мемлекет меншігіне қайтарғанда осындай келеңсіздіктер орын алды. Демек 857,2 гектар жерді толық меншікке қайтар­ған­ша әлі қанша жаға ұстатар жағдай­дың боларын нақты айта алмаймыз. Демек біз тек игерілмей жатқан жерді қайта­румен қатар осы мәселеде туындайтын келеңсіздіктерді болдырмаудың да шарасын қатар атқара білуіміз керек.

 

Жетісу облысы