Париждегі Ролан Гаррос турнирінде Қазақстанның теннисшілері сәтсіз өнер көрсеткені жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз.
Десек те біздің спортшылар бұл жарыстан құралақан оралған жоқ. Францияның бас шаһарына сапар шеккен жеті жерлесіміздің есепшотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 485 мың еуроны құрап отыр. Ең көп олжаға кенелген Юлия Путинцева. 28 жастағы ойыншы жекелеген сайыстың үшінші кезеңіне шыққаны үшін 142 мың еуро алса, жұптық бәсекенің алғашқы айныламында өнер көрсеткені үшін 8,5 мыңды қалтаға басты. Барлығы – 150,5 мың еуро. Теңгеге аударсақ бұл 72,7 миллионды құрайды. Денсаулығының сыр беруіне байланысты үшінші кезеңнен кейін жарысты жалғастырудан бас тартқан Елена Рыбакина 142 мыңды (жекелеген сайыс) місе тұтты. Ал өзге теннисшілеріміздің табысы мынадай: Александр Бублик – 77,5 мың (жекелеген сайыс – 69 мың, жұптық бәсеке – 8,5 мың), Тимофей Скатов – 69 мың (жекелеген сайыс), Александр Недовесов – 21,5 мың (жұптық бәсеке), Анна Данилина – 16 мың (жұптық бәсеке – 13,5 мың, микс – 2,5 мың) және Андрей Голубев – 8,5 мың еуро.