Алматыда шахматтан Азия чемпионатының шымылдығы түрілді. Жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын жарыста 18 мемлекеттен келген 128 үздік ойыншы шеберлік байқасуда.
Жарыстың ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Республикалық шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, Азия шахмат федерациясының бас хатшысы Хишам әл-Тахер және өзге де лауазым иелері қатысты. «Халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесі біздің шахмат федерациясының жұмысын нығайтуға, елімізде осы өнерді дамытуға көп септігін тигізеді. Осындай іс-шаралардың арқасында Қазақстаннан әлі көптеген чемпионның шығатынына сенімдімін», дейді Турлов.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан жарыс швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Алғашқы турдың нәтижесінде Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажығалиев, Денис Махнев, Нөгербек Қызыбек, Арнаш Бауыржан, Лия Құрманғалиева, Әмина Қайырбекова және тағы басқа жерлестеріміз жеңіске жетті. Аталған дода 12 маусымда өз мәресіне жетеді.